Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақшам болмады: Жігер Ауыпбаев көзі көрмей қалған інісіне шетелде ота жасатып келді

Жігер Ауыпбаев жақында Стамбұл дәрігерлерінің көмегіне жүгінді. Әншінің өзі дін аман. Ол көз жанарынан айырылған інісіне ота жасатып келген.

Ақшам болмады: Жігер Ауыпбаев көзі көрмей қалған інісіне ота жасатып келді

Бұл туралы Жігер 31 арнаның “Айта берсін” бағдарламасында айтты, деп жазады Stan.kz.

“Бір көзі мүлдем көрмейді, жанары сөніп қалған. Екінші көзі -20 болған. Көзілдірік тағып жүрді. Бірақ онымен 20 пайыз ғана көріп жүрді. Жанымда жүрген кезде алыстағы жазуларды, кейде тіпті алдында тұрған заттарды көрмей қалатын кездері болатын”, – дейді Жігер туған інісі Алмас туралы.

Сөзіне қарасақ, оның шетелдік мамандарға жүгінуден басқа амалы қалмаған. Ал осы уақытқа дейін Ауыпбаевтар отбасының Алмасты емдетуге мүмкіншілігі болмапты.

“Бұл жүре келе пайда болған нәрсе екен. Басында айтпады. Одан кейін бізде де жағдай болмады. Сөздің ашығы, інімді алып барып қарататын бізде қаражат та болған жоқ. Әйтеуір Алла Тағала маған сондай мүмкіншіліктер беріп қойған екен, соның арқасында барып қайттық. Әйтпесе бұрынырақта қаратқанымызда екі көзін де аман алып қалатын жағдай болған. Жоқшылықпен көп нәрседен айырылып қалатынымыз – ақиқат нәрсе”, – дейді Жігер.

Түркиялық дәрігерлердің Алмасқа жасаған отасы сәтті өткен. Әнші бұл операцияға 4 мың долларға жуық қаражат жұмсаған. Мұндай сомманы қарапайым адамдардың қалтасы көтермейтіні анық. Сол себепті Жігер алдағы уақытта мүмкіндігі жоқ адамдардың еміне көмектеспек ниетте.

“Жылына 2 адамды отаға жіберіп тұруға мүмкіндігім бар. Садақа, сауап ретінде жол-пұлын өзім көтеріп, енді соны қолға алсам деп отырмын”, – деп ағынан жарылды Жігер.

Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.

Талқылау