Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде 72 жастағы әже қатерлі ісікті қалай жеңді?

Адам баласы қандай қиындыққа да төзеді. «Басқа түссе баспақшыл» демей ме!? Бірақ кейде тосыннан келген қайғыға  шыдамай морт сынатындар да болады.

631

Үміті үзіліп, тығырықтан шығар жолды таппай қиналған сәтте, шыдам мен сабырды серік еткен жігерлі жан ғана бәрін жеңбек. Алты жыл бойы қатерлі ісікпен күресіп келе жатқан 72 жастағы  Нұрғайша Кәрібжанова — сондай жанның бірі, деп жазады Ақтөбе газеті.

Үміт пен күдік

Нұрғайша Кәрібжанова — Құлсары қаласының тұрғыны. Ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық еткен. 2012 жылы ақпан айында аяқ астынан ауырады. Дәрігерге қаралып, ем алғанымен жағдайы жақсара қоймайды. Тексеріле келе мамандар «Өңеш қатерлі ісігі» деген диагноз қояды.

— Шынымды  айтсам, алғашқыда бұл диагнозға сенбедім. Қате болар деп ойладым.  Екі-үш ай емделсем, жазылып кетермін  деген үміт болды. Ауруханаға жатқым келмеді. Бірақ күн өткен сайын жағдайым нашарлай берді. Ішкен дәрілердің де пайдасы тимеді. Содан балаларым дәрігерге қайта тексертіп, ауруханаға жатқызды. Емдеу мекемесінен шығар сәтте қолыма ұстатқан қағазды оқып барып, жәй дертке тап болмағанымды білдім. Енді не істемекпін? Уайымға берілгеннен пайда жоқ. Күн өткен сайын дерт меңдеп барады. Содан балаларым Ақтөбеге алып келді.  Қаланың сыртындағы онкологиялық ауруханаға апарып, дәрігерлерге қаратты. Сағынай Дүйсенбеков деген хирург ота жасайтын болды. Бір ай отаға дайындады. Сөйтіп, ота жасаттым. Отадан кейін жүріп кетермін деп ойладым. Бірақ олай емес екен. Алты күн бойы жан сақтау бөлімінде жаттым. Жетінші күні ғана палатаға шығарды. Онда да өздігімнен жүре алмаймын. Жарты стақан суды әрең ішемін. Мен үшін сол уақыт өте ауыр күндер болды. Қазір тіпті есіме де алғым келмейді. Отаны алты сағат жасаған екен. Бірақ хирург қалай жасады, соңы не болады, ештеңе айтқан жоқ. «Сауығып кетесіз» деді, — дейді Нұрғайша әже.

Отадан кейін онкологиялық ауруханада бір ай емделіп, химиятерапия алады. Үйіне келген соң да жағдайы жақсарып кете қоймады. Балалары сүйеп жүргізеді. Тамаққа деген тәбеті жоғалады. Тамақтың түрі түгілі, иісінің өзінен жүрегі айнитын халге жетеді. Содан әбден жүдейді.

Аналарының бұндай күйге түскені балаларына да ауыр тиеді. Олар аналарына тамақты  күніге аз-аздан еріксіз ішкізіп отырады. Күнделікті тағамның құрамына табиғи уылдырықты қосып береді.  Ас ішкен сайын әлденіп, тәбеті де орала бастайды. Осылайша 5-6 айдан кейін өздігінен жүріп-тұратын, тамақтана алатын дәрежеге жетеді.

Бір жылдан кейін балалары Мәскеу қаласындағы онкологиялық ауруларды зерттейтін ғылыми орталыққа алып барады. Адам бойында қатерлі ісік белгісі бар ма, жоқ па және жүргізілген емнің нәтижесі қандай екенін анықтайтын позитронды эмиссионды томографияға түседі.  Білікті онкологтың кеңесін алады. Қарияны жан-жақты тексерген мәскеулік профессор отаны өте білікті хирургтің жасағанын айтып, қуантады.

— «Ота өте шебер жасалған, ешқандай мін жоқ» дегенде қуанып кеттім. Енді құлан таза айығармын дедім. Бірақ дәрігер талақтың аздап ісіп тұрғанын айтты. Мен бұған мән бермедім, — дейді Нұрғайша әже.

Мәскеуге барып, денсаулығының қалыпты екеніне көз жеткізген соң көңілі орнына түседі. Кейін Астана қаласындағы онкологиялық орталықтан тексеруден өтеді. Сол жердегі дәрігерлер ғана отаның қалай жасалғанын айтып береді.

—  Өңештің төменгі, қарынның жоғарғы бөлігін қиып алып, екеуін бір-біріне жалғаған екен.  Өңешке жету үшін қабырғаның астын түгел көтеріпті. Бұның барлығын астаналық дәрігерлер түсіндіріп берді. Олар да отаның өте сәтті жасалғанын айтты. Сөйтіп, елге келгеннен кейін біраз жүрдім. Денсаулығым да түзелді. Бірақ талағымның үлкейіп бара жатқанын байқап, ұзақ жүруге болмайтынын сездім. Содан Ақтөбеге қайта келіп, дәрігерлерге тағы тексерілдім. Олар ота жасату керектінін айтты. Алдыңғы отадан қорқып қалғаным сондай, келіспедім, — дейді Нұрғайша Кәрібжанова.

Екінші рет ота жасатуға жүрегі дауаламай, үйіне, немерелерінің қасына кетіп қалады. Алайда адам қалауының барлығы болған ба? Денсаулығы тағы да сыр береді. Енді ота жасатпаса бәрінің кеш болатынын іштей сезеді. Сөйтіп, бір жылдан кейін Ақтөбеге қайта келіп, өзіне ота жасаған Сағынай Дүйсенбековпен ақылдасады. Бір аптадан кейін ота жасатып, талағын алдырып тастайды.  Бұл жолғы ота алдыңғыға қарағанда сәл жеңіл болғанымен химиятерапиясы өте ауыр өтеді. Арнайы дәріні Ресейден алдыртады.

— Химиятерапиядан кейін тек құсамын, дәрінің түрін көргім келмейді. Тіпті дәрігерді көрудің өзі ауыр тиді. Төрт курс, яғни сегіз рет химиятерапия алғаннан кейін тіпті әлсіреп қалдым. Бірақ, Алланың құдіреті шығар, бұл жолғы сынақтан да өттім. Балаларым мен келіндерім бар жағдайымды жасады. Нені ішіп, нені жегім келеді, соның барлығын алдыма тосты. Қазір, шүкір, денсаулығым жақсы. Балаларым Астанаға үш ай сайын апарып, тексертіп тұрады. Соңғы рет қаралғанымда «бәрі жақсы, ешқандай алаңдамаңыз» дегенде, қуанып қалдым, — дейді Нұрғайша әже.

Балалары анасының күнделікті ас мәзіріне ерекше мән береді. Тек қана жылқының еті қосылған тамақ ұсынып,  саумалын ішкізеді. Дәруменге бай табиғи қара уылдырық дастарқаннан түспейді.

— Қазақ  «Ас — адамның арқауы» деп бекер айтпаса керек, табиғи тағамдарды ішуге тырысамын. Қой мен сиырдың еті асқазанда ауыр қорытылатындықтан құс пен жылқының етін ғана жеймін. Үнемі майсыз тағам іше беруге тағы болмайды. Сондықтан жылқы етінің  сорпасын ішемін. Бірақ аз-аздан ішемін. Осындай баптың арқасы болар, шүкір, қазір денсаулығым жақсы, — дейді қария.

Ауру — құдайдың сынағы

Жиырма жылдан бері бес уақыт намазын үзбей оқитын Нұрғайша әже бұл да бір Құдайдың сынағы деп түсінеді.

— Ауру күнәні жояды. Бұл сол күнәні жуу үшін Алланың жіберген сынағы болар. Ауырмаған адам ештеңеден қорықпайды, өтірік айтып, біреудің ақысын жеп, қиянат қылып,  күнә жасап жүре береді.  Кім ауырса, сол адам ғана Құдайдан шын қорқады. Адам баласы барлық қиындыққа көнеді. Тек сабырлы болсаң ғана жеңіп шығасың.

Ауруханада жатқанда түрлі науқасты көрдім. Бірі жылайды, бірі өмірден күдер үзбекші болады. Әсіресе отаның алдында қатты қорқыныш пайда болады. Алғашқы ота жасар сәттегі оқиға әлі есімде. Палатада үш-төрт адам бар. Барлығымыздың диагнозымыз бірдей, бәрімізге де ота жасалады. Кезек маған келген күні кешкілік намаз оқыдым. Содан намаз оқу білмесе де қасымдағылардың барлығы менің істегенімді қайталап тұрды. Сол сәтте көзіме еріксіз жас келді. Құдайдан барлығымыздың аман-есен үйімізге оралуын тіледім, — дейді Нұрғайша әже көзіне жас алып.

Қария өткенді есіне  алғысы келмейді. Осы күніне дән риза. Отағасы екеуі екі қыз, үш ұл тәрбиелеп өсірді. Бес немересі бар. Қолындағы  ұлы Қанатбек пен келіні Айнұр айтқанын екі етпей, асты-үстіне түседі. Сәл басы ауырса, балалары мен келіндері қасынан табылып, дәрігерге қаратып бәйек болады.

— Осының барлығы —  Алла Тағаланың мейірім-шапағатының, содан кейін дәрігерлердің арқасы. Дәрігер емдегенмен Алланың қалауы болмаса, бұлай болмас еді.  Осы сәтті пайдаланып, ақтөбелік дәрігерлерге алғыс айтқым келеді. «Үлкен кісі ғой» деп салғырт қарамайды. Барлығы ықыластарымен емдеп, жүгіріп жүр. Алла олардың отбастарын ауру-сырқаудан аман етсін, — дейді Нұрғайша Кәрібжанова.

Ауруын асқындырып келетіндер — 25-30 пайыз

Нұрғайша Кәрібжановамен сөйлескен соң, ол кісіге ота жасаған хирургпен де тілдескен едік. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті медицина орталығында еңбек ететін Сағынай Дүйсенбеков осыдан он күн бұрын зейнеткерлікке шығыпты. Бірақ дәрігердің қолынан әлі де хирургиялық пышақ түспеген. Онкология бөлімінің меңгерушісі қызметін жалғастырып, алдына келген науқасты емдеуден сырғақсыған емес. Сағынай Төреханұлы — отыз жылдан астам уақыт онкология саласында еңбек еткен, медицина ғылымының кандидаты, жоғары дәрежелі дәрігер-хирург. Білікті маман науқас аурудың бірінші, екінші сатысында дәрігерге қаралса, бұл дерттен құлан-таза сауығып кетуге болатынын айтады.

— Өңеш қатерлі ісігіне көп жағдайда жасы үлкен адамдар шалдығады. Көпшілігі аурудың соңғы сатысында келеді. Жылына осы аурумен 110 адам келсе, соның 25-30 пайызы асқындырып алған. Ал асқынған дерт емдеуге келмейді. Әрі кетсе науқас 2-3 айда көз жұмады. Ал елімізде өңеш қатерлі ісігі скринингке енгізілмеген. Сондықтан қырық жастан асқан кез келген адам ерінбей, жылына немесе екі жылда бір рет тексеріліп тұруы керек. Ал біздің азаматтардың көпшілігі аурудың соңғы сатысында ғана дәрігерге келеді. Емші жағалап немесе түрлі дәрі-дәрмекті ішіп, уақыт өткізіп алады. Мәселен, Жапонияда асқазан қатерлі ісігінің алдын алу үшін кез келген жұмыс орнында қатаң талап бар. Қызметкер еңбек демалысына кетіп бара жатып және қайта келгенде тексеруден өтіп келеді. Ал өйтпеген жағдайда жұмысқа қабылданбайды, — дейді дәрігер.

Сағынай Дүйсенбековтың айтуынша,  дұрыс тамақтану аурудың алдын алады, Қуырылған, майлы, ащы, ыстық тағамдарды аз тұтынған абзал. Ер-азаматтар ішімдіктен бас тартқаны дұрыс. Салауатты өмір салтын ұстанған адамнан ауру-сырқау алыс жүреді.

Жіберіп алмаңыз:

Әлемдегі ең жас ана: 5 жасында сәбиін өмірге әкелген қыздың тағдыры (фото)

Қатыгез XIX ғасыр: дене мүшелері қатаң өзгеріске ұшыраған адамдар (фото)

Бойжеткен сүйіктісінің бір кездері өзін құтқарып қалғанын кездейсоқ біліп қалды

Талқылау