Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Баланы соққыға жыққан әкім 36 мың теңге айыппұл төлейді

Ақмола облысының аудандық соты Қорғалжын ауылының бұрынғы әкімі Жанат Омаровтың мектеп оқушысын ұрып-соғуына қатысты қозғалған атышулы іс бойынша шешім шығарды.

Ақмола облысында жасөспірімді ұрып-соққан бұрынғы әкім кінәлі деп танылды

Бұл туралы Sputnik Қазақстан-ға сілтеп, Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Естеріңізде болса, БАҚ-та ауыл әкімі мектеп оқушысын ұрып-соқты деген ақпарат тарап кеткен болатын. Жасөспірімнің анасы баласының 2018 жылдың 22 ақпанында Қорғалжын ауылының әкімі Жанат Омаровтың 12 жасар ұлын ұрып қойғанын айтты. Әйелдің айтуынша, осы оқиғадан кейін таяқ жеген баланың әкесі интернатқа келіп, оның ұлына қол көтерген. Нәтижесінде жасөспірім есінен танып, аудандық ауруханаға түскен. Ал, 25 ақпанда әкімнен таяқ жеген бала Астанадағы емханаға жатқызылды. Содан кейін, Қорғалжын ауданының полициясы кәмелетке толмаған адамның денсаулығына зиян келтіргені туралы қылмыстық іс қозғады, бірақ кейінірек бұл іс тоқтатылды.

Тергеу аясында жүргізілген екі бірдей сот сараптамасы жасөспірімнің денсаулығына зиян келтіргенін көрсетті. Алайда, «Денсаулыққа қасақана зиян келтіру» бабы 2017 жылы қылмыстық кодекстен алынып тасталғаннан кейін, қылмыстық іс тоқтатылған. Бірақ, баланы ұрған әкімнің үстінен «Адам денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіру” бабы бойынша хаттама толтырылды.

Құқық қорғау органдарының мұндай шешімі мектеп оқушысының ата-анасын ашуландырды. Олар бұрынғы әкімнің әдейі жазадан босатылғанын айтып, шағымданды. Оған қоса аймақтық шенеуніктер тергеудің аяқталуын күтпестен, ауыл әкімін тез арада қызметінен босатып жіберген.

Бүгінде бұл атышулы іске қатысты Ақмола аудандық соты шешім шығарып, экс-әкімге жаза тағайындады.

«Сот шешімімен Жанат Омаров “Тән ауруына ұшыратқан, бiрақ денсаулыққа жеңіл зиян келтiруге әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерiн жасағаны” үшін кінәлі деп танылды. Оған жаза ретінде 15 АЕК мөлшерінде (шамамен 36000 теңге ) айыппұл салынды. Бұл бұйрық бойынша айыпталушы 15 АЕК көлеміндегі айыппұл төлейді немесе әкімшілік қамауға алынады», – делінген Ақмола облыстық сотының хабарламасында.

Айта кетейік, сот тағайындаған қосымша сараптама жасөспірімнің денсаулығына жеңіл-желпі зиян келгенін анықтаған. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау