80 тұрғын көз жұмды: Калифорнияда адамдар көліктерімен жолға шығып, ішінде тірідей жанып кеткен
АҚШ-тың Калифорния штатында алапат орман өртінен қаза тапқандар саны артты. Соңғы мәліметтер бойынша, 80 тұрғын көз жұмған.
Жоғалғандардың саны 1276 адамға жетті. Еске сала кетсек, Калифорнияның отқа оранғанына бір аптаның жүзі болды. 80 жылдан астам уақыттан бері мұншама адам өліміне ұшыратқан өрт болмаған. Бұл – штат тарихындағы ең ауқымды табиғи апат ретінде тіркеліп отыр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Бұл алапат орман өртінің құрсауынынан қашып бара жатқан тұрғындардың жанайқайы. Кей адамдар көліктерімен жолға шығып, ішінде тірідей жанып кеткен. Тілсіз жаудан жасырынбақ болып, пана іздеген адамдардың мәйіттерін сот-медицина сарапшылары бассейндер мен жанып кеткен машиналардың ішінен іздеп жатыр. Қауіпті аймақтан барлығы 300 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланған. Алапат оттан аман қалғандардың көбісі қазір уақытша лагерьлерде тұрып жатыр.
“Мен мұнда келгенде ешкім жоқ болған. Ал, қазір жағдай қиындап барады. Адамдардың саны күннен күнге өсіп жатыр. Көбісінің қонақүйге барып тұруға ақшасы жоқ. Мұнда адамдар бүкіл отбасымен тұрып жатыр, бірақ олар осы жерде мәңгі тұра алмайды ғой» – дейді жергілікті тұрғын.
«Мен үйіме қайтқым келеді. Мейлі ол жанып кетсе де, сол жерге барып уақытша баспана орнатып, тұра бергім келеді» – дейді жергілікті тұрғын.
«Қас пен көздің арасында бәрінен айырылып қалдық. Бұл өте сұмдық өрт болды. Қазір уақытша лагерьлерді паналап жүрміз. Ең бастысы бір бірімізге қол ұшын созып, көмектесу керекпіз» – дейді жергілікті тұрғын Рэнди Греб.
Тілсіз жау Калифорнияның солтүстігіндегі Парадайс қаласын түгелдей жойған. Мыңдаған үй өртеніп кетті. Тұрғындар әп-сәтте баспаналарынан, мүліктерінен, көліктерінен, ең бастысы туғандарынан айырылып қалды. Марқұмдар өз үйлерінде ыстан уланып, көз жұмған. Олардың көбі зейнеткер болғандықтан, дер кезінде сыртқа шығып үлгермепті. Малибу қаласында 370 ғимараттың күл-талқаны шығып, 7 мыңнан астам баспана мен нысан жанып кеткен. Лаулаған жалын 80 мың гектар жерді шарпып үлгерген.
Ормандағы өрт қатты желдің салдарынан жылдам өршіген. Оның бағытының өзгеруінен Сан-Франциско мен оған жақын орналасқан Окленд қалаларын қалың түтін басқан. Салдарынан барлық мектептер мен атақты Беркли университеті де жабылған. Калифорния штаты әлемдегі ауасы ластанған аумаққа айналды. Дәрігерлер Сан-Франциско мегаполисіндегі ауаны “денсаулыққа аса қауіпті” деп отыр. Жергілікті билік тұрғындарға көз тамшыларын сатып алуға және көшеде бетпердемен жүруге, ал сыртқа тек аса қажет жағдайда ғана шығуға кеңес беруде.
«Біздің үйде ауа сүзгісі орнатылған. Қондырғының қуаттылығын барынша қосып қойдық. Бірақ ол барлық улы заттарды тартып ала ма, жоқ па ол жағын білмеймін. Әрине, отбасым мен тұрғындардың денсаулығына алаңдап отырмын» – дейді жергілікті тұрғын.
Қазіргі уақытта 16 ірі өрт ошағын сөндіруге 10 мыңнан астам өрт сөндіруші тартылған. Естеріңізге сала кетейік, өрт сегізінші қараша күні таңертең басталған болатын. Құрғақ ауа-райы мен күшті желдің салдарынан жылдам тараған өрт Лос-Анджелестің маңына да жетіп, 7 мың гектарды шарпыған. Бұл аймақтан 75 мың тұрғын эвакуацияланды. Өрттің шығу себебі әлі анықталмаған.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.