Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

8 жасар қазақстандық шахматшы әлем чемпионатында күміс жүлдені иеленді

8 жасар маңғыстаулық шахматшы Түркияда өткен әлем чемпионатынан жеңіспен оралды. Ол додада күміс жүлдені иеленді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап. 

3-сынып оқушысы Эдгар Мамедов Түркияның Анталия қаласында өткен оқушылар арасындағы халықаралық чемпионатта 2- орын иеленген. Сайысқа 33 мемлекеттен 382 жас шахматшы қатысқан.

«Мені анам көптеген үйірмелерге апарды. Бірақ  жаныма жақын тартқаным осы шахмат болды. Мен өзімді болашақта шахматтан кәсіби деңгейде маман ретінде көремін. Әлемнің бірнеше елінде болдым. Күшті әсер алып, тәжірибе алмасудамын. Маған шахмат көптеген белестерге жетуге жол ашуда. Қазіргі уақытта тамыз айында Қытайда өтетін халықаралық чемпионатқа дайындық үстіндемін. Осы сәтті пайданала отырып, маған демеушілік жасап жүрген аға-апаларыма ерекше алғысымды білдіремін», - дейді Эдгар Мамедов.

Ақтау қаласындағы№ 9 орта мектептің оқушысы Эдгар Мамедов «Дебют» шахмат мектебіне 5 жасынан барады. Төрт жасынан кітап оқи бастаған ол үйірмеге барған сәттен дайын формулалармен жаттығады. Өңірдің мықты шахматшылары жиналған үлкен блиц турнирдің көктемгі кезеңінде 11 ойыннан 9 ұпай жинап, 44 қатысушының арасынан оқ бойы озып шықты.

2018 жылы Алматы қаласында өткен ҚР чемпионатында алтын алқа жеңіп алса, Павлодар қаласында өткен чемпинатта классика, рапит, блиц үш контрольда да қатысып, абсолюттік чемпион болған. Сонымен қатар, сәуір айында Тайландта өткен Азия чемпионатында 3- орын, Шри-Ланкада өткен әлем чемпионатында 3 - орын иемденді. Жаттықтырушысы Анвар Шайхымов Эдгардың жеткен жетістіктері білімге деген ерекше құштарлығы мен ата-анасының ықыласында дейді. 

«Шахмат ойындары облыста дамып, жас өрендеріміз қоржынға күміс, алтын алқалар салуда. Бұл орайда жаттықтырушының да рөлі ерекше. Алдағы уақытта осы спорт түрін дамытудың жаңа жоспарлары қарастырылатын болады», - деді облыстық спорт басқармасының өкілі.

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр