Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
АҚШ-та емделіп жатыр: Қатерлі ісікке шалдыққан бір жарым жасар Алима Көпейдің беті бері қарап келеді
Қатерлі ісікке шалдыққан бір жарым жасар Алима Көпейдің тағдыры тек Қазақстан емес, әлем жұртшылығын алаңдатты. Оның еміне қазақстандық және шетелдік жұлдыздар да ақша аударып жатты. Бүгінде Америкадағы клиникада ем алып жатқан бүлдіршіннің беті бері қарап келеді. Оның ата-анасы жағымды жаңалықтарымен бөлісіп, денсаулығы туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Бүгін бізді ауруханадан шығаруы керек еді. Алайда түнде Алима қатты құсты. Сондықтан дәрігерлер тағы бір түнге клиникада қалдыруды ұйғарды. (…) Ертең, Алиманы Айжанмен (ред. Алиманың анасы) бірге үйге жіберетін шығар. Мұнан кейін не істеу керектігімізді түсіндіреді. Жалпы, ем жақсы өтіп жатыр. Жанама әсері болған жоқ. Қолдауларыңыз үшін рақмет!» – деп жазды Алиманың әкесі Алтай Көпей Instagram-парақшасында.
Көпейдің айтуынша, олар Алиманы күн сайын ауруханаға апарып тұрады. Алайда ендігі бүлдіршін отбасымен бірге көп уақыт өткізетін болады.
«Химиотерапиядан кейін бізді ауруханадан шығарған бойда диагностика жасайды. Мұнан соң әрі қарай қандай ем жасалатыны туралы шешім қабылданады. Мүмкін бірден ота жасайды немесе емнің жаңа түрін тағайындайды. Нәтижесін күтудеміз», – деп жазды ол.
Бұған дейін Алиманың анасы Айжан Көпей қызының денсаулығындағы оң өзгерістер туралы айтқан еді.
«Ең басты жаңалық: рентгеннің суретінде қызымның кеудесінде метастаздар байқалмайды. Сенесіздер ме? Рентгеннің ескі және жаңа суретін көрсетті. Әрине, бұл олардың мүлдем жоқ боп кеткенін аңғартпайды. Бастысы – олар кішірейіп келеді әрі ем әсер етуде. Шынымды айтсам, мұндай жаңалықты естігенде не жыларымды, не күлерімді білмедім», – дейді Айжан.
Айжан Көпейдің сөзінше, Алиманың жағдайы жақсарып, оң өзгерістер де байқалуда.
«Алима 4 ай бойы отырған жоқ. Кореяға келмей тұрғанымызда, ауруы жанына батса да отырып жүрген. Бүгін сол уақыттан бері алғаш рет өзі отырғысы келді. Ағасы сияқты аяғын салбыратып отырғысы келетінін білдірді. Бұлай отырғанынан өзі де қуантып, аяғын әрі бері қозғалтып қояды. Қолда барда, қадірін білмейсің. Ал мүмкіндіктен айырылған кезде, балаңның жай ғана отырғанының өзі бақыт екенін сезінесің», – дейді Айжан.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін денесінің 50 пайызы қатерлі ісікпен зақымдалған Алима Көпейдің анасы дәрігерлер үшін опық жегенін айтқанеді.