397 фашистің көзін жойған батыр: Даңқты мерген Төлеуғали Әбдібековтың ерлігі
Ұлы Отан соғысы батырларының қатарында қазақстандықтар өте көп. Солардың бірі жау әскері мен офицерлерін батальонға дейін жойып, өшпес ерлік көрсетсе де Кеңес Одағының Батыры атағын алмай қалған атақты снайпер Төлеуғали Әбдібеков. Сол сұрапыл соғыста бүкіл майданда Төлеуғали Әбдібеков туралы аңыздар тарады. Жау қолы одан қорқып, оны «қара ажал» деп атаған. Майданда өшпес ерлік көрсеткені үшін ол 3 рет Кеңес Одағының Батыры атағын алуы тиіс еді. Бірақ бұл да біздің өткеніміздің құны. Майдан даласында жүріп 397 немістің көзін жойған атақты снайперші Төлеуғали Әбдібеков туралы айтылып жүргенімен, көбі ол жайлы біле бермейді. Осыған орай Stan.kz ақпарат агенттігі ұмыт болған қазақ батырының ерлігін еске алып, Төлеуғали Әбдібековтің майданда көрсеткен өшпес ерлігі туралы баяндайды.
Төлеуғали Әбдібеков 1916 жылы Семей облысы Жарма ауданында Әбдібек Насырханның отбасында дүниеге келген. Ол дүние есігін ашқан уақыт азаматтық соғыстың күшейген кезі болатын. Сол жылдары қызылдар мен ақтардың отряды, қарапайым қарақшылар ауыл-ауылдардан жиі өтетін. Және олардың әрқайсысының өз шындығы болды. Олар көшпелі халықтың малын меншіктеп алып, оларды аштыққа ұшыратты. Азаматтық соғыстан кейін жүдеп қалған қазақ даласы, ауылдары үлкен қиындықтарды бастан өткерді. Бұған қоса, түрлі аурулар тарай бастады. Тоз-тозы шыққан көптеген ауылдар амалсыздан туған жерлерін тастап, қайғыра жат жерге қоныс аудара бастады.
Сонда Насырхан өзінің туған ауылын тастағысы келмей, сонда қалуды шешеді. Күн көру үшін ол аң аулаумен айналыса бастайды. Төлеуғали өсіп, ер жеткенде әкесі оған нысанаға дәл тигізуді, жемтікті шыдамдылықпен қадағалауды, қиындықтарға төтеп беруді үйретеді. Сол кезден бастап жас аңшы Төлеуғали Әбдібековтің даңқы ауыл-ауылға тарай бастайды. Оның аң аулаудан түскен олжасы тіпті тәжірибелі аңшылар мен ақсақалдарды таңғалдырды.
1932 жылы Төреуғали туыстарының шақыртуымен Оңтүстік Қазақстанға, «Пахта-Арал» совхозына көшеді. Мұнда ол мақташы болып жұмыс істейді. Төлеуғали осы жерден Кеңес әскерінің қатарына шақырылып, сонау Хабаровск аймағына әскерге қызмет етуге кетеді. Әскердегі алғашқы күндерінен бастап-ақ ол өзінің жинақылығымен, айрықша физикалық дайындығымен және жауынгерлік ептілігімен командирдің көзіне түседі. Атудан жарыс кезінде оған командирлер мен жолдастары аузын ашып, таңданып қарайтын. Ол оқ атудан ауданаралық армия жарыстарында да бірінші орындарды иеленіп келді.
Әскерде қызмет ету мерзімі аяқталғаннан кейін Төлеуғали өзінің туған совхозына оралып, мақта өсіру бригадасын басқарады.
Кеңес халқы осылай, тыныш өмір сүріп жатқанда 1941 жылы аяқ асты Ұлы Отан соғысы да басталып кетеді. 1942 жылдың мамырында Шымкент аудандарынан жиналған қаратында Төлеуғали да бар жаңа шақырылған жасақ Калинин майданына келеді. Ол жер Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Панфиловтың атындағы атақты бөлімшенің қорғанысы болатын.
1077-ші полктың қолбасшысы қосымша әскерді жақсылап зерттеп, жауынгерлерді өз ерекшеліктері мен мүмкіндіктеріне қарай орналастырды. Сонда командир Әбдібековтың аңшы болғанын біліп, оған оптикалық көздеуішті мылтық береді. Командир Төлеуғалиге қару берерде: «Сен аңшысың. Енді саған екі аяқты, бірақ жыртқыш және айлакер аңдардан да әлдеқайда қауіпті жауды аңдуға тура келеді» дейді. Ал, өжет қазақ жігіті: «Менің қолым күшті, ал көзім бүркіттікіндей өткір. Жау осыны білсін», - деп жауап қайырады.
Сөйтіп, күнделікті соғыс күндері де басталды, бірақ ол бұған дейін ұрыс даласын көрмеген жауынгерлер үшін тіпті оңай болмады. Снайперлер жауды аңду өнерін ұғып, оны алдау мүмкіндігіне ие болып жатты.
Биіктікке қарсы шайқастар болды. Олар бір аптадан астам уақытқа созылды. Осы уақытта снайпер Әбдібеков 19 немістің көзін жойды. Әйтеуір, кеңес әскері биіктікті қайтарып алды, бірақ немістер тыныш отырмай қарсы шабуылға шықты. Сол кезде 25 жау жауынгері дәл Төлеуғалидың жертасасына қарай бара жатады. Жаудың 25 сарбазына Төлеуғали жалғыз өзі төтеп беруі керек болды. Дала аңшысының қырағы көзі бірден оптикалық көздеуішке түседі. Әбдібеков нысананы дәл көздей алатын мерген болатын. Сонда ол жау әскерінің жақындағанын көріп, оларды көздей бастайды. Сөйтіп, өзіне жақындап қалған жау офицерлерін арты-артынан қарға құлатады. Ал олардың оққа ұшқанын көрген басқа немістер қорқа бастады. Жан-жағына жалтақтаған олар снайпердің қай жақтан атылып жатқанын түсінбей, сасқандарынан қаруды көздеймей-ақ оқ жаудыра бастайды. Ал снайпер үрейі қашқан немістердің әрқайсысын көздеп бір-бірден құлата берді.
Ақырында, жау жауынгерлері снайпердің қайдан атып жатқанын анықтай алды. Сонда олар жерге жата қалып, оған оқ жаудыра кетті. Бірақ, олардың оғы Төлеуғалидің басынан өтіп кете барды. Қақтығыс осылай бірнеше минутқа созылды. Ұрыс алаңында оннан астам неміс әскері бір снайпершіге қарсы оқ атып жатты. Бірақ олардың саны кемігені болмаса Әбдібековке бір оқ та тигізе алмады.
- Рейхстагқа тұңғыш ту тіккен қазақ: Ерлігі 62 жылдан соң ғана мойындалған Рақымжан Қошқарбаевтың өмір жолы
- Ұлы Отан соғысы туралы жаға ұстатарлық мәліметтер
Осылай, Төлеуғали тұрған жертасаға бағытталған 25 немістің үшеуі ғана қалды. Ал 23-ші немісті Төлеуғали өзі тұрған жерден 60 метр қашықтықта атып өлтірді. Сөйтіп, 25 немістің 23-і өліп, тек екеуі қашып құтыла алды.
Немістердің взводын қырып салғаннан кейін Әбдібеков биіктіктің екінші жағында жаумен айқасып жатқан жолдастарына көмекке келеді. Онда ол тағы 12 немісті өлтірді.
Бұл күні жолдастары айтқандай, Төлеуғали 35 басқыншы фашисті тозаққа аттандырды. Сол күннен бастап оның асқан ерлігі туралы жаңалықтар Калинин майданының бүкіл бөлігіне тарады. Төлеуғали жайлы хабар басқа майдандағыларға да жетті.
Холм қаласы үшін болған ұрыстың алғашқы күнінде Төлеуғали атқыштар ротасының құрамында болды және бір өзі 17 жаудың көзін жойды. Екінші күні снайпер қираған танкіге сүйеніп отырып, қарсы шабуылға шыққан неміс жасағын қырып салды. Осы күні ол 58 немісті жер жастандырды. Үшінші күні ол шайқас жағдайын тағы да өзгертті. Күндіз жеңіліс тапқан немістер түн ішінде қайтадан қарсы шайқасқа шықты. Сонда құрамында Әбдібеков бар жауынгерлер тобы айналма қорғаныс ұйымдастырып, жау санына қарамастан оларға жойқын соққы берді. Осылайша, снайпердің есебіне тағы 29 өлі неміс қосылды.
Осы ұрыстан кейін 3-ші соққы әскерінің Әскери кеңесі Төлеуғалиге құттықтау жеделхатын жіберді. Онда: «Құрметті Төлеуғали Әбдібеков жолдас! Әскери кеңес сізді соңғы шайқастарда фашистердің көзін табысты жоюыңызбен құттықтайды. Сіз 87 немістің көзін жойып, Отанға деген жанқиярлық махаббатыңызды және гитлерлік қанқұмарларға деген жеккөрушілігіңізді дәлелдедіңіз. Кеңес жерін неміс басқыншыларынан тазартудың ұлы және игі ісінде әрі қарай жеңіске жете беруіңізді тілейміз»,- делінген.
Қазақтан шыққан мергенге деген құттықтаулар бұнымен шектелмеді. 1942 жылы 18 қыркүйекте «Отан үшін» 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының «Красноармейская» газетінде мынадай мәтін жарық көрді: «Қазір снайпер Төлеуғали Әбдібековтің жауынгерлік есебінде 102 өлі гитлерлік бар: «Әзірге менің көзім көріп, қолым мылтық ұстап тұрғанда фашисттерге тыныштық жоқ, - деді снайперші».
Ал, 1942 жылдың 2 қазанындағы газет редакциясында снайперлер слетына арналған «батыл снайперлерге құрмет» деп жазылған мақала шыққан болатын. Онда: «Біздің даңқты снайпер Төлеуғали Әбдібеков бірнеше сағат бұрын ғана 125 фашистті жер жастандырғанын мәлімдеді»,- делінген.
1942 жылы 8-гвардиялық атқыштар дивизиясының әскери операцияларының қысқаша есебінде, 1942 жылдың желтоқсанында дивизия снайперлерінің 2-ші слетына қарай аға сержант Әбдібековтың 19 фашистті қырып салғаны атап айтылған.
Осылайша, танымал снайпер панфиловшы Төлеуғали Әбдібековтің даңқы бүкіл майданға тарады. Ал, 1943 жылы Жаңа жыл қарсаңында оның жауынгерлік жетістіктері туралы Бүкілодақтық радиода бағдарлама дайындалып, бүкіл жерге таратылды. Бұл хабарды отбасы, «Пахта-Арал» совхозындағы достары мен жолдастары үлкен көңілмен, қуанышпен, таңданыспен тыңдады. Оның ерлігіне бәрі қуанды. Сол кезде совхоз директоры Гресс жұмысшылар мен жерлестерінің атынан Төлеуғали Әбдібековке хат жолдады. Ол дивизиялық газетте жарияланған хатында былай деп жазды:
«Сәлеметсіз бе, біздің құрметті батырымыз Әбдібеков жолдас! Сізге барлық шаруа және совхоз қызметкерлерінен сәлем жолдаймын. Сіздің ерлігіңіз туралы бүкіл ел біледі. Сіздің батырлық әрекеттеріңіз жайлы Мәскеуден тараған радио бағдарламадан тыңдадық. Біз сізді мақтан тұтамыз біздің даңқты жерлесіміз. Өзіңіздің даңқты гвардиялық есебіңізді үздіксіз көбейтіп, фашистік басқыншыларды аямай атыңыз».
1944 жылы 23 қаңтарда Төлеуғалидің жақын досы, Сталинград үшін болған шайқаста өшпес ерлік көрсетіп, «Ерлігі үшін» медалін алған жаужүрек жауынгер Григорий Постольников Мелихово ауылының маңында қаза тапты. Панфилов дивизиясының барлау ротасына Григорий жарақатпен түсті.
Сол күнгі ұрыст жау дотасынан шыққан пулемет оғы кеңес сарбаздарын жерге жаншыды. Постольников жолдастарының қалай оққа ұшып жатқанын көрді. Сонда ол ойланбастан дотаға қарай секіріп, денесімен ұңғыны жауып қалды. Оның бұл ерлігін көрген басқа сарбаздар шабуылға екі есе күшпен ұмтылады. Осылай рухтанған жауынгерлер жау қолын ауылдан қуып шығады. Бұл ерлігі үшін Григорий Постольников қайтыс болғаннан кейін 1-ші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды.
Бірақ, Төлеуғали Әбдібеков досының өліміне қатты қайғырды. 1944 жылы 23 қаңтарда Григорийді жерлеу кезінде ол досына серт береді.
«Қымбатты, ұмытылмас майдандас досым! Мен сенің бауырың, қазақтың ұлы Төлеуғали Әбдібекұлы сенің қасиетті қабіріңде кеңес халқының қаны, біздің қыздарымыз бен аналарымыздың көз жасы, сенің өлімің үшін фашистік қанқұмарлардан аямай өш алуға серт беремін. Менің қолымнан 393 фашист біздің жерімізде ажал құшты. Алдағы шайқастарда бұл санды екі есеге арттырып, жауымыздан кек алуға уәде беремін»,- дейді.
1944 жылғы қысқы шабуыл кезінде Төлеуғали әрдайым алдыңғы қатарда жүрді. Ең жауапты деген аумақтарда ол дәлдеп аққан оқ жау әскерінің үрейін қашырды. Ал немістің ең мықты снайперлері оны қолға түсіруді армандап, ізіне түсті. Бірақ, Төлеуғали олардың көзін біртіндеп жоя берді.
1944 жылы Кеңес әскерінің мерейтойы қарсаңында Төлеуғали жаудың тағы бір снайперімен күреске түсті. Сол уақытта Төлеуғали қатты суық тигізіп алып, науқастанып қалған еді. Бір сәтте неміс оның алдын орап, бірінші оқ Әбдібековке тиеді. Бірақ өлімші болып жараланған Төлеуғали не болса да кек қайтарып үлгереді. Неміс снайпері даңқты қазақ батыры атқан соңғы оқтан сеспей қатты. Бұл атақты мергеннің жеке жауынгерлік есебіне жазылған 397-ші және соңғы жау еді.
1944 жылы 23 ақпанда Кеңес әскері күнінде Төлеуғали Әбдібеков алған жарақатынан қаза тауып, Калинин облысының Ново-Сокольнический ауданындағы Насва станцияның солтүстік-шығысында жерленді. Ерлікпен қаза тапқан батырдың мүрдесінде оның № 2916 снайперлік мылтығы Төлеуғалидің үздік ізбасарларының біріне, жас снайпер гвардиялық Әшірәлі Осмалиевке табыс етілді. Сонда ол өз ұстазының өлімі үшін өш алуға, досының жауынгерлік есебін жалғастыруға ант берді. Сөйтіп, снайперді Төлеуғалидан үйренген батыл снайпер 128 немісті жойды.
1944 жылы, 8-гвардиялық дивизияның үш жылдық мерейтойын тойлау күніне орай, қолбасшылық Қазақстанға дивизияның жауынгерлік ерлігі туралы баянатты жеткізуге делегация жіберді. Делегациямен бірге даңқты мерген ұстаған № 2916 мылтығы да жауынгерлік төлқұжатпен жіберілді. Айта кетсек, ол әзірге дейін Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік мұражайында сақтаулы тұр.
Соғыста көрсеткен жауынгерлік ерлігі үшін Төлеуғали Әбдібеков Насырханұлы Қызыл Жұлдыз, Қызыл Ту орденімен және қайтыс болғаннан кейін 1-дәрежелі Отан соғысы және Ленин ордендерімен марапатталды. Бірақ, ол қанша ерлік көрсетсе де, Кеңес Одағының батыры атағын алмады.
Төлеуғали өзінің өмірбаяндық анкетасында ағасы Кемелбайдың «халық жауы» ретінде қуғын-сүргінге ұшырағанын жасырмай жазғанына ғана бола, қолбасшылық оны Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынбады. Бірақ, ол бұл атақты алмаса да, халық оның батып екенін біледі.
Даңқты батыр Әбдібеков өз отанын қатты жақсы көрді. Ол соңына дейін әскери антқа адалдық сақтады және Панфилов гвардияшысы атағын жоғары бағалады. 1942 жылдың қарашасында ол майдандас достарының алдында өзінің өмірлік мақсаттары туралы: «Мен – гвардияшымын, бұл мен үшін үлкен құрмет. Мен өзімнің «Гвардия» туын сүйемін және соңғы демім шыққанша оның астында күресіп, 28 гвардияшыл батырлар қалай шайқасты, солар секілді жауқа қарсы айқасып, жеңуге ант беремін», дейді.
Ұлы Отан соғысының үздік снайперлері тізіміне енген атақты мерген, қазақтан шыққан даңқты батыр Төлеуғали Әбдібеков өзінің сүйікті Отаны үшін өз өмірін құрбан етті. Біз әрдайым оның батырлық ісін, ерен еңбегін, ерлігін мәңгі жадымызда сақтайтын боламыз және батырдың ол ерліктері ешқашан ұмытылмайды.