17 жасында бизнесін ашқан қазақ жігіті табысқа қалай қол жеткізгенін айтып берді

Сәрсенбі, 12 Сәуір , 2017 16:42

Елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға зор көңіл бөлініп отырғаны белгілі. Өткен жылдың мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда 1 240 916 ШОБ субъектісі жұмыс істейді екен. Онда 3,1 млн-нан астам адам еңбек етуде. Отандық бизнестің дамуына өз үлесін қосып жүрген кәсіпкердің бірі – Арслан Даримов.

ef91f2424680ffbb99f4dcdc3f49daff (1)

Ол 17 жасында «Rоcket Study» білім беру орталығының негізін қалаған. Қазіргі таңда оның кәсібі өрге домалап, Астанада ағылшын тілінің 6 мектебін ашыпты, деп жазады Baq.kz.

– Арслан, жеке кәсібіңізді қашан аштыңыз?

2014 жылдың 7 тамызында мен компаниямды заңды түрде тіркедім. Ол кезде жасым 17-де болатын. Жұмысты бастап кеттік. Осылайша адамдарға қолғабыс көрсетуді ойладық. Алғашында бір ғана офисіміз болды. 2016 жылдың соңынан бастап офистерімізді көбейте бастадық. Қазіргі таңда Астанада 6 білім беру орталығымыз бар.

– Бизнеске келуге не түрткі болды? Жалпы, осы кәсібіңізді ашпас бұрын немен шұғылдандыңыз?

Мен Ақтөбе қаласында туып өстім. Жастайымнан кәсіпке деген бейімім болды. Мектепте жүрген кезде шағын болса да өз жобаларыммен айналысып жүрдім. Яғни 9-сыныптан бастап, футболкаларды сата бастадым. Кейін 10-сыныпта ауқымды іс-шаралар ұйымдастырдым. Астана қаласында көлемді 3 шара өткіздім. Осы шараларға мыңға жуық азамат келген шығар. Түрлі іс-шараларды ұйымдастыра жүріп, 2000-3000 доллар пайда таптым. Бұл қаржы маған ағылшын тіл үйрену үшін қажет болды. Мақсатым – АҚШ-тағы университтердің біріне грантқа түсу. Ол үшін маған халықаралық IELTS, SAT емтихандарын тапсыру керек болды. Осылайша, 11-сыныптан ағылшын тілін терең оқи бастадым. Нәтижесінде IELTS емтиханынан сүрінбей өтіп, АҚШ-тағы университтердің біріне грантқа түстім.

– Кейін не істедіңіз?

Осы емтихандарды тапсырғаннан кейін менде бос уақыт пайда болды. Нәтижесінде алдыма тағы бір мақсат қойдым.

– Қандай?

Ағылшын тілінен емтихандарға дайындалып жүргенде жастар арасында проблема бар екенін білдім. Олар осы емтихандарға қандай кітаптармен дайындалу қажеттігін білмейді екен. Осылайша, Қытайдың интернет дүкендерінен 90-180 кітапқа тапсырыс бердім. Онда халықаралық емтихандарға қалай дайындалу қажеттігі жазылған. Ендігі мақсатым осы кітаптарды сату болды. Мен кітаптарды алғыздым. Кейін Астана қаласындағы барлық білім беру орталығының тізімін жасап, оларға хабарласа бастадым. Мұны ағылшынша «cold call» («суық қоңырау» – автор) деп атайды. Ағылшын орталықтарына хабарластым. Уақыт өте оларда қандай мәселе бар екендігін анықтадым. Кейін ағылшын тілінің орталықтары менімен ақылдаса бастады.

– Кешіріңіз, сөзіңізді бөлейін. Олар сізбен не жөнінде ақылдасты?

Біздегі ағылшын тілін оқытатын орталықтар студенттерді халықаралық емтихандарға қалай дайындау керектігін білмейді екен. Мен оларға ақыл-кеңесімді бере бастадым. Нәтижесінде мені білім беру орталықтарының бірі жұмысқа шақырды. 2013 жылдан бастап ағылшын тілініне сабақ бере бастадым. Бұл мен үшін қызықты болды. Себебі, өз білгенімді өзгелерге үйрету маған ұнайтын. Өз жұмысымды ақша үшін емес шын пейіліммен істедім. Нәтижесінде оқушыларым білім алып, жақсы нәтижеге қол жеткізді.

– Кейін жеке білім беру орталығын ашуға бел будыңыз ба?

Мұғалімдік қызметті аяқтағаннан кейін «Алма-Ата» бизнес орталығына бардым. Ол жерден 10 шаршы метр болатын аумақты жалға алдым. Оған айына 40 мың теңге төлейтінмін. Менің алғашқы инвестициям 70 мың теңге болды. Қасыма ағамды ертіп алдым. Себебі, ол кезде менің жасым бар-жоғы 17-де еді. Сондықтан бизнес орталық менімен келісімшарт жасай алмайтын. Ағамнан көмек сұрадым. Ол келісімшартқа өзі қол қойды. Екі парта, төрт орындық, тақта сатып алдым. Ал компьютер мен принтерді үйден алып келдім. Кабинетіме Стив Джобстың портретін іліп қойдым. Мотивация үшін. Осылайша өз кәсібімді бастадым.

– Алғашқы айда тапқан ақшаңыз есіңізде ме?

Әрине, есімде. Алғашқы айда мен пайда тапқан жоқпын. Табысым 50 мың теңгені құрады. Тек бұл қаржы аренданы жабуға ғана жетті.

– Бизнес ашуға кім көмектесті? Қазақстанда тамыр-таныссыз кәсіп ашу мүмкін емес деп жатады ғой.

Отбасым қолғабыс көрсетті. Яғни әкем, анам және ағаларым. Олар әлі күнге дейін көмектесіп тұрады. Олар маған қаржы жағынан қолғабыс берген жоқ. Туысқандарым моральдық тұрғыдан көмек берді. Ата-анам қиын сәттерде тіреу болды. Осы жерде бір нәрсе айта кету керек. Мен жеке кәсібімді ашу үшін АҚШ-тағы грантымнан бас тарттым. Ал ата-анам «шетелдік университетке түсу керексің» деп қысым жасаған жоқ.

– Арслан, сіздің жоғары біліміңіз жоқ қой?

Мен мектепті ғана бітірдім. Бірақ, университетте оқыған жоқпын. Алдағы уақытта АҚШ-тың Калифорния штатындағы Стэнфорд универнисетінде маркетинг мамандығы бойынша білім алсам деп отырмын.

– Мектепте алған біліміңіз өмірде көмектесті ме?

Маған мектептегі білімнен гөрі ата-анамның берген тәрбиесі демеу болды. Себебі, олар маған ақшаны қолыма ұстатпайтын. Қалағанымның барлығын алып бермейтін. Әрине, үйдегі тоңазытқышта азық-түлік толып тұрды (күліп). Бірақ менде қымбат дүниелер, тіпті ойыншық та болған жоқ.

Бірақ ата-анам мені әрқашан ынталандырып отырды. Мысалы, әкем сабақтан бес алсам, ақша беретін. Ал анам маған экономика негіздерін үйретті. Экономикада «оpportunity cost» деген термин бар. Әрине, ол бұл терминді білмейтін. Екеуміз дүкенге барған кезде ойыншық алғым келеді ғой. Ол маған «Жоқ, алуға болмайды» деп айтпайтын. Анам былайша түсіндіретін: «Балам, нан 30 теңге, ойыншық 500 теңге тұрады. Қайсысы пайдалы? Нан ба, әлде ойыншық па? Анамның логикалық мысалы мен аргументінің өте орынды екендігін мен кейін түсіндім. Осылай ойлау менде әлі күнге дейін қалды. Салыстыру, логика, ойлау, ақылға салу – ата-анам берген тәрбенің ең құндысы.

Тағы бір мысал келтірейін. 3-4 сыныпта музыкалық мектепте білім алдым. Бала күнімде фортепианода ойнайтынмын. Сол уақытта анам мені былайша ынталандырды. Мен мектепте оқып жүрген кезде мейрамхана, дәмхана, тіпті асханаға бармайтынмын. Мен үшін сырттан тамақтану ауқаттылықты білдіретін. Ол жерге бай адамдар ғана келетіндей көрінетін. Асханада тамақтанып жатқан азаматтарды көрген кезде, неткен бай азаматтар деп таңғалатынмын. Анам маған айтатын: «Емтиханнан 5 алсаң, біз мейрамханаға барамыз» деп. Ол кезде фортепионадан емтихан тапсырғалы жатқанмын. Мен емтиханымды ойдағыдай тапсырдым. Кейін анам екеуміз мейрамханаға бардық. Бірақ шешемнің айтқаны мейрамхана емес, қарапайым асхана болып шықты (күліп).

Нәтижесінде жастайымнан өмір сүруге құлшынысым оянып, өз мақсатыңа жету үшін аянбай еңбектену керексің деген түсінік қалыптасты. Бұл өмірде жайдан жай ештеңе келмейтіндігін біліп өстім.

– Қазіргі таңда елімізде ағылшын тілін үйрететін орталықтар көп. Сіздің орталығыңыз несімен ерекшеленеді?

Бұл сұраққа жауап бермес бұрын орталығымыздың негізі принциптерін айтып өтейін.

Бірінші қағида – бұл методика. Яғни біздің методика өмірде қолданылуы керек. Азаматтар алған білімін орталықтан тыс жерде де пайдалана алуы шарт. Бұл – ең маңызды принцип. Осы қағиданы мен және біздің әдіскерлер ұстанады. Біздің үйреткеніміз «London is capital of Great Britain» болмауы керек. Бұл дәуір өтті. Сондықтан ағылшын тілін жаңа әдіспен үйрету қажет. «Project base learning» деген термин бар. Мысалы, белгілі бір азаматты алайық. Ол полиция қызметкері болсын делік. Ол өз қызметіне байланысты терминдерді үйренеді. Алған білімін өмірде қолдана алуы қажет. Сондықтан біздің методика «орталықта алған біліміңді сен өмірде де қолдануың қажетсің» деген түсінікке негізделеді.

Екінші қағида – жаңа технологиялар. Ол технологияларсыз алға жылжымаймыз. Осы орайда біз өз жүйемізді ойлап таптық. Мен оны «Жаңа жұлдыз» деп атадым. Яғни азамат өзінің прогресін, ағылшынша қанша сөз үйренгендігін, қанша сабақ қалғандығын өзіне керек уақытта компьютерден біліп отырады. Яғни «project base learning» ұстанымын сіз IT технологияларынсыз жүзеге асыра алмайсыз. Жаңа технологияларды енгіземіз, оған тиісті қаражат жұмсаймыз. Себебі, ол – біздің болашағымыз.

Бизнесмендер арасында «егер компания IT технологияларды қолданбаса, ол «өліп қалады» деген сөз бар. Сондықтан біз осы бағыттағы жұмыстарды жүргізе отырып, қызмет көрсету құнын өсірмейміз. Тек ағылшын тілі сабағының тиімділігін арттырамыз.

Үшінші қағида. Басқа азаматтар үшін бұл маңызды емес шығар, бірақ мен үшін өте маңызды. Ол – дизайн. Яғни офис әдемі болу керек. Адамдардың көзіне ол тартымды, жағымды болуы қажет. Біз офистерді үйге жақын аумақта ашамыз. Бүгінде 6 офис жұмыс істеп тұр. Ал 2017 жылдың аяғына дейін офистердің санын 15-ке жеткізуді жоспарлап отырмыз. Яғни бұл орталықтар жұмыстан немесе үйден 15 минут жерде орналасатын болады. Қалада ағылшын орталықтары жеткілікті. Олардың барлығы бір-біріне ұқсайды. Бұл – ең өзекті проблема. «ROCKET STUDY» орталығы осы 3 қағида негізінде жұмыс істеп отыр.

– Қазіргі таңда білім беру орталығында қанша мұғалім бар? Олардың жалақысы қандай? Ұстаздарды жұмысқа алған кезде қандай талаптар қоясыз?

Қазіргі таңда 20 мұғалім жұмыйс істейді. Олардың жасы 23-27-де. Тапқан табыстары қомақты. Біздің орталықта жұмыс істейтін ұстаздар 140 мың теңгеден 200 мың теңгеге дейін жалақы алады.

Ең бастысы мұғалімдердің педагогикалық білімі бар. Ұстаздарды жұмысқа алған кезде, біріншіден олардың біліміне, екіншіден ағылшын тілін білу деңгейіне қарамыз. Грамматикасын, жазуын тексереміз. Үшіншіден, ең бастысы оның жұмысқа деген ниетіне қараймыз. Яғни оның ұстаз болуға деген ниетіне баса мән береміз.

– Неге орталықтағы сыныптарға Геннадий Головкин, Болат Өтемұратов, Билл Гэйтстің және т.б. бизнесмендердің суретін іліп тастағансыз?

Біздің негізгі мақсатымыз – ағылшын тілін үйрету емес. Біздің міндетіміз – миллондаған азаматтарға сапалы өмір сүруге мүмкіндік беру. Егер азаматтар ағылшын тілін үйренсе, жаңа мүмкіндіктерге ие болады, көкжиегі кеңейеді. Яғни ол азаматтың басқа мүмкіндіктерді ашуға «кілті» болады. Сол «кілтпен» ол Еуропа, АҚШ университтерінің есігін ашады.

