Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда құрылыс компаниясы салымшылардың пәтерлерін бірнеше рет сатып жіберген

Ақтауда тұрғын үй сатып алмақ болып, бастапқы жарна ретінде миллиондаған ақшасын салған тұрғындар үйдің бірнеше рет сатылып үлгергенін аяқ астынан біліп қалды. Салушылар ештеңені жоққа шығармады. Тіпті, барлығы қателесетінін айтып ақталды, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz.

Ақтауда құрылыс компаниясы салымшылардың пәтерлерін бірнеше рет сатып жіберген

«Әлия» тұрғын үй кешенінен үй алмақ болған салымшылардың қолындағы келісім шарттағы мәліметтер өзгелердікімен бірдейі боп шықты. Онда тараптардың құқықтары мен міндеттері ғана емес, пәтерлердің нөмірі де бірдей. Ал  салымшылар пәтер үшін бастапқы жарнаны төлеп қойған. Біреулері 3 миллионнан төлесе, кейбірі 10 миллион ақшасы құйған. Қалған соманы салымшылар 5 жылдың көлемінде төлеп бітуі тиіс екен.

«102 адам алданған. Мұнда миллиондаған ақша жатыр. Сол үшін халық күнде жиналады. Біз кімге жүгініп, кімге шағымданатымызды білмейміз. Бәріміз қарапайым адамбыз. Жинаған ақшамызды салдық. Пәтерін сатып жіберіп, бар ақшасын осы пәтерге салған адамдар да бар», – дейді тұрғын Сафура Шадкам.

Тұрғындардың сөзінше, салушылар өздерінің пәтерлерін бірнеше рет сатып жіберіп үлгерген. Ендігі мән-жайды түсіндіруін талап етіп отыр.

«Менің алған пәтерім – 115-інші. Екі келісім шарт бірдей. Тағы екі адамда дәл осындай құжат бар. Яғни бір менің ғана пәтерім 4 рет сатылған. Кейбірінікі 10 рет сатылып үлгерген. Біз ақшамызды қайтарып беруін талап етіп отырмыз. Алайда олар қазір ақша жоқ екенін, бөлшектеп қайтаратынын айтуда. Бірақ ешқандай кепіл беріп отырған жоқ», – дейді тұрғын Колы Аманиязов.

Ал құрылыс компаниясындағылар мәліметтер базасында ақау болғанын айтуда. Соның салдарынан 160 пәтерге 220 келісім шарт жасалыпты. Осылайша, 60 салымшы «артық» болып қалды. Алайда бәрі анықталғаннан кейін, салымшыларға басқа тиімдірек нұсқалар ұсынылды.

«Қателік болған. Кез келген адам қателеседі. Оны түзетуге болады. Ендігі адамдарға жоғары қабаттағы пәтерлермен алмасуды ұсынамын. Және 3 миллион теңге тұратын тұрақты тегін беремін», – дейді салушы Сәнгүл Аманжолова.

Салымшылар бір ауыздан прокуратураға шағымданып үлгерген. Олар бір қатені бірнеше рет жіберуге болады дегенге сенбейді. Ендігі ақшамызды қайтарып алсақ болды, дейді олар.

Ал құрылысшылар өздеріне уақыт беруді сұрап отыр.  Ол дау тудырған пәтерлерді сатып, ақшаны үй ала алмаған салымшыларға бермек.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау