Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

81 жастағы қария: “Йегова куәгерлері” діни ұйымына кірген ұлым мен әйелі мені үйден қуып шықты

Әділдікті қалаймын! Алматы облысының 81 жастағы тұрғыны өзге емес, өз туғандарынан зәбір көріп жатқанын айтып шағымданды. Қарияның айтуынша, оны “Йегова куәгерлері” діни ұйымына кіріп кеткен туған ұлы мен әйелі үйден қуып шыққан.

Қазір адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр екен. 10 жыл бойы құлаудың алдында тұрған лашықта күнелтемін деп денсаулығымнан да айрылдым дейді, деп хабарлайды Евразия арнасы.

«Малдан да төмен болдым» – деп ашынады қария.

Жан жарым мен туған ұлымнан зәбір көрдім деген қария осы кісі. Аты-жөні – Серік Ақшолақов. Қаскелең қаласының тұрғыны. Осы күндері адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатырмын деген қарияның туғандарына өкпесі қара қазандай. Айтуынша, кезінде өз қолымен тұрғызған хан сарайындай зәулім үйден ұлы мен бұрынғы әйелі қуып шыққан. Қазір ақсақал тозығы жеткен лашықта күнелтіп жүр екен.

«Сен времянкаға барып тұрасың, біз мына үйде тұрамыз. Не істейміз, не қоямыз өзіміз білеміз, сенің жұмысың болмайды деді. Солай, осында әкеп барлық заттарымды тастады. Ана үйге барсам мені сабайды» – дейді Қаскелең қаласының тұрғыны Серік Ақшолақов.

81 жастағы ақсақалдың айтуынша, отбасындағы алғашқы кикілжің бірге тұрған ұлы мен 30 жыл отасқан жарының Қазақстанда заңды түрде жұмыс істеп келе жатқан “Йегова куәгерлері” діни ұйымына кірген сәттен басталған. Содан бері олар қарияны қатарына қосылуға үгіттеп келген көрінеді. Алайда, келісім бермегені үшін ұрып-соғып, үйден қуып шыққанын айтады.

Алайда, қарияның ұлы әкесіне қолының ұшын да тигізбегенін айтады. Керісінше, “әкеміз анам екеуімізді үнемі тепкінің астына алып, қару кезенетін кездері де болған. Мұндайға шыдау мүмкін болмаған соң, анам ақыры ажырасып тынды” дейді. Үйден қуып шықты деген шағымы да орынсыз дегенді алға тартады.

«Қолын көтере бермес үшін бір рет маған төбелес шығарған, сол кезде мен оны жіппен байлағам. Ондай болған, иә. Ал, специально оны ұрып, ондай ешқашан болған жоқ. Ол маған бірнеше рет пышақпен де жүгірген, пышақпен мені нетейін деген. Бір кездері пистолетпен мені қуған үйден» – дейді қарияның ұлы Ерболат Ақшолақов.

Ал, дауға арқау болған үй қазір сатылымға қойылған екен. Баспана жаңа иесін тапқанға дейін қария лашықта тұруы тиіс деген аудандық соттың шешімі де бар екен. “Сондықтан, құжатты қолды қылып, үйді әйелім өз атына аударып алды деген әкеміздің уәжі де негізсіз”, дейді ұлы. Ал, олар мүшелікке кірген “Йегова куәгерлеріндегілер” отбасылық жанжалға бұл ұйымның ешқандай ықпалы болған жоқ дегенді алға тартуда. Ақсақалдың шағымынан соң мәселеге Облыстық дін басқармасы да араласты. Олар арнайы комиссия құрып, мән-жайды анықтауға тырысқан екен.

«Ақшолақов Серіктің атынан келіп түскен арызды талдай отырып, бірқатар жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде, бұл туып отырған жанжалға ешқандай діннің қатысты еместігі байқалды» – дейді облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының бөлім басшысы Сағыныш Жаңабай.

Қазір анасы мен ұлы 81 жастағы қарияға қарсы шағым жазған екен. Мәселенің мән-жайын енді құзырлы органдар анықтайтын болады. Ал, сот шешімі бойынша сатылған соң ақшасы қос тарапқа теңдей бөлінуі тиіс екен. Алайда, содан бері 7 жыл өтсе де, зәулім үйді алушылар табылмапты. Ал, ет жақындарымен бет жыртысып жүрген 80-ді алқымдаған қария жағдай осылай жалғаса берсе қалған өмірім лашықта өтетін шығар деп отыр.

Талқылау