Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оңтүстік Кореяда тұратын қазақ жігітінің көркіне кәрістер тамсануда

Дастан Валиулин — 18 жасында Оңтүстік Кореяға оқуға аттанып, сол мемлекетте Қазақстанның Мәдениет елшісі атанған отандасымыз. Бес жыл көлемінде Таңғы самал елінде өмір сүріп жатқан Дастан Валуиулин Қазақстанды танытуға берілген әрбір мүмкіндікті пайдалануға, мәдениет арқылы екі ұлтты бір-бірімен жақындастыруға тырысады. Отандасымыз оның ісін қолдаған корей арналарының тұрақты қонағына айналды. Тіпті олардың бірінде қазақтың ұлттық тағамдарын әзірледі. 

18 жасында Оңтүстік Кореяға аттанып, қара жұмыс істеген жігіт, сол елдің жұлдызына айналдыОл Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне шетелде танылу үшін не істеу керектігін, кәрістердің қазақтарға несімен ұқсайтынын, кәрістердің қазақтар жайлы не ойлайтынын айтып берді.

Дастан, дәстүрлі сұрақтан бастасақ. Өзіңіз жайлы айтып беріңізші.

Қарапайым отбасыдан шыққан қазақпын. Оңтүстік Кореяға оқуға кетпей тұрып, күнделікті мектепке барып, хоккеймен айналысқан қазақстандық едім. Өзгелерден ерекшелендім деп айта алмаймын. Басқа балалар не істесе, мен де сонымен айналыстым. 2014 жылы мектепті бітірген кезде тағдырдың жазуымен маған Оңтүстік Кореяда білім алуға мүмкіндік пайда болды.

ҰБТ-дан да жақсы балл жинаған мен Қазақстандағы университеттердің біріне оқуға түсуді жоспарлап жүрдім. Бірақ ата-анам мені елімізде емес, шетелде оқытуды жөн көрді. Олар мұндай шешімге тек менің емес, өздерінің де болашағын ойлап келді деп айтуға болады. Қазір мен Кукмин университетінде бизнес мамандығы бойынша соңғы курста білім алып жатырмын. Әлі күнге дейін хоккеймен айналысамын.

Ата-анаңыздың таңдауы неліктен Оңтүстік Кореяға түсті?

2014 жылы мен хоккеймен айналысатын ауданда корей тілінің мектебі ашылды. Ата-анам "корей тілінің қандай екенін" көріп қайт деумен менің сол мектепке барғанымды қалады. Хоккейден кейін екі сағат көлемінде бос уақытым болатын. Күндердің бір күнінде жаттығудан шығып, тілдер сабағына қатысу туралы шешім шығардым да, мектепке қарай беттедім. Мұғалім қолыма кітапты беріп, отыратын орнымды көрсетіп, хангыль атты корей тілін түсіндіре бастады. 

Жеке басым бір сағаттың ішінде бүкіл корей әліпбиін жаттап алдым. Осыған және сабақтың соңында корейше оқып кеткеніме таңғалдым. Корей тілінде тек иероглифтер деп ойлайтынмын. Қателескен екенмін. Кәрістердің тілінде қазақ пен орыс тіліндегідей әріптер бар. Сабақтан кейін үйге шабыттанып келіп, ата-анама әліпбиді білетінімді, оқи алатынымды айтып бердім. Тілдер мектебіне екі-.үш апта бардым.

18 жасында Оңтүстік Кореяға аттанып, қара жұмыс істеген жігіт, сол елдің жұлдызына айналды

ҰБТ тапсыратын уақыт келген соң, бар ықыласымды тестке бөлдім. Қазір Таңғы самал елі жайлы қазақстандықтардың барлығы біледі. K-POP, дорама (сериал) арқылы Кореяны таныған. Ал осыдан бес жыл бұрын ол мемлекеттен тек қана белгілі бір адамдардың тобы хабардар еді. Сабақта үш-төрт адам отыратынбыз. 

Бір күні хоккейдің жаттығуынан қайтып келгенімде анам мен әкем мені залға шақырып, маңызды әңгіменің бар екенін айтты. Жарқын болашағым үшін мені Оңтүстік Кореяға жіберетінін мәлімдеді. Мен ол жақта оқу, тұру, тамақтанудың құны арзан емес екенін сөз еттім. Оның үстіне қазір кетіп қалсам, елге оралғанда қайта оқуға түсе алмайтынымды, екі жылды босқа жіберетінімді түсіндірдім. Ата-анам болса маған ешнәрсеге алаңдамауға кеңес берді. Олар тіл курсының бастапқы кезеңдерін, екі-үш айды төлеп беретін болды.

"Егер мүмкіндігің болса, қалған шығысыңды өз қолыңа алуға тырыс", — деп ақыл айтты. Сол кезде жанұямызда ақшалай проблемалар туындаған еді. Оның үстіне әлемдік дағдарыс басталып, теңге құнсыздана түскен. Сондықтан ата-анамнан мұндай сөздерді естимін деп ойладым. Қазір Кореяда тұрып жатқаныма бес жыл болды.

18 жасында Оңтүстік Кореяға аттанып, қара жұмыс істеген жігіт, сол елдің жұлдызына айналды

Маған сенім артып, қорықпай шетелге жіберген ата-анама алғысым шексіз. Өсе келе оларды жақсы түсіне бастайсың. 17-18 жастағы баланы мәдениеті, тілі, тамағы бөлек елге жіберу оңай емес. Сондықтан баласына сенген, он жеті жасқа дейін балалық шағымның тыныш өтуіне көңіл бөлген ата-анама рахмет айтудан шаршамаймын. Күн сайын екеуі үшін тағдырыма ризалығымды жеткіземін.  

Оңтүстік Кореяға келгенде кәрістердің өмір сүру салтынан көзіңізге не ерсі көрінді? Олардың қай әдебі қазақтардың менталитетіне сай келмеді?

Мен Қазақстаннан Кореяға келгенде кішкентай болдым. Өзімнің елімдегі өмірге бейімделмедім. Басқаша айтқанда сабағына, жаттығуына барып келіп жүрген оқушы болдым. Кореяда маған барлығы жаңа дүние болып көрінді. Бұл жерде үлкен адамдардың қалай өмір сүретінін көріп, жауапкершілікті қалай алу керектігін үйрендім.

Жол бойында орналасқан бағаналардан бастап корей тіліндегі әңгімелердің барлығы маған жаңа нәрсе болып көрінді. Сондықтан сай не сай емес деп айта алмаймын. 

18 жасында Оңтүстік Кореяға аттанып, қара жұмыс істеген жігіт, сол елдің жұлдызына айналдыInstagram желісіндегі парақшаңызда Кореяда істеген алғашқы жұмысыңыз жайлы жазып, көпшіліктің көңілін толқыттыңыз. 18 жасыңызда бастаған жұмысыңызға тоқталып өтсеңіз.

Маған шығындарымды өз мойныма алып, жұмысқа кірісуге мүмкіндік пайда болды. Тағдырдың жазуымен мен музыкалық мектептің иесімен таныстым, оған әңгімелесуге келіп, жұмысқа орналастым. Нақтырақ айтқанда, сол мектептің хабарландыру қағаздарын Сеулдың үлкен аудандарына жабыстырып шығатынмын. Күндіз сабақтан шыққан соң, соя тұздығы қосылған екі кесе күрішті жеп алып, үйге асығатынмын.

Ол кезде университеттен алыс тұратынбыз. Үйге келіп, сөмкемнің ішін босатып тастаймын. Үстіме ұзын, созылып кеткен футболкамды, күннен сарғайып кеткен шолақ шалбарымды, аяғыма іліп алатын тәпішкемді киіп алатынмын. Қолыма скотчты алып жұмысқа аттанатынмын. Осы күндерім жайлы жазбамды оқыған адамдардың барлығы басымнан өткергенімді фильмнің сценарийіне теңеп жатыр. Қазір сол күндерді есіме алсам, басыма расында да фильмнің сценарийі деген ой келеді. Кореядағы алғашқы жұмысым осындай болды.  

Сол кездегі еңбектің арқасында Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы Мәдениет елшісі атандыңыз. Сізді корей телеарналары өзінің бағдарламаларына шақырды. 

