Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

80 миллион теңге шығын: Қостанайда 70 адамды сан соқтырған турагент сотталды

38 жастағы Тобыл тұрғыны аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айыппен сотқа тартылды. Істе 70-тен астам жәбірленуші болған. Келтірілген шығын, шамамен, 80 миллион теңге. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tobolinfo сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: TobolInfo

Жауапкер жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, тиімді әуе және теміржол билеттерін сатумен айналысқан. Кейінірек ол туристік пакеттерді ұсына бастапты. Көптеген адамдар сол арқылы бірнеше рет саяхатқа шықты, бірақ 2022 жылдың маусымында жағдай күрт өзгерді.

Осы сәттен бастап ол клиенттер алдындағы міндеттемелерін орындауды тоқтатты. Адамдардың көбі ақысын төлеп қойса да, қонақүй жалданбаған болып шыққан. Сотталушы кінәсін мойындады.

Іс қаңтар айынан бері қаралып, 25 сәуірде сотталушы Алена Федотова соңғы сөзін айтты.

"Мен осындай нәрсе болғаны үшін өте ұяламын. Адамдарды, ата-анамды, жақындарымды соншалықты ренжітемін деп ешқашан ойламаппын. Тек маған барлығымен есеп айырысуға мүмкіндік беруіңізді сұраймын. Маған айту қиын... Осының болғанына қатты өкінемін. Мен бәрін түзегім келеді. Биыл халыққа жарты миллионға жуық теңге төледім. Шамам келгенше таптым. Кейбірін әлі де қайтарып жатырмын. Бұл әуекомпаниялар мен туроператорларға төленген ақша, біз олармен әлі жұмыс істеп жатырмыз. Менің жалғыз қалауым – барлығымен тезірек есеп айырысу. Мен бұл жағдайға қатты өкінемін. Менде ешқандай жаман ниет болған жоқ”, – деді Федотова.

Сотталушы жәбірленушілерге барлық ақшаны төлеу үшін оны бас бостандығынан айырмауды сұрады. Бірақ сот оны 4 жылға бас бостандығынан айырды. 

Федотоваға 6 жыл туризм саласында қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Талқылау