Ахметжан Есімов: ЭКСПО-2017 билеттері кинотеатр билеттерінен қымбат емес
Келесі жылы елімізде бірнеше мемлекеттің басын қосатын айтулы шара – EXPO-2017 көрмесіне билеттердің құны кинотеатр билеттерінен айтарлықтай қымбат болмайды.
Сурет kazpravda.kz
Бұл туралы bnews.kz хабарлайды.
10 маусымда «Астана ЭКСПО 2017» халықаралық көрмесіне билеттерді онлайн сату басталады. Ал кассаларда шамамен тамыз айында саудаланады. Бұл туралы «Астана ЭКСПО 2017» ҰК» АҚ қоғамдық кеңесінің отырысында барысында Ахметжан Есімов мәлім етті.
“Нақты билет құнын таңдалып қойылған оператор белгілейді. Жалғыз ғана айтарым, билет құны кинотеатр билеттерінен айтарлықтай қымбат болмайды.Халықаралық көрмелер бюросымен ең арзан баға жөнінде келісімге қол жеткіздік. Мұны қазақстандықтар көрмені барынша тамашалауы үшін жасап отырмыз”, – деді «ЭКСПО-2017» басқарма төрағасы Ахметжан Есімов.
Сонымен қатар, Есімовтың айтуынша, басқарма көрмені халықаралық деңгейде насихаттаумен қарқынды айналысып жатыр.
“Бұл басты бағыттарымыздың бірі. Ол үшін әлемдік ірі шаралар, әлемдік жетекші БАҚ-тар пайдаланылуда. Бүгінгі күні шаралар мен медиа бойынша қамту 200 млн адамнан асады, жылдың соңына дейін 500 млн-ға жеткізуге тиіспіз. Көрме басталғанға дейін бүкіл әлем бойынша 900 млн адамға дейін жеткіземіз. Халықаралық қауымдастық көрмеге үлкен қызығушылық білдіруде. Бүгінде 84 ел және 14 халықаралық ұйым қатысатындығын растады. Ал жалпы көрмеге кемінде 100 елді тартуымыз керек. Ол межеге жетеміз деген ойдамын, өйткені 84 елдің қатарына жекелеген бағдарламалар бойынша келетін 20 дамушы елдерді қосуға болады”, – деді «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің төрағасы.