13 баланың анасы: Қараусыз қалған барлық баланы асырап алғым келеді

Жұма, 17 Маусым , 2016 17:31

Астаналық Жанар Байжулдинова- сүйкімді әрі жас әйел ғана емес, ол көп балалы ана. Олардың екеуіне өзі биологиялық ана болса, қалған 11 баланы қамқорлығына алған. Төрт жыл бұрын бір қызды қамқорлығына алған Жанар араға уақыт салып, тағы 10 баланы асырап алған. Балалардың арасында айықпас дертке шалдыққандары, психологиялық кемістікпен дүниеге келгендері, қиын мінезді балалар да бар.

13-бала

Мұндай қиындықтарды Жанар кедергі деп білмейді. Себебі, оның осындай өмірді таңдауына жаратушыға деген сенімі мен балаларға деген махаббаты итермелеген,-деп жазады Қазақстан жаңалықтары сайты.

«Мен балалар үйіндегі барлық баланы өз қамқорлығыма алғым келеді. Бірақ олардың барлығын үйіме әкелсем, ол жер де балалар үйіне айналары анық»,- дейді Жанар.

Жанардың өзі дүниеге әкелген балалары Аружан есімді қыз бен Даниял есімді ұл. Бала асырап алу туралы ойын Жанар кенжесін босанбай тұрып күйеуіне айтқан. Алайда отағасы қарсылық білдіріпті.

«Жұмыс кеңсемнің терезесі перзентхана жақтан орналасқан. Ол жерден тастанды балаларды анық көруге болады. Мен жүрегім елжіреп сондай балаларды асырап алайық деген ұсынысымды күйеуіме ашық айттым. Ол менің өзім дүниеге бала әкелгенімді қалады. Осыдан кейін ұлым дүниеге келді»,-деп бастады өз сөзін Жанар.

Жанардың ұлы Даниял дүниеге келгеннен кейін ол күйеуімен ажырасып, бөлек тұруға келіскен.

Төрт айлық Дария есімді орыс қызы бұл отбасына 2013 жылдың жазында келген. Ол кезде Даниялдың жасы екіде еді. Жанардың айтуынша Даниал өте әлсіз, аурушаң болып туылған.

Дәрігерлер оған ДЦП және эпилепсия деген диагноз қойған. Үйге Дария келісімен Даниалдың талмасы тоқтаған. Жанар мұны жаратушының жетімді жебегені үшін өзіне берген сыйы деп түсінеді.

«Шынымды айтсам бөтеннің баласын бірден өз перзентіңдей жақсы көріп кету мүмкін емес. Оның несін жасырамын. Бастапқыда сондай сезімде болдым»,-дейді Жанар.

Ондай қиындықтар кезінде Жанар жаратушыға аналық махаббатын күшейтуді сұрап жалбарынатынын жасырмайды. « Құдай менің осы өтінішімді де естіді. Менде қаржылай қиындықтар болып, бала күтушіге ақшам болмады. Сол кезде Дарияға өзім қарадым. Содан бастап менің оған деген мейірімім арта түсіп, оны туған қызымдай жақсы көріп кеттім»,-дейді Жанар.

Бір жылдан кейін Жанар үйіне 13 жасар Танияны алып келген. Әйел қыздың жасына байланысты осы отбасына сіңісіп кету бастапқыда айтарлықтай қиын болғанын айтады.

«Үйренісу қиын болды. Жасыратыны жоқ адамды түсінісуден айыратын қызғаныш, іштарлық, өзгені түсінуге тырыспау сынды оғаш мінездер. Басында мен ойлайтынмын. «Бұл қыздың өміріне алаңдап қолыма алдым. Ол болса маған бағынбайды, тыңдағысы келмейді» деп ренжитінмін. Осындай қиындықтардан кейін мен Танияның бар кемшілігіне кешіріммен қарауға тырыстым. Соның арқасы қарым-қатынасымыз жақсарды»,-дейді Жанар.

Арада бір жыл өткеннен кейін балалар Жанарға тағыда бала асырап алу жөнінде қолқа салған. 2015 жылы Жанар сегіз баланың асырап алған анасы атанады. Төрт баланы арнай жопармен алған ол балалар үйінен тағы алты баланы қосып алады.

Ең үлкені Алинаның жасы 15-те, бір отбасынан шыққан Мариям, Михаил, Светланалардың жасы 7,8,10- да болған. Тағы бір отбасынан шыққан Светлана мен Захардың жасы 10 және 6-да еді.

« Мен ешқашан балаларды көріп таңдаған емеспін. Мысалы өмірге бала әкелетін кезде біздер таңдамаймыз ғой. Құдайдың бұйыртқанын аламыз. Сол сияқты мен де барған кезде тізімдегі есімдерді оқып беремін болды. Кімді асырап алсаң да басында үйренісіп, үйдегі тәртіпке үйретуге уақыт кетеді. Балалардыі ұлтына да  қарап таңдамаймын»,-дейді Жанар.

Бір күні он баланың анасы тағы ағалы-інілі Азат пен Мирасты өз қамқорлығына алған. Олардың бірі 14-те, екіншісі 13-те еді. Араға екі ай салып Байжулдиновтардың үлкен отбасына Мариям, Михаил, Светланалардың үлкен ағасы 15 жастағы Сергей қосылады.

«Сергей әпкесінің қолында тұрған. Мектептегі сабағын тастап, ішіп, шылым шегіп жүрген жерінен олар баланы бейімдеу орталығына өткізіп тастаған. Мен оны бауырларымен бірге болсын деп қасыма алып келдім» ,-дейді Жанар.

Жанар Сергейдің араға уақыт салып тәрбиесі түзеле бастағанын айтады. Көп балалы ана  асырап алған балалардың көбі аурушаң. Ол балалардың  тәртібіне өте қатал екен. Әр қайсысының өз кемшілігіне орай түрлі ем жасап, еңбекке баулумен айналысады.

Жанар «Бұл балаларды не үшін асырап аласыз?» деген сұраққа «Себебі, сіздер оларды қамқорлықтарыңызға алмайсыздар» деп жауап береді.

Қазір Жанардың үш үлкен баласы колледжде білім алуда. Сабақтан бос уақытта бірі даяшы, екіншісі шаштаразшының көмекшісі, тағы бірі бала бағып ақша табады екен.

«Мен оларды адал жолмен еңбек етіп, нан табуға үйреткім келеді. Олар болашақта өз бастарын алып жүруі керек. Мысалы, қазір тапқандарын киім мен киноға жұмсап жатыр, оған да разымын көздері тойып, еңбекқор болғандарын қалаймын»,-дейді Жанар.

Жанар осы балаларының барлығын өмірге бейімдеп өздері қалағандай қыздарды тұрмысқа беріп, ұлдары үйлі болатын күнді армандайды екен.

Көп балалы ана  қазірдің өзінде бала асырап алу мәселесі бойынша адамдарға өз тәжірибесімен бөлісіп жүр. Қажет болған жағдайда балалардың жасына қарай жаңа отбасына бейімдеу құпияларымен бөліседі.

Жанар осы жақсылығының арқасында ағымдағы жылдың наурызында Халықаралық әйелдер күніне орай президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп келген. Сол кезде Елбасы көп балалы анаға баспана жағынан көмек боларын айтқан. Десе де жергілікті әкімдік Жанарға ешқандай көмек көрсете алмайтындарын айтыпты. Көп балалы ана бұл мәселеге ешқандай да көңілі жасымайтынын айтады.  Бұл отбасыға арасында көмек қолын созып, жәрдемдесіп тұратындар да бар екен. Балалардың анасы ондай көмектерді қуана қабылдайтынын жасырмайды.

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Источник: Stan.kz

0
Комментариев

Leave a Reply

Your email address will not be published.

Орташа айырбас бағамы
20.10.17
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Міндетті түрде оқыңыз
Соңғы жаңалықтар