Шүкір деймін. Хабарламаларды жабыстырумен айналысқаннан кейін, кафеде жұмыс істедім. Айналамдағы кәрістердің арқасында тілімді жаттықтырдым. Кәріс тілін оқу қажет болғанда, оған бар ынтамды салып оқыдым. Егер бір тәуліктің ішінде жиырма төрт сағат болса, төрт сағатын ұйқыға қалғанын тілді меңгеруге, жұмысқа арнадым. Осының барлығы маған көмектесті. Еңбектің арқасында мен Мәдениет елшісі атандым. Бағдарламаларға қатысуға мүмкіндік алдым. 

Оңтүстік Кореяда өз елім жайлы сөз қозғағанда оның барлық байлығына, бай мәдениетіне тоқталамын. Мен шетелде жүріп, отанымның мәдениетімен жақынырақ таныстым. Қазақстанды көбірек зерттеп, адамдарға білгенімді айтып бердім. 

18 жасында Оңтүстік Кореяға аттанып, қара жұмыс істеген жігіт, сол елдің жұлдызына айналды

Оңтүстік Корея азаматтарының Қазақстанға деген қызығушылығы арта түсті ме?

Иә. Интернет порталдарда, газеттер мен журналдарда Қазақстан жайлы шыққан мақалалар оларды қызықтырады. Қазір Кореяда біздің елімізден келген студенттер көп. Шетелге шыққан азамат өз елі үшін жауапты. Біздің студенттеріміз Қазақстан жайлы сұраған азаматттарға жақсы жауап береді. Студент болған соң бір-бірімізбен жақсы араласамыз. Кәрістер Қазақстан жайлы көп нәрсе біледі. Алматыны, Астананы, біздің дәстүрлерді, топтарды таниды. 

Кореяда шетелден келген азаматтарға өз-өзін көрсету қиын емес болғаны ғой?

Егер жұмыс істесеңіз, жалқауланбасаңыз, талпынысыңыз бар болса, сізге кез-келген есіктер ашылады. Ешқандай құпия жоқ.

18 жасында Оңтүстік Кореяға аттанып, қара жұмыс істеген жігіт, сол елдің жұлдызына айналды

Бір бағдарламада сіз бауырсақ пісіріп, лағман созып, жүргізушіге айран ұсындыңыз. Кореяда бағдарламаның қонағы атану үшін не істеу керек? Түсірілім қалай өтті? 

Жобаның менеджері телефоныма хабарласып, бағдарламаға түсі туралы ұсыныс тастады. Бағдарлама көрермендеріне Қазақстанның мәдениетін, асханасын көрсеткісі келетінін айтты. Бос уақытымның бар не жоғын сұрады. Мүмкіндігім бар болған соң, бағдарламаға қатысуға келістім.

Егер сізге дәл осындай ұсыныспен жоба менеджері немесе редактор хабарласса және Қазақстанды танытуға құлшынысыңыз болса, мен сияқты келісім бересіз. Сосын олар сізге бірнеше сағаттан кейін қайта хабарласып, e-mail поштаңызды сұрайды. Поштаңызға бағдарламада не айтылатыны жайлы текст жібереді. Тексттің ішінде сіздің және жүргізушінің айтатын сөздері болады.  

Мені шақырған бағдарламада қонақ жүргізушімен бірге ас әзірлейді. Сондықтан олар менен тамақ пісіруге қажетті азық-түліктердің тізімін сұрады. Оларға қажеттінің барлығын жазып, үлкен тізімді жібердім. Негізі бағдарламаға түсу туралы ұсыныс күтпеген жерден келді. Досым екеуміз Сеулден шығып, теңізге қарай жол тартқанбыз. Түсірілім үшін теңізге бармай, жарты жолдан қайтып кеттік. 

Бірінші кезекте бағдарламаны түсіретін кеңсеге келдік, артынан студияға бардық. Ас әзірлеуді үйрететін асхана мектебіне бардық деп айтқаным дұрыс болар. Бізге белгілі бір жерді бөліп берді. Алдымызға камера қойып, бауырсақ пісіргенімізді, лағман созғанымызды түсіріп алды. Түсірілім басталмай тұрып, қамыр илеп қойдым. Бағдарлама жиырма минуттық қана. Бірақ барлығын әдемілеп түсіндіріп, әдемілеп сөйлеу үшін түсірілімге үш сағат кетті. 

Қамыр илеп, бауырсақ пісіруді кімнен үйрендіңіз?

Мен бағдарламаға дейін бауырсақ пісіріп көрмегенмін. Алғашқы тәжірибем түсірілім алаңында өтті. Түсірілім басталмай тұрып "Не істесем болады? Ешқашан пісірмесем де көрсету керек қой" деген ойлар мазалады. Анамның қамыр илеп, ашытқы қосып бауырсақтарды пісіргені есімде. Кезінде көзіммен көріп, есімде қалған естелікке сүйеніп бауырсақтарды дайындадым. Тәтті болып шықты. Бірінші рет дайындаған адам үшін жаман емес. Жасап жатқанда суды көп құйып жібердім деп ойладым. Бірақ қамыр жақсы ашыды. Кәрістерге біздің асханамыз ұнады.

Кореяда тұрып жатқаныңызға бес жыл болды. Бес жылдың ішінде кәрістердің қандай қасиетін бойыңызға сіңіріп алдыңыз?

Маған осы сұрақты жиі қояды. Мен Кореяда өстім, сондықтан нені алғанымды нақты білмеймін. Тұлға ретінде қалыптасып, өзімнің өмірге не үшін келгенімді, мақсаттарымның қандай екенін Кореяда ұқтым. Әдетте Қазақстанға барғанда адамдар: "Дастан, қазаққа ұқсайтын шығарсың, бірақ сенің бойында кәріс өмір сүреді", — дейді. Мен мұны жоққа шығара алмаймын. Кореяда өскен соң, мәдениетін бойыма сіңірдім. Кәріске ұқсасам да, жаным мен түп-тамырым Қазақстанда.

Кәрістер үшін шетелдікпін. Сондықтан "көрікті көрінесің" деген сынды сөздерді естеймін. Олар Қазақстандағы адамдардың бет-әлпетіне қызығады. Қазақстандағы адамдардың әдемі екенін және әрқайсысы бір дүниесімен бір-бірімен ерекшеленетінін мақтанышпен айтамын. 

Қазақтар мен кәрістердің ұқсастығы бар ма? Корея азаматтарының біздікінен ерекшелігі неде?

Байқасаңыз, қазақтар мен кәрістер барлық жағынан бір-біріне ұқсайды. Өмірлік мақсаттары, өмір сүру әдептері, мәдениеті мен дәстүрлері ұқсас. Қазақстанда қандай екенін білмеймін. Бірақ Кореяда адамдар тәулігіне он-он екі сағаттан жұмыс істейді. Олар осыған үйреніп қалған. Кәрістер өте еңбекқор. Мұнымен мен қазақстандықтар, қазақтар жалқау деп айтқым келіп тұрған жоқ. Көп жұмыс істеу — кәрістердің ерекшелігі. Кореяға келген туристер мұндағы азаматтардың кеңседен шықпай жұмыс істейтінін көріп қатты таңғалуы мүмкін.

Кореяда бәсекелестік — өмірдің үлкен бөлігі. Оның жағымды тұстары өте көп. Адамдар өздеріне мотивация беріп, биік шыңдарды бағындырады. Университетте оқыса, басқа біреумен үнемі бәсекеге түседі. Жақсы баға оған болмаса, басқа біреуге бұйырады. Әрдайым бірінші болуға тырысу керек. Үздік атанбаса, ұтылады. Өзін дәлелдемесе, таңдауда басқа миллиондаған адам бар. 

Шетелде жүрген отандастарымыз қазақтың ұлттық тағамдарын, ет пен қазыны сағынатынын жасырмайды. Сіздің де осындай сағынышыңыз бар болар?
Сүт өнімдерін, яғни құрт пен қаймақты, қазақстандық сүтті жақсы көремін. Жеке басым сүт өнімдеріне жақынмын. Қазақстанға көп бармаймын, бірақ елге оралғанда бірінші кезекте сүт өнімдерін сатып алып, рахаттанамын. 

Кореяда олардың саны көп. Алайда, бұл жерде адамдар күрішпен, теңіз тағамдарымен тамақтанғанға үйреніп қалған. Қазақстанда мал шаруашылығы жақсы дамыған ғой. Дүкенге барып, үй қаймағын сатып ала аласың. Ал Кореяда ондай мүмкіндік жоқ. 

 

 

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

Талқылау