Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әбдіжәміл Нұрпейісов: Жазушы неліктен Ұлы Отан Соғысынан алған 3 орденін қоқысқа тастап жіберген

Жазушылық қабілеті түркі халықтарынан асып, Еуропаны мойындатқан қаламгердің бірі Әбдіжәміл Нұрпейісов. 94  жастағы Әбдіжәміл Нұрпейісов 20 ғасырда әдебиеттің дамуына сүбелі үлес қосқан жазушы. Бүгінде Stan.kz қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан қаламгердің өмірінен сыр шертеді.

Әбдіжәміл Нұрпейісов: Жазушы неліктен Ұлы Отан Соғысынан алған 3 орденін қоқысқа тастап жіберген

Әбдіжәміл Нұрпейісовтың әйгілі «Қан мен тер» романы мен басқа да шығармалары әлемнің 30 тіліне аударылып, тараған. Ол Мұхтар Әуезов, Жұбан Молдағалиевпен бірге мемлекеттік сыйлық лауреаты атағын алған үш қазақ жазушысының бірі. Арал өңірінің тумасы кезінде Ұлы Отан Соғысына да қатысқан. 

Қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысың Арал ауданына қарасты Құланды поселкесінің Үшкөң ауылында дүниеге келген. 1942 жылы орта мектепті бітірісімен әскер қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысты. Сөйтіп, 1943 жылы лейтенант дәрежесін алады.

Ол әдебиет әлеміне осы қанды қырғыннан кейін келді. Әбдіжәміл Нұрпейісов соғыстан қайтқанда бірден туған ауылына соқпай, жол қапшығындағы қолжазбаларын арқалап Алматыдағы ақсақал жазушылардан бата алуға барады. Сонда Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафиндер соғыстан оралған солдаттың 12 беттік қолжазбасын оқып, батасын берген. Ақсақал жазушылардың батасын алғаннан кейін туған өлкесіне барған Әбдіжәміл Нұрпейісов есік-терезені жауып алып, ойына келгенін алдындағы ақ қағазға түсіре бастайды. Мұны бітіргеннен кейін әдебиеттану институтына түсіп, онда 5 жыл оқиды. Сауаты ашылып, әдебиет дегеннің қандай өнер екенін түсінеді.

Әбдіжәміл Нұрпейісов: Жазушы неліктен Ұлы Отан Соғысынан алған 3 орденін қоқысқа тастап жіберген

Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтың батасын алған ол шығармасын акоп шындығын баяндаудан бастайды. Майданда жаны жараланған солдат көзбен көріп-білгенін роман етіп жазады. Осылайша, алғашқы шығармасын бірден сүйекті жанрдан, «Курляндия» атты романмен бастайды. Өзге қаламдастарынан да осы ең қиын жанрды таңдауымен ерекшеленді.

Нұрпейісов «Курляндия» романын жазып болып баспаға берген соң, Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Онда ол 1 жыл оқиды. Содан кейін 1954-56 жылдары Мәскеудегі Горький атындағы Әдебиет интитутында білім алады. Нұрпейісов тырнақалды кітабы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлықтың лауреаты атанады.

Дегенмен, қаламгер проза саласында ғана жемісті еңбек еткен жоқ. Ол публицистикалық мақалалар да жазып, өткір сынымен де көзге түсті.  

Қаламгер кейіннен тұңғыш туындысы «Курляндия» романын өңдеп, толықтырып, 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен қайта шығарады.
1962-1964 жылдар аралығында «Жұлдыз» журналының бас редакторы қызметінде болады.

Әбдіжәміл Нұрпейісов: Жазушы неліктен Ұлы Отан Соғысынан алған 3 орденін қоқысқа тастап жіберген

Жазушы Отан тақырыбына жазылған алғашқы туындысы «Курляндия» романынан кейін «Қан мен тер» трилогиясын жазып, сол кездегі одаққа қазақ деген халықтың талантты ұлы екенін дәлелдеді. Сөйтіп, жазушы 1947 жылдан әдебиетке араласа бастайды.

Қоғамның дерті мен дауасын тамыршыдай дөп басқаннан болар, замандастары Нұрпейісовты алға озыңқырап кеткен классик деп атады. Ол әр шығармасында кейіпкердің ішкі жан-дүниесін ашу арқылы адамзат жаратылысына бойлай үңіледі. Сондай соны дүниенің бірі «Қан мен тер» трилогиясы.  

Қабілет қарымы әлемдік мәселелерді толғау деңгейіне көтерілген жазушы бұдан кейін «Соңғы парыз» романын дүниеге әкеледі. Осы туындысы арқылы Арал экологиясына дүниежүзі қайраткерлерінің назарын аударды. Арал өңіріне әлемдік қайырымдылық қорларынан қаржы аудартып, туған жерге деген перзенттік парызын да өтеп келді. 

«Қан мен тер» трилогиясы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің табысы. Бұл ел, халық, оның әлеуметтік тағдыры туралы шығарма. 1978 жылы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тері» романының желісі бойынша 2 бөлімнен тұратын кинотуынды түсірілген. «Қан мен тер» туындысы сол заманда көрерменнің көңілінен шыққанымен, әттеген-ай деген де тұстары болды. Жасыратыны жоқ, бұл фильм трилогия авторы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың көңілінен мүлде шықпаған. Себебі, аталмыш фильм автордың қаламының қарымын толық көрсете алмады. Фильмнің сәтсіз шығуына тағы бір жайт әсер етті. Кинотуынды кейіпкері Еламанның әйелі Ақбаланың рөлін мамандығы актер емес, заңгер Гүлмира Шойбекова сомдаған. 

«Қан мен тер» шынымен де үлкен еңбекті қажет еткен картина болды. Автор бұл туындыны әлі күнге дейін түзетіп, өңдеуден жалыққан емес. Деректерге сүйенсек, Нұрпейісов трилогияны осымен 20 рет қайта жазып шыққан. 

Әбдіжәміл Нұрпейісов: Жазушы неліктен Ұлы Отан Соғысынан алған 3 орденін қоқысқа тастап жіберген

Күллі қазақ әдебиетінің табысына айналған трилогия туралы көптеген шетелдік және отандық жазушылар да жоғары баға берді.

Мәселен, туынды туралы Лев Аннинский «Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» атты осынау үш кітапта алып әлем бейнесі сомдалған. Қазақ әдебиетіне көркемдік қуаты зор ұлттық эпопея келіп қосылғаны анық. Нұрпейісов романы – дала психологиясының энциклопедиясы. «Қан мен тер» - ұлттық ғарышқа тән мінез, деген баға берді. 

Лев Аннинский осындай баға берсе, Луи Арагон «әрі терең, әрі шөлдегі бір ащы сулы шыңыраудай осы роман қазіргі таңдағы әлемнің ірі туындыларымен иық тірестіре алады. Мейлі ол америкалық, мейлі ол француздық болсын» дейді.

«Қан мен тер» үш кітаптан тұратын көлемді туынды. Шығарма ел, халық тағдыры турасында. Романда Арал балықшыларының өмірі бейнеленеді. Басты кейіпкер Еламан тағдырындағы өзгеріс кездейсоқ оқиғадан басталады. Тентек шодыр атанған Феодоров әлі дұрыстап қата қоймаған теңізге балықшыларды зорлап айдап салады. Ақыры мұз жарылып, балықшылардың көбі батып кетеді. Сонда Еламан суға кеткен балықшыларды сұрастырмай, ауын жоқтап тұрған дүниеқоңызды ашу үстінде өлтіріп қояды. Осылай кездейсоқ оқиға орын алады. Еламан кісі өлтіремін деп ешқашан ойлаған емес еді. Ол жуас, ақпейілді адам.

Жалпы, бұл шығармада тағдыры сан алуан 200-ге тарта кейіпкер бар. Түрлі мінез арқылы жазушы адам бар болмысына асқан шеберлікпен талдау жасайды. Олардың барлығына жаңа заман, жойқын дүрбелең әсер етті. Еламан елдің жайын көп ойлайтын жан. Қаламгер оның бейнесін монолог арқылы шебер жеткізеді.

Әбдіжәміл Нұрпейісов: Жазушы неліктен Ұлы Отан Соғысынан алған 3 орденін қоқысқа тастап жіберген

Әбдіжәміл Нұрпейісовтың әдеби принциптерінің бірі кейіпкер мен оқиғаның шынайылығында. «Қан мен тердегі" көптеген образ өмірде болған адамдар. 

Осындай туындыны өмірге әкелген Нұрпейісовтың мінезі ерекше. Ол мақтағанды ұнатпайтын жан. Қаламгер, мені мақтайтын болсаңдар орнымнан тұрамын да кетіп қаламын деп, шығармашылығын бағалайтын адамдарға талап қояды екен. Нұрпейісов тіпті, Ұлы Отан Соғысынан алған 3 орденін, парт билетін ортасынан қақ бөліп, қоқысқа тастай салған. 1924 жылы туған жазушы ес біліп, етек жиған кезінде бүкіл халықтың ашаршылыққа ұрынғанын, қор болып, қоңыз теріп кеткенін көзбен көрген ұрпақтың өкілі. Соны көрген жазушы Кеңес Одағынан жерінді, оның берген атақ-абыройынан да бойын аулақ ұстады.

«Айдың күні аманында елді соғыссыз сондай жағдайға алып келген бүкіл елді басқарған компартия халықты қиындыққа душар қылды. Қор қылды. Ол тіпті, айтып-түгесуге болмайтын теңіздей қасірет. Мінеки, соны көрген жазушының Совет Одағының берген ордендерін де, компартияның билетін де ортасынан қақ бөліп, қоқыс жәшікке лақтырған себебі де сол»,- дейді жазушы Смағұл Елубаев Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы.

Әбдіжәміл Нұрпейісов: Жазушы неліктен Ұлы Отан Соғысынан алған 3 орденін қоқысқа тастап жіберген

Әбдіжәміл Нұрпейісов классикалық әдебиеттің көзі тірі ірі өкілі. Ол 19 ғасырдағы Толстойдың, Түргеновтың, 20 ғасырдағы Шолоховтың, әлем әдебиетіндегі ұлы жазушылардың көзі тірі өкіліндей.

Нұрпейісов керемет жазушы ғана емес, сондай-ақ шебер аудармашы. Ол Чеховтың, Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы Кэсоның шығармаларын қазақ тіліне аударған. 

Әбдіжәміл Нұрпейісов өзінің туған өлкесі Арал айдынының тарылып бара жатқанына алғаш болып қабырғасы қайысқан адам. Жазушы ол туралы айтып қана қоймай, бірнеше рет баспасөзде де жазды. «Огонек» журналында Аралдың сарқылуына тікелей кінәлі адамдарды лауазымына қарамай жағасын алды. Қабілет қарымы әлемдік деңгейлегі мәселелерді толғауға дейін көтерілген қаламгер «Қан мен терден» кейін «Соңғы парыз» романын жазып, Арал экологиясына дүниежүзі қайраткерлерінің назарын аударды. 

Бұл туындылардан бөлек, 1985 жылы жазушының «Ақбидай туралы аңыз» атты тағы бір еңбегі, яғни очерктер жинағы оқырман назарына ұсынылды.

Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы мен «Соңғы парыз» дилогиясы күллі қазақ әдебиетінің табысы. Әрине, ұлтына осындай асыл қазына сыйлаған жазушының ерен еңбегі елеусіз қалмады. Ол елдің, мемлекеттің жоғары бағасына ие болып, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», Қазақстан мемлекетінің «Отан» орденімен марапатталды.

Ал өткен жылы, 2018 жылдың 16 қарашасында Әбдіжәміл Нұрпейісов ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Ол кездесуде қазақ  қаламгерлерінің ақсақалы мен Назарбаев мәдениет саласының қазіргі жағдайы жөнінде пікір алмасып, отандық әдебиетті одан әрі дамытудың перспективаларын талқылады.

Әбдіжәміл Нұрпейісов: Жазушы неліктен Ұлы Отан Соғысынан алған 3 орденін қоқысқа тастап жіберген

Талқылау