Орталықтағы негізгі аудитория – 9,10,11-сынып оқушылары. Осы жаста адам алдына мақсат қойып, биік белестерді бағындырғысы келеді. Бірақ жасөспірім рухани тұрғыдан өзіне бір нәрсе жетіспейтіндігін сезіне бастайды.

Мысалы, осы жаста мен өзіме не қажеттігін білмедім. Қазіргі таңда жастар қандай мамандыққа оқығысы келетіндігін де білмейді. Сондай-ақ, осы оқушыларға ата-аналары қысым жасайды. Оған ҰБТ-ны, емтихандарды қосыңыз әрі олардың ешкімге айтпай жүрген проблемалары да бар. Сонымен қатар қанаттары қатаймаған жастардың психикасы қалыптаспаған. Бұл – оқушылардың өзекті проблемасы. Олар өздеріне не қажеттігін білмейді.

Сондықтан біз осы азаматтарды кабинеттерімізге іліп қойдық. Оның ішінде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев және өзінің сүйікті кәсібін таба білген азаматтар бар. Неге олай істедік? Себебі, біз уақытымыздың 85%-ын жұмыста өткіземіз ғой. Егер азамат өзінің кәсібін таба алмаса, ол – бақытсыз. Біз ағылшын тілін қара бастың қамы үшін үйретпейміз. Ағылшын тілін үйрену сізге биік белесті бағындыруға мүмкіндік береді. Менің ойымша, азаматтардың 99%-ы ағылшын тілін білмегендіктен пайдалы ақпараттан тыс қалып жатады.

– Жас екеніңізді ескеріп, сізге бір сұрақ қояйын. Сіз үшін бизнесмен деген кім?

Менің ойымша, нағыз кәсіпкерлер – ол әлеуметтік қызметкерлер. Олар әлеуметтік мәселені шешуді ұсынады. Бизнес деген – ақша. Бірақ ақшаны сен қандай да бір пайдалы іс жасағаның үшін табасың. Азаматтарға жайдан жай ақша төлемейді ғой. Біреуге барып 1000 теңге берші деп сұрашы. Ол бермейді. Ал бір жерге жеткізіп салайын, сен маған ақша бер десеңіз, ол келіседі.

– Менің түсінуімше, бізге көштен қалмау үшін ағылшын тілі керек қой?

Иә, бізге ол жаңа мүмкіндіктер береді. Сондай-ақ, басқа әлеммен жұмыс істеуге жол ашылады.

– Қазақ тілі туралы не ойлайсыз? Жалпы үштұғырлы тіл саясаты туралы пікіріңіз қандай?

Құдай бізге үш тілді берген екен, біз сол мүмкіндікті пайдалануымыз қажет. Менің ойымша, қазақ тілі міндетті түрде керек. Себебі, ол біздің ең басты құндылығымыз. Бұл біздің біртектілігімізді сақтауға мүмкіндік береді.Екіншіден, бізге орыс тілі де қажет. Өйткені, оның аудиториясы шамамамен 300 млн. Осындай кең аудиториясы бар тілден біз не үшін бас тартуымыз керек! Бұл – менің жеке пікірім. Ағылшын тілі білім алу үшін керек. Себебі, көптеген ақпарат ағылшын тілінен аударылмай жатады. Менің ойымша, әсіресе медицина қызметкерлеріне ағылшын тілі ауадай қажет.

– Кімді оқисыз?

Қазіргі таңда бизнес туралы кітаптар оқып жүрмін. Бірақ классикалық кітаптарды оқығанды ұнатамын. Мысалы, Теодор Драйзердің «Финансист», Айн Рэндтің «Атлант расправил плечи» атты туындысын оқыдым. Алайда мұның өзі де бизнеске бағытталған классикалық кітаптар ғой (күліп). Сондай-ақ, маған қатты ұнаған кітаптардың бірі – «Гений и аутсайдеры». Бұл кітапта адамдардың неліктен ұлы тұлғаларға айналатындығы жазылған.

Тағы да оқыңыз:

Академик: Қазақстанның қазір 80 миллион адамды асырай алатын жағдайы бар

Журналист ұятсыз қыздарды эфирге шығарған Ләйлә Сұлтанқызын масқаралады

Дінтанушы: Мешітте той жасаған Қарақатты аяймын

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Источник: Stan.kz

0
Комментариев

Leave a Reply

Your email address will not be published.

Орташа айырбас бағамы
25.04.17
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Міндетті түрде оқыңыз
Соңғы жаңалықтар