Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

50 мың теңге дайындамасаң, сенің де шөбіңді өртейміз: Ақтөбеде әдейі шөп өртейтіндер бір ауылды үрейде ұстап отыр

Ақтөбенің Қосестек ауылында жұрт қараңғы түссе болды ұйқыдан қалуда. Тұрғындар жатпай-тұрмай қорасындағы төрт түлігін емес, қысқа жинап қойған шөбін күзетіп әлек. Өйткені, айналдырған он күннің ішінде жеті үйдің мал азығын біреулер қасақана өртеп кеткен.

Тағы бірнешеуіне: «Ендігі кезек-сенікі, дайындал!» деп үрейлі үшбу хат та қалдырыпты. Бүтін бір ауылды қорқытып-үркітіп отырған кім? Оның көксегені не? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

“Қарғалы ауданы Қосестек ауылының тұрғындары әбден қорқып қалған. Мысалы, мына үйдің қорасындағы шөбі осыдан 5 тәулік бұрын өртенген. Бірақ, өздеріңіз көріп тұрғандай, әлі бықсып, жанып жатыр. Қожайыны болса, өрт сөндірушілердің көмегін күтпестен, өз күшімен сөндіріп әлек”.

Өртке оранған қора-қопсысын көрген сайын Галина Горелаяның іші удай ашиды Өйткені, қорасындағы төрт түлігіне деп дайындаған мал азығының бәрі жанып кетіпті. Асырап алған жеті баласының киім-кешегі мен ішіп-жемін сол малмен айырып отырып едік дейді. Қаражаты ауыспаған соң, жем-шөпке 800 мың теңге алған екен, енді оны кім өтейді, білмейді. Өрттен кейін қорқып қалған Қосестектің тұрғындары төрт түлігін жаппай союға жіберіп жатыр екен.

“Мен енді шөп те, мал да ұстағым келмейді. Қорқып қалдым. Мынау не деген сұмдық?! Өртеген адамның ұяты деген бар ма екен? Адам деген бір-бірін аямай ма?! Біз сол малға үміт артамыз, осы малмен балаларымызды асырап деген” – дейді Қосестек ауылының тұрғыны Гүлнәр Алманова.

Ауылдықтар қаскөйдің алыстан келмегенін айтады. Жұртты зар жылатып жатқан зұлым өз ортамызда деп сенімді сөйлеуде.

“Ойланамыз ауылдың адамы. Арамызда жүрген адам ғой. Полицияға айттық, ол айтады, это – құпия тергеу жүріп жатыр, күдікті бар бізде деді” – дейді Қосестек ауылының тұрғыны Тағыберген Бәйменов.

Тағыберген Байменовтің қорасы 17-сі күні түнде өртенген. Үюлі тұрған 1000 бума шөп әп-сәтте жанып кетіпті.

Екі адамның басы қосылса- ауылдағылардың әңгімесі өрт. Тұрғындар «сақтықта қорлық жоқ» деп күдіктілерден қорғанудың бар амалын жасап жатыр. Күні-түні алма-кезек көз ілместен қора-қопсысын күзетіп, ауласының маңына екі-үшеуден қабаған ит байлап қойыпты. Бірақ, кінәлі ұсталмай, үрейлері сейілетін емес. “Себебі, қаскүнем келесіде кімнің қорасына от қоятындарын айтып, ескерту де қалдырды дейді” Қосестектің тұрғындары.

“Хатта жазылған «Руслан, бүгін сенің жолың болды. Келесі -сенсің. И шетінде «Ауласында шөбі барлар 50 мың теңгеден дайындасын. Карта нөмірін жазамыз!” делінген – дейді Қосестек ауылының тұрғыны Назия Жұмабаева.

Бүтін бір ауылды үрейлендіріп отырған адамды полицейлердің іздегеніне бір аптадан асып кеткен. Ауданнан арнайы 20-дан астам маман да келіпті. Бірақ, олар түк бітіріп жатқан жоқ деп ауылдықтар ашуланып отыр.

«Халықтың шығыны ғой, қанша шығын кетіп жатыр. Түнімен қарауылда барлық жер. Үйіміздің айналасы қарауылда» – дейді Қосестек ауылының тұрғыны Айнұр Нұрлыбаева.

Ауылдың әкімінің сөзіне сенсек, 7 үйдің қора-қопсысы өртенген. Бірақ, ауылдықтар оның қате мәлімет екенін айтып, зардап шеккендердің саны 10-ға жетті деп отыр. Қазір өртке қатысты қылмыстық іс қозғалыпты. Ауыл әкімі күдікті бар, бірақ оның кім екенін айта алмаймын деп қысқа қайырды. Ал мал азығынсыз қалғандарға ауыл маңындағы қожалықтар былтырдан қалған шөпті жинап береміз депті.

“Қосестекагро” айтты, оларда бұрыннан қалған шөптен бар, соны жинап береміз. Өзімізден де шара қолданып жатырмыз. 14-нен бастап кезектеміз” – дейді Қосестек ауылдық округінің әкімі Гүлжан Досмағамбетова.

700 түтін тұратын ауылда өрт сөндіретін көлік жоқ екен. Арнайы бекет көрші Әлімбет ауылында орналасқан. Ауылдықтар сол екі ортадан өрт сөндіру көлігі жеткенше, өз күшімізбен амалдап жүрміз деп отыр.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау