2,6 трлн теңге бөлінген: Қаржы министрі әлеуметтік көмекке қанша ақша бағытталғаны туралы
Бүгін ҚР парламенті палаталарының бірлескен отырысында қаржы министрі Әлихан Смайылов 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп берді, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
Сурет: Матрица.kz
Оның айтуынша, бюджет шығыстары барынша жоғары атқарылуға қол жеткізілген, яғни 99,8%-ті құраған. Бюджет қаражатының игерілуі келесі көрсеткіштермен сипатталады.
«Бюджеттің әлеуметтік бағыты күшейді. Бұл салаға бүкіл шығыстардың жартысына жуығы, яғни 4,3 трлн теңге жіберілді. Әлеуметтік көмекке және әлеуметтік қамсыздандыруға 2,6 трлн теңге бағытталды. 3 млн 530 мың адамға бюджеттен зейнетақы мен жәрдемақы төленді. 2018 жылы 10,1 млн салымшыға 9,4 трлн теңге міндетті зейнетақы жарнасы аударылды.
Ана мен балаларды әлеуметтік қолдауға 2018 жылы 146 млрд теңге жұмсалды. Нәтижесінде 849 мыңға жуық адам жәрдемақы алды. «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде 42 мың адам техникалық және кәсіптік біліммен қамтылды. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 28 мың кәсіпкер оқудан өтті. Микрокредит алушылардың есебінен қосымша 12,6 мың жұмыс орны ашылды», - деп айтты Смайылов парламент палаталарының бірлескен отырысында..
Министр мемлекетті дамытуда білім саласы маңызды рөл атқаратынын айтып, өткен жылы бұл сала 474 млрд теңгеге қаржыландырылғанын атап өтті.
«2018 жылы балабақшалардың саны 10 314-ті құрады немесе 2017 жылмен салыстырғанда, 551-ге көбейді. Ол 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 95,2% деңгейінде қамтуға мүмкіндік берді. 62 мектеп пайдалануға берілді», - деп айтты қаржы министрі.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары денсаулық саласына 1 трлн 71 млрд теңге бөлініп, оның 955 млрд теңгесі халықты кепілдендірілген тегін медициналық көмекпен қамтамасыз етуге бағытталғанын айта кетті. Нәтижесінде қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім – 4,3%; қатерлі ісіктерден өлім 2,5% төмендеп, 4 млн 905 мың адам вакцинациядан өткен.
Естеріңізге сала кетсек, осы уақытқа дейін Қайрат Мәмидің конституциялық кеңестің жыл сайынғы жолдауын жариялап, Қазақстанда биліктің сабырмен ауысқаны туралы айтқанын хабарлаған едік.