Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Ақмола облысында мемлекеттік бағдарламамен берілген жаңа үйдің іші көгеріп, есік-терезеден жел ызғып тұр
Ақмола облысына қарасты Ерейментау ауданындағы мемлекеттік бағдарлама бойынша баспанаға қол жеткізген жұрт наразылық білдірді. Себебі жылдар бойы зарығып жеткен үйлерінде жылу, су және жарық мәселесі реттелмеген. Бес қабатты үйді тұрғызған мердігер құрылыс жұмыстарын шала атқарып, кетіп қалыпты. Бұған қарамастан әкімдік халыққа сапасыз салынған пәтерлерге «кіре беріңдер» депті.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Күздің қара суығы кіріп, балалар ауырып жатыр. Арасында бірде-бір цемент ерітіндісі жоқ. Арасының бәрінен жел соғады. Қабырғамен терезенің арасына өзіміз ағаш қақтық», – дейді тұрғын.
Айжан Жүсіпова пәтері үшін бірнеше жыл кезекте тұрып, ақша жинапты. Толық салынып бітті деген баспанасының қисық орнатылған есік-терезесін былай қойғанда, едендегі төсенішке дейін алмастыру керек.
«Мынау деген Сарыадырдың құрылысқа жарамсыз кірпіштері. Мұны шығаруды тоқтатып тастаған еді. Енді содан бізге үй салып беріп отыр. Ертең бұл қалай болады, бір Алла біледі», – дейді тұрғын Айжан Жүсіп.
Құрылысты бақылаған тұрғындардың айтуынша, үйдің іргетасы кеуіп болмай мердігер компания жұмысты бастап кеткен. Балкондары қалай болса солай салынған. Жаңбыр жауса, оған су кіріп кете беретін көрінеді. Ал үйдің айналасында тұрмыстық қалдық, қоқыстар толып жатыр.
«Ертең қыста бұл бес қабатты үй құлап қалады. Фундаменті бір айға да шыдамады. Олар адамдарды алдап кетті», – дейді тұрғын Борис Леонтьев.
Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйдың құрылысы алты жыл бұрын басталыпты. Мердігерлері ауысып, сағызша созылған жұмыстар біткенде жергілікті шенеуніктер үйді қабылдап алып, пәтер кезегін күткендерге кілттерін үлестірген. Алайда баспананы көрген бетте жұрттың қуанышы су сепкендей басылыпты. Себебі есік-терезесі алқам-салқам, барлығына ең арзан материалдар қолданылған.
«Үйге кіргенде бөлмелерді қарап шықтым. Өзім құрылыспен айналысқан соң, жағдайдың бәрін білемін. Былай қарағанда бәрі ең арзан материалдан істелінген. Есік-терезелердің барлығы ең арзан», – дейді тұрғын Аманғали Мұстафин.
Көп қабатты үйде мұнан басқа да түйткілдер де жетіп жатыр. Судың қысымы жоғары қабатқа дейін жетпейді. Тұрғындардың ешбірінде үйдің құжаттары жоқ. Ал сапасыз үйді қабылдап алып, елді зар жылатқан әкімдік мұның бәріне мердігер компанияны кінәлайды.
«Біз құрылысты сеніп тапсырған мердігер компания бізді осындай ұятқа қалдырды. Жұрт есік терезелердің дұрыс орнатылмағанын, сапасыз құрылыс, монтаж жұмыстарына шағым айтып жатыр. Кемшіліктердің барлығын білеміз, көзімізбен көріп те келдік. Қазір біз мердігер компанияны сотқа беруге барлық құжаттарды жинап қойдық», – дейді Ерейментау ауданы әкімінің орынбасары Алик Манадыров.
Әкімдік пен құрылыс компаниясы арасындағы текетірес немен бітетіні белгісіз. Бірақ әкім орынбасары үйдің құжаттарын үш күннің ішінде тұрғындарға беретінін айтып, сөз берді.
«Үш күннің ішінде алады құжаттарын», – дейді Ерейментау ауданы әкімінің орынбасары Алик Манадыров.
Бес қабатты үй пайдалануға берілгенмен, оның жартысы әлі бос тұр. Себебі жұрт ыстық суы мен жылуы жоқ пәтерлерге қоныстанудан қорқып, жалдамалы үйлерінде тұрып жатыр екен. Ал мұнда көшіп келіп, сан соғып қалған тұрғындар жоғарғы сот пен прокуратураға арызданыпты.