Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмолалық азамат алғашқы махаббатын 50 жасында жолықтырып, отбасын құрды

Махаббат – құдіретті күш. Оған ешқандай шектеу жоқ. Жастың үлкен-кішілігі һәм ерте-кеш отау құрудың еш айыбы жоқ. Бүгінде жас ерекшелігі 15 жас  кішілігі болса да, Ербол мен Әсел есімді жұбайлар наурыз айының 21-і ұлыстың ұлы күні шаңырақ көтерді. Өздері жайлы ерлі-зайыптылар толығырақ Stan.kz сайтының аймақтағы тілшісіне айтып берді.

WtEzR86IaGw

– Мен Нугманова Әсел Ақылбаевна 1982 жылы Ақмола облысы, Зеренді ауданы, Бәйтерек ауылында дүниеге келдім. Көкшетау қаласындаға Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік универститетінің орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі мамандықтары бойынша аталмыш оқу орнын тәмамдадым. Қазіргі таңда Кіші Түкті ауылындағы негізгі мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беремін. Ал жұбайым Ербол 1967 жылы Ақмола облысы, Зеренді ауданы, Қарашілік ауылында туған. Электрик мамандығы бойынша оқуын тәмамдап, Кіші Түкті ауылындағы жекеменшік шаруашылықта жемісті жұмыс атқарып келеді.

– Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді демекші, болашақ жарыңызбен қалай таныстыңыз?

– Мен Ерболмен 2015 жылдың ақпан айында таныстым. Біздің таныстығымыз өте қызық болды. Мен пәтер жалдап тұрып жатқан үйдің жарық есепшотын ауыстыру қажет еді. Үйдің қожайыны электрик деп Ерболды шақырды. Міне, біз осылай танысып, кейіннен қоян-қолтық сөйлесіп, жақынырақ араласып кеттік.

– Маңдайыңызға жазылған адамды осы уақытқа дейін күтуге не себеп болды?

– Ол жағын нақты білмеймін. Бәлкім, тағдыр шығар. Менің маңдайыма жазылғаны осы деп ойлаймын әрі шексіз ризамын.

– Құдай қосқан жарыңызбен ортақ армандарыңыз қандай?

– Армандарымыз өте көп. Оның қайсыбірін тізіп айта бересің? Бірақ, ойлаған ойымызға жетеміз деп сенемін. Ең басты арманымыз – бақытты әрі үлгілі отбасы болу.

– Адамның жасы келген сайын романтик болады. Жұбайыңыз сізге арнап қандай тосын сыйлар жасады?

– Әзірге ешқандай тосын сыйларды қабылдап көрмеппін. Алайда, болашақта болады деген үміттемін. Менің жұбайым өз ішінде романтик оны сыртқа білдіргісі келмейді.

– Той барысында барлық салт-дәстүр орындалды ма?

– Иә, негізгі салт-дәстүрлердің бәрі орындалды. Құда түсу, сырға салу, беташар рәсімі сынды дәстүрлі жол-жоралғылардың бәрі болды. Үйлену тойымыздың соңында гүл де лақтырдым. Ештен кеш жақсы демекші, барлықтарыңызға кеш болсын, өз жүрек сыңарларыңызды тауып, отау құрғандарыңызды тілеймін.

Назым Сапарова, журналист
Ақмола облысы, Зеренді ауданы

 

Талқылау