Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аарон Рэмси гол соқса, танымал адамдар дүниеден өтеді

Ағылшындық “Арсеналдың” жартылай қорғаушысы Аарон Рэмзи тұрақты гол соғатын футболшылардың қатарынан емес. Бірақ, ол гол сала қалған кезде міндетті түрде әлемге танымал бір тұлға қайтыс болады.

image_11240

Деректер былай сайрайды. Мәселен, Рэмзи 2011 жылы “Манчестер Юнайтед” қақпасына гол салғанда Бен Ладен дүниеден өтті. Ал, 2011 жылдың 5-ші қазанында ол “Тоттенхэм” қақпасын дәл көздеген күні әйгілі Стив Джобс дүние салды. 2011 жылдың 20-шы қазанында оның “Марселю” командасына гол соғуы мен Муаммар Каддафидің өлімі тұспа-тұс келді.

Бұл біртүрлі “дәстүр” 2012 жылы да жалғасты. Сол жылдың 11 ақпаны күні Рэмзи “Сандерлендке” гол соғып жанкүйерлерін қуанышқа бөлей алды. Алайда дәл сол күні әлемге танымал әнші Уитни Хьюстон өмірден озып, әлем күңіренді.

2013 жылдың 16 мамыры күні “Уиган” қақпасының кілтін таба алды. Тиісінше, дәл осы күн Аргентинаның соңғы диктаторы Хорхе Виделаның көз жұмуымен де есте қалды.

Оның бұл сәйкестігі клуб ғана емес, ұлттық құрама сапында да “өз күшінде тұрды”. 2013 жылдың 22 наурызында Уэльс құрамасы Шотландиядан басым түскен. Бэйлдің командаласы бұл ойында да таблоға атын жазды. Және келесі күні Борис Березовский қайтыс болды.

2014 жылдың 10-шы тамызы. Рэмзи “Манчестер Сити” қақпашысын да қапы қалдырып кетеді. Артынша-ақ Робин Уильямстың өлімі туралы хабарланады.

Биылғы жылдың 9 қаңтарында валилік ойыншы “Сандерленд” қақпасын тағы да дәл көздеп, сәйкесінше даңқты Дэвид Боуидан әлем көз жазып қалған еді. 13-ші қаңтар күнгі матчта ол “Ливерпулге” қарсы ойында да мергендігімен танылып, “тізіміне” 69 жасында қайтыс болған Алан Рикманды қосады.

Бұлардан бөлек, Рэмзи мергендігімен танылған кезде боксшы Кен Нортон, актер Пол Уокер сияқты даңқты азаматтар о дүниеге аттанған.

Әрине, оның гол соғуы мен даңқты азаматтардың қайтыс болуының арасында пәлендей сыр жатыр деп айтуға да келмейді. Әйтсе де, таң қалдырар статистика екені анық.

Талқылау