Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

18 миллионның ішіндегі дара тұлға: Қазақстандық “Ник Вуйчич” Диего Марадонаның үстіне шапан жапты

Әли Тұрғанбеков — Қазақстанда өмір сүретін 18 миллион адамның ішіндегі ең ерекше азамат. 2008 жылы дүниеге екі аяқсыз келген дара тұлғаның алдына қойған мақсаты мен арманы биік.  Ол әлемдегі ең танымал мотиватор Ник Вуйчичпен (тетраамелия синдромынан аяқ-қолсыз туылған), футбол королі Диего Марадонамен, әлемдік футболдың жұлдыздары Неймар, Эдинсон Каванимен кездескен. Оларды футболдағы қабілеттерімен таңғалдырған.

Әли Тұрғанбек

Қазақстандық “Ник Вуйчич” атанып кеткен ол, анасымен бірге Stan.kz тілшісіне ең танымал оратордың қандай кеңес бергенін, спорт жұлдыздарымен қалай достасып кеткенін, өкпе, ренішті қалай жеңетінін айтып берді.

Бүгінгі күнге сенімін жоғалтпай, үмітін үзбеген Әли Тұрғанбеков өзін өте белсенді, спортты, әзілді жақсы көретін бала ретінде сипаттайды. Ол өзінің дара, ерекше тұлға екенін жақсы түсінеді. Өзін өзгеше етіп жаратқан Аллах Тағалаға шүкіршілік етуден шаршамайды. Сонымен қатар, Жаратқан оны басқалардан ерекше, өзгеше жақсы көретінін біледі. Тұрғанбеков мектептегі ең пысық, ақылды оқушылардың бірі. 11 жастағы баланың сөзінше, ол адамдар көңілдірек жүруі үшін қалжыңдағанды ұнатады. Тұрсынбек Қабатовтың концерттерін, күлкілі вайндарды көргенді жаны сүйеді екен.

“Қазақстанда дәл мендей ерекше, дара адамның жоқ екенін білемін. Аллах мені басқалардан өзгеше етіп жаратты және ол мені ерекше жақсы көреді. Аллах Тағаланың осылай жаратқанына қанағаттанатын қасиетім бар. Мен ешкімге, ешнәрсеге өкпелемеуге тырысамын, ренішімді тез ұмытып кетемін. Сонымен қатар, мен аяғым болмаса да, футбол ойнай алатын дара адаммын. Ал футбол деген сөздің ағылшын тілінен аударғанда тура мағынасы “аяқдоп” дегенді білдіреді. Мен спорттың бұл түрін жақсы көремін, жан-жүрегіммен сүйемін. Бұл да менің даралығымның бір белгісі ғой. Барлық адамдар сияқты болмасам да, солардай болуға, тіпті барлығынан мықты болуға тырысамын”, — дейді Әли Тұрғанбеков.

Әли Тұрғанбек

Бүгінгі күні қатарластарынан қалыспай, спортта үздік нәтижелерді көрсетіп жүрген жігіттің алар асуы әлі алда. Ол Қазақстанның параолимпиададан өткен чемпионатына қатысып, 32 баланың ішінен мәреге 5 болып, керемет көрсеткішке жеткен. Әли Тұрғанбековтың өмірге қойған армандары биік, ал мақсатттары айқын. Оның өз-өзіне деген сенімі, бұл дүниеге деген махаббаты әлемдегі танымал оратор, меценат Ник Вуйчичпен кездескеннен кейін арта түскен. Бүгінгі күні аяқ-қолсыз туылған Вуйчич дүние жүзі бойынша көптеген адамдарды ұлы істерге шабыттандырып келеді. Әли Тұрғанбековпен ол Андрей Малаховтың “Пусть говорят” бағдарламасында 2016 жылы кездескен.

Вуйчич “Сен барлығын істей аласың” деп менің көңіліме сенім ұялатты. Мен кішкентай болғанда анам үнемі маған аты аңызға айналған Ник Вуйчичтің кітаптарын оқып беретін. Сол кездері мен анама: “Ол сондай күшті! Вуйчичпен тірідей кездессем екен” деп айтып қалған едім. Сосын анам Андрей Малаховқа хат жазып, бағдарламаға Ник Вуйчичті шақыруды сұрады.

Анам хатында дәл Вуйчич секілді адамдар біздің заманымыздың батырлары болуы керектігін айтты. Сосын ұзақ уақыттан кейін бағдарлама ұйымдастырушылары анама жауап беріп, бағдарламаға Ник Вуйчичтің қонақ болып келетінін айтты. Олар бізді де қонаққа шақырды. Ең танымал мотиватормен кездесу жөніндегі арманым осылай орындалды”, — дейді Әли.

Әли Тұрғанбек

Вуйчичтің сөздерінен қанаттанған бала футбол королі Диего Марадонамен кездесу үшін футболшыға арнап видео түсіріп оны әлеуметтік желіге жүктеген. Видеода қазақстандық “Ник Вуйчич”, футболды қатты жақсы көретінін, Диего Марадонамен кездесуді армандайтынын айтқан. Әлидің бақытына орай, желі қолданушыларының арасында танымалдығы тез артқан видеоны Диего Марадона көрген. Ол баланың қайсарлығы, күш-жігеріне тамсанып, Әлидің бетін қайтармай өзімен кездесуге шақырған.

 

 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 

 

Публикация от Ali_Amir_happy Али Турганбеков (@ali_amir_happy)

18 миллионның ішіндегі дара тұлға: Қазақстандық

“Диего Марадонамен кездесуім өмір бойы ұмытылмайтын естеліктердің бірі. Ол мені өз немересіндей қарсы алып, үнемі құшақтап, бетімнен сүйе берді. Аяқтары ауырса да, менімен бірге ұзақ уақыт бойы футбол ойнады. Оның осы әрекеті мені таңдандырды.

Біз Марадонаға ең сыйлы, ең қадірлі адамға кигізілетін ұлттық киімді, яғни қазақтың шапанын сыйға тарттық. Марадонаның шапанды кигені керемет болды. Мен Мессимен және Роналдумен кездесуді армандаймын. ИншАллах екеуімен кездесетініме сенемін”, — дейді ол.

Әли Тұрғанбеков сүйікті футболшыларымен кездесіп, олармен естелікке суретке түсіп, қолтаңбаларын алып үлгерген. Атап айтқанда бүгінгі күні ПСЖ (Пари Сен-Жермен) командасында ойнайтын Неймармен, Эдинсон Каванимен футбол ойнап, Анхель Ди Мариямен, Килиан Мбаппемен танысқан.

Әлидің анасы Ақмарал Әмірееваның сөзінше, бүгінгі күні әлемдік деңгейдегі футболшы Эдинсон Кавани Instagram әлеуметтік желісі арқылы әлі күнге дейін Әлиге жазып тұрады екен. Кавани Әлидің парақшасына жазылғанда, қазақстандық жігіттің қуаныштан төбесі көкке екі-ақ елі жетпей қалған екен.

 

 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 

 

My dier friend @cavaniofficial21 I’m very very HAPPY!!!⚽️⚽️⚽️

Публикация от Ali_Amir_happy Али Турганбеков (@ali_amir_happy)

Әли Тұрғанбековтың спортқа деген махаббаты шексіз. Футболдан бөлек жүзумен айналысатын ол, 2018 жылы отандық палуан Сергей Цырульниковпен бірге “Арманның күші” деп аталатын челенджді бастады. Челендждің танымалдығы отандастарымыздың арасында, шетелде де артты.

“Арманның күші (Сила мечты) челендждердің ішінде ең күштісі және ең пайдалысы деп санаймын. Біз оны Сережа Цырульников ағамен бірге бастағанбыз. Адамдар әлі күнге дейін әлемнің түкпір-түкпірінен кеудені жерден жоғары көтеру жаттығуы бейнеленген видеоны жолдайды. Челендждің тек Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де танымал болғанына таңғалдым. Себебі, оған көп адам қатысады деп ойлаған жоқпын. Челендждің нәтижесін көріп, риза болып қалдым”, — дейді ол.

 

 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 

 

Публикация от Ali_Amir_happy Али Турганбеков (@ali_amir_happy)

Қазақстандағы ең ерекше баланың бойынан өмір сүруге деген үлкен құштарлықты байқауға болады. Ата-анасы оған таптаурындардан қорықпай, арманына, мақсатына қарай алдыға жылжуға үнемі кеңес береді екен. Ақмарал Әмірееваның сөзінше, ұл бала дүниеге келгенде ең жақын деген туысқандарының өзі оған одан бас тартуға кеңес берген. Тіпті, басында туысқандары ұзақ уақыт бойы баланы қабылдай алмаған.

“Мен сол сәтте ұлымның атын шығаруға уәде еттім. Оның армандарын орындауға, ең бақытты қылуға сөз бердім. Әлі оған барлығы тамсанатын болады. Менің ұлымның екі аяғы болмаса да, өмірге деген құштарлығы өте үлкен, талабы таудай биік. Армандары мен мақсаттары айқын. Ол 18 миллион тұрғыны бар Қазақстандағы дара тұлға, кішкентай мотиватор”, — дейді анасы.

Әли Тұрғанбеков

Әли Тұрғанбеков бүгінгі күні Астанадағы ең үздік оқу орындарының бірінде, Нұрорда мектеп-лицейінде білім алады. Тұрғанбеков Астанаға көшпей тұрып, жанұясымен Талдықорғанда тұрған. Бала жетіге толып, мектеп табалдырығын аттауды тағатсыздана күткен екен. Алайда, өңірде бірде бір білім ордасы оны оқуға қабылдағысы келмеген. Баласы үшін тау мен тасты қопаруға дайын болған ата-ана Астанаға көшіп кетіп, елордадағы мектептерге сенім артып келген.

“Астанада Әлиде білім және спорт жағынан дамуға дара мүмкіндіктер пайда болды. Нұрорда мектебіне, оның ұжымына, және осындай білім ордасында оқуға мүмкіндік берген “Катев” қорына үлкен алғыс айтамын. Әли өзінің мектебін, сыныптастарын, мұғалімдерін қатты жақсы көреді”, — дейді Ақмарал Әміреева.

Әли Тұрғанбеков

Әли Тұрғанбековтың аяққа тұрып, жүріп кетуі үшін Қазақстанда, шетелде де протездер табылмаған еді. Алайда анасы Пекиндік дәрігерлерден Әли үшін арнайы протездерді ойлап шығаруды сұрап, өз дегеніне жеткен. Ақмарал Әмірееваның ұлы аяғына тұра алды, оған көмек қолын созған адамдар да табылды. Алайда Әли Тұрғанбеков белгілі бір себептерге байланысты жүруді енді-енді үйреніп жүр екен.

“Протездерді алдық. Ақша кешірек аударылғаннан кейін біз реабилитацияны әлі жеткілікті өткен жоқпыз. Әли еркін жүріп кетуі үшін тағы жаттығу керекпіз”, — дейді ол.

Қазақстандық “Ник Вуйчичтің” анасы үнемі күліп, жақсылықты ойлап жүретін баласының көздерінен кейде мұңды байқап қалатынын, өсе келе мінезінде өзгерістердің орын алып келе жатқанын жасырмайды.

“Мен ұлымның бірнәрсені беріліп ойлап кеткенін немесе көздерінде мұңның бар екенін байқап қалсам, онымен ақырындап сөйлесе бастаймын. Әли өз ойларымен бөліседі. Соңында барлығын қалжынға айналдырып, әзілдейді, сол кезде біз бірге күліп, бір-бірімізді құшақтаймыз. Мінезінде өзгерістер байқалады. Бұрын ол адамдардың қадалған көзқарастарынан қысылатын еді. Танмалдығы артқан соң, оның өз-өзіне деген сенімі күшейді. Көптеген адамдар оны таниды, ұлыммен бірге суретке түскісі келетіндер бар. Ол: “мама, адамдар маған мен оны бір жерден көрдім деген көзқараспен қарайды”, — дейді де артынан күледі.

“Кезінде адамдар оған жабайы көзқараспен қарайтын. Біздің қоғам ерекше балалар мен адамдарды қабылдай алмайтын, бірақ қазір олардың көзқарасы өзгеріп келе жатыр. Мен Әлиді балалық шағынан бастап, қоғаммен жақынырақ араластыруға, оны одан алыстатпауға тырысамын. Адамдар өздерінің арасында ерекше жандардың өмір сүретініне үйрену керек. Оларға көмектесу керектігін түсінуі қажет. Еуропада мүмкіндіктері шектеулі адамдардың жүріп-тұруы үшін барлық жағдайлар жасалған.

Бізде сондай елеулі өзгерістер орын алса екен. Сонымен қатар, ең бастысы, адамдардың эмоционалды интеллектісін дамыса, жақсы болар еді. Менің ойымша, қоғамның ерекше мүмкіндіктері бар адамдар жайлы ойлары, қарым-қатынасы жақсы жаққа қарай өзгеруі үшін жарымжандардың өмірін, тұрмысын фильмдер арқылы көрсеткен дұрыс. Кейде Әли жайлы фильм түсіруді ойлаймын. Фильмде оның туылғанынан бастап бүгінгі күнге дейінгі өмірін, қиындықтар мен жақын адамдардың арасындағы түсініспеушілікті, ұлымның жетістіктері мен жеңістерін көрсететін едім”, — дейді Ақмарал Әміреева.

Қатарластарынан зеректігімен ерекшеленетін, “білсем, көрсем, үйренсем” деген таудай талабы бар Әли Тұрғанбеков кішкентай кезінде аяғының өскенін армандаған. Ал қазір жанұясының, барлығының бақытты болғанын қалайды. Әркімнің денсаулығы мықты болуын тілейді. Оның сөзінше, бақыт деген адамның ішкі жан дүниесінде. Ата-анасы оған кез келген жағдайда бақытты болуды үйретіпті.

Әли Тұрғанбековтың өзінен үлкен әпкесі бар. Ол соңынан ерген бауырларымен серуендегенді, кішкентай қарындасымен ойнағанды, белсенділікті, кітап оқығанды жақсы көреді, бір орында ұзақ отырғанды ұнатпайды. Сондай-ақ, жалдамалы пәтерде тұрғандықтан, жеке баспанасына қол жеткізуді армандайды. Әли Тұрғанбеков түсінде дүние жүзіне танымал футбол жұлдыздарымен бірге доп теуіп жүргенін жиі көреді екен. Сондай-ақ ол әлемдегі ең үздік футбол клубтары жиналған, тарихы мен мәдениеті тереңде жатқан Испанияны өз көзімен көргісі келеді. Әли Тұрғанбековтың жетістіктерін бақылап отыру үшін оның Instagram желісіндегі парақшасына жазылыңыз ali_amir_happy

 

 

 

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

 

Талқылау