Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

6 жылда 160 мың қазақстандық көз жұмды: Бүгінде қатерлі ісіктің емдеуге келмейтін түрлері кең тараған

Соңғы 6 жылда елімізде 160 мың адам қатерлі ісіктен көз жұмған. Яғни, бір шағын қаланың халқына парапар. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, қазір 181000 науқас диспансерлік бақылауға қойылыпты. Тіпті, отандық мамандар кейбір қатерлі ісік түрлерін емдеуге қауқарсыз екен. Сондықтан, шетел асатын науқастар саны артқан.

6 жылда 160 мың қазақстандық көз жұмды: Бүгінде қатерлі ісіктің емдеуге келмейтін түрлері кең тарағанБұл мәселені үкімет қалай шешпек? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Қатерлі ісік дес берер емес. Тіпті, қазір емдеуге келмейтін түрлері кең тараған. Былтыр 35 753 адам есепке алыныпты. Оның 53,8 пайызы қайтыс болған. Министрдің сөзінше, өршіп тұрған ауру түрі сүт безі обыры 12,6 пайыз болса, асқазан рагі 10 пайызды құрайды. Бұндай дертті асқындырмай тұрып алдын алу шарт, сондықтан кейде емдеуге мүмкіндік азаяды. Ең сорақысы, қазір қатерлі ісіктен жанына шипа таппаған балалардың саны ұлғайыпты. Оларды шетелге жіберуден басқа амал жоқ" - дейді ведомства басшысы. 

"Бізде жалпы бүкіл тізім бойынша онкологиялық ауруларды диагностика және емдеу мүмкіндіктері бәрі ұйымдастырылған. Тек қана кейбір технологиялар тапшылығы бар. Мысалы, радиоактивті сәуле терапиясының біреуі   ол протондық терапия. Протондық терапияға біз жыл сайын балаларды кішкентай балаларды бес  адам көлемінде шетеге емделуге жібереміз", ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.  

Ал, депутаттар қатерлі ісік жайлаған өңірлерді атап, дабыл қақты. Әсіресе Семейде науқастар саны артқан. Себебі, радиоактивті өңірдегі онкологиялық диспансер мәселесі әлі күнге шешілмепті. 

"Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтар кешенді медициналық тексеруден өткізуге жатады. Ол үшін жеке есепке алу жүргізіледі және мемлекеттік регистр құрылады. Қазір осы мемлекеттік регистр арқылы жалпы 370 мың жеке есепке алынған екен. Бірақ та өкінішке орай  олардың 135 мыңы қайтыс болып кеткен", - мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов. 
Нұртай Сабильяновтың сөзінше, тұрғындар тексеріске жетпей, көз жұмып жатыр. Себебі, науқастарды тіркеудің өзі біршама уақытты алатын көрінеді. Арнайы қаралатын орынның құрылысы 10 жыл күттіріп, әлі тоқтап тұр. Алайда, үкімет сағатына арнайы келген облыс әкімінің орынбасары "қолымыздан келгенін жасаймыз" деп уәде берді.

"Қазір орталық бойынша барлық жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Әрі ведомствааралық комиссия шешімімен жобалық-сметалық құжаттаманы түзету туралы шешім шыққан болатын. 2019 жылдың ақпан айында 80 миллион теңге бөлінді. Жұмыстар басталды. 2021-2022 жылға таяу диспансер құрылысы аяқталады", - деді ШҚО әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова. 

"Министрдің айтуынша, мына мен тұрған медициналық класстер маңайынан жаңадан салынатын Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық бой көтермек. Оның сөзінше, мекеме құрылысы 2020-жылы толық аяқталады. Орталықтың ерекшелігі барлық дамыған елдердегі сияқты обырды емдейтін заманауи технологиямен қамтылмақ. Атап айтар болсақ, лазерлік және протондық терапия, кибер пышақ сияқты қызмет түрлері іске қосылады. Ал, қазір шамамен жобаға 70 миллиард тенге шығындалады деп жоспарланып отыр". 

“Бұл орталықтың салынуы онкологиялық аурудан жапа шеккен науқастардың шетелге ағылуын тежейді. Себебі, оның ішінде 220 стационарлық орны бар арнайы бөлім жұмыс істейді деп жоспарлап отырмыз. Орта Азиядағы үздік технологиялармен қамтылып, елімізде болмаған емдеу әдістерін енгіземіз. Мысалы, ядролық медицина көмегімен жыл сайын 800 науқасты емдеуге мүмкіндік пайда болады. Ал, 10 мың адам жыл сайын кезекті тексерістен өтеді”, - деді ұлттық ғылыми онкологиялық орталығы басқарма  басшысының орынбасары Гүлнәр Құлқаева. 

Осылайша, талай науқасты ажал тырнағынан құтқарады деп үміт артқан орталық қазақстандықтардың тегін емделуіне жол ашпақ. Ал, соңғы уақытта медициналық алаяқтық көбейгендіктен әр науқастың жағдайы жеке қадағаланады. Нақтырақ айтсақ, дерті дендегендермен тікелей байланыс орнатылып,тегін берілетін дәрілер арнайы хабарламалар жүзінде бақыланады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау