Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әділбек Ниязымбетов: Ақша бізге оңай жолмен келсе, неге елдің бәрі Олимпиада чемпионы болып кетпейді

Екі олимпиада ойындарында қатарынан күміс жүлде алып, елге қуаныш сыйлаған боксшы Әділбек Ниязымбетов сұхбат беріп, соңғы жаңалықтарымен бөлісті. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

20170615160001

Айтуынша, боксшы жарақатынан айығып, енді-енді қатарға қосыла бастаған. Жарақаттың кесірінен күзде болатын әлем чемпионатына да қатыса алмайды екен. Боксшы ірі жарыстарға келер жылдың басынан бастап қатыспақ. Осы ретте спортшы өзінің жеке өміріне қатысты да тоқтала кетті.

“Бір тойым болатыны сөзсіз менің, Дәл қай күні екенін айта алмаймын. Бірақ… бірақ… Ешкімді де билетпей қайтармаймын» деп жырлағаны сияқты мен де дәл қай күні той болатынын айта алмаймын. Бірақ, тойым болған күні келген қонақтарымның ешқайсысын билетпей қайтармаймын. Әзірге ешкімнің құлағына сырға сала қойған жоқпын.

Жақында ғана боксшыға жергілікті әкімдік екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс еткен болатын. Осыған қатысты әңгіме қозғай келе, спортшы алақан жайып көмек сұрайтын ағайындарға қатысты да пікірін білдірді.

“Негізі, қазақта «садақа шығару», «жетім-жесірге көмектесу», «мұқтаж жандарға қолұшын беру» деген жақсы қасиеттері бар. Бұл қасиеттер қанымызға ананың сүтімен сіңген. Өз басым қанша қайырымдылық жасасам да біреуге «мен бұйттім, сүйттім» деп жарнамалағым келмейді. Әйтпесе, Маңғыстау өңірінде тоққа соғылып, күйіп қалған жас балаға қаржылай көп көмектестім. Олимпиададан кейін өз ауылымда жағдайы төмен 32 отбасыға да қаржалай көмек қолымды создым. Басқа да көптеген ұйымдардың ұйымдастыруымен өткен қайырымдылық шараларына қатыстым. Оның барлығын жіпке тізген маржандай айтудың керегі жоқ. Ал кейбір адамдар оңай жолмен ақша тапқысы келеді. Бұл дұрыс емес. Бізге мемлекет жай бере салған жоқ қой. Ол сыйақылар – біздің төрт жыл үй бетін көрмей, жасаған жаттығуымыздың, төгілген маңдай теріміздің жемісі. Ол ақша бізге оңай жолмен келсе, неге елдің бәрі Олимпиада чемпионы болып кетпейді. Жақында бір әйел кісі телефоныма «Алты балам бар, өзім де, күйеуім де жұмыссызбыз. Маған ақшалай көмек керек» деп жазып жіберіпті. Бұл дұрыс емес. Күйеуі не үшін алты бала тудырды, неге енді өзі жұмыссыз жатыр? Өзі істесін, бақсын балаларын. Егер жолдасы белгілі бір себептермен «қайтып» кеткен жалғыз басты ана болса, не болмаса баласы бір ауыр дертке шалдығып, шын көмек керек болса неге көмектеспеске. Ондай жандарға қолұшымды аямас едім. Мен мұндай жағдайдың бірін ғана мысал ретінде айтып отырмын. Кейде қол-аяғы балғадай жігіттер де кездеседі. Ол кезде өзің ұяласын”, – дейді Ниязымбетов.

Оқи отырыңыз:

Қазақстанның үздік бапкерлері мен ойыншылары анықталды

Қазақстандық әртістер құрамасы футболдан әлем чемпионы атанды (фото, видео)

Қуат Найман: Димашқа Қайраттай болу үшін әлі біраз еңбектену керек

Геннадий Головкин ағасымен бірге Алматыға келді

Талқылау