Ағайынды екі жігіт бар болғаны 12 секундта 25 млн доллар ұрлаған
Беделді Массачусетс технологиялық институтын (MIT) бітірген екі ағайынды бар болғаны 12 секундта 25 миллион АҚШ долларлық Ethereum криптовалютасын ұрлады деп айыпталып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды
Фото: GETTY IMAGES
24 жастағы Антон Пере-Буэно мен 28 жастағы Джеймс Пере-Буэно алаяқтық және ақшаны жылыстату бабы бойынша айыпталып отыр. АҚШ әділет министрлігі тонаудың бұндай түрі бірінші рет болғанын айтты. Прокурорлардың айтуынша, ағайындылар ұрлықты 2023 жылдың сәуір айында жасаған.
“Ағайындылар Ethereum криптовалютасымен 25 миллион доллар ұрлады. Олар қылмыстық әрекеттерін бірнеше ай әзірлеген және санаулы секундта жүзеге асатын озық, күрделі технологиялық схеманы қолданған”, – деді бас прокурордың орынбасары Лиза Монако.
Прокурорлардың айтуынша, ағайындылар жымысқы ойларын іске асыру кезінде өздері білім алған әлемдегі ең беделді университеттердің бірінде үйренген тәсілдерді пайдаланған.
Олар алаяқтық жолмен жүйедегі аяқталмаған транзакцияларға шабуыл жасаған. Содан кейін оларды жол-жөнекей тоқтатып құрбандарының криптовалютасына қол жеткізген. Процесс бар болғаны бірнеше секундқа созылған.
“Айыпталушылардың схемасы блокчейн технологиясының тұтастығына күмән келтіреді”, – деді прокурор Дэмиан Уильямс.
Ethereum өкілдерінің айтуынша, ағайындылар ұрланған қаражатты қайтарудан бас тартып, оларды жылыстатуды қолға алған.
Енді айыпталушылардың әрқайсысы 20 жылдан астам уақыт бас бостандығынан айырылуы мүмкін.