Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"1 апта соқырішегіне ота жасамаған": Балқаш тұрғыны қарындасының өліміне дәрігерлерді кінәлайды

Балқаш тұрғыны қарындасының өлімі үшін ешкім жазаланбағанын айтып, президентке үндеу жолдады. Сөзінше, қарындасының о дүниелік болғанына дәрігерлер кінәлі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Айтбек Ауылбаевтың жеке парақшасынан

Айтбек Ауылбаев дәрігерлердің салғырттығы мен біліксіздігінен 47 жастағы Меруерт есімді қарындасы көз жұмғанын айтты.

Сөзінше, ол 27 шілдеде Балқаш ауруханасына соқырішек және жедел перитонитпен түскен. Десе де ота бірден жасалмай, 1 апта күткен екен. Ота 3 тамызда жасалды.

“Неліктен ота бірден жасалмады деген сұраққа жауап ала алмадық. Содан кейін Меруерттің дене қызуы жоғары болғанына қарамастан, 28 тамызда ауруханадан шығарып жіберді. Дене қызуы көтерілген адамды қалай жіберуге болады?” – дейді марқұмның ағасы.

Осыдан кейін Меруерт “Қазақмыс” қызметкерлеріне арналған ауруханада тексерілген. Бұл жерде әйелге пневмония және бронхиалды астма диагноздары қойылған. Алайда бұл диагнозды анықтау үшін арнайы тексеріс жүргізілмеген, спирометрия жасалмаған дейді Ауылбаев.

“Қарындасыма стероидты дәрілер жазып берген. Бірақ оның жағдайы күннен-күнге нашарлай берді. Дене қызуы 39-дан түспейтін. Сөйтсе оның бактериалды инфекциясы болған екен. Ал бактериалды инфекция кезінде стероид қабылдауға болмайды”, – деді Ауылбаев.

Әйел Қарағандыдағы жеке ауруханаға барып, отадан кейінгі сепсис диагнозын білген. Сепсис – қанның инфекциялық улануы, яғни қанға микроб немесе саңырауқұлақ жұққан. Меруертті қайтадан Балқашта ота жасаған жерге жіберіп, онда шұғыл ауруханаға жатқызылады.

“3 қазанда оған лапороскопиялық ота жасап, ішегінің бір бөлігін алып тастады. Денесіне ірің жайылған екен. Ішінде, көкірек қуысы мен жатыр тұсында толықтай ірің жиналған. Оған астма деген диагноз қойса, ол астма емес, өкпесіндегі ірің екен”, – дейді марқұмның жақыны.

Әйел 1 апта жасанды тыныс алу аппаратымен реанимацияда жатқан. Салдарынан күнде рентгенге түсіп, қан талдау анализін тапсыруға мәжбүр болған.

Меруерттің жақындары мәселені айтып, денсаулық сақтау министрлігіне шағым түсірген, қоңырау шалған. Алайда олар тұтқаны көтермеді дейді. Одан соң шағымды науқастың өзі жазсын деген хабарлама жіберіпті. 

“Содан кейін грыжа және сетканы орнату бойынша ота жасасын деді. Мұны жасату қаншалықты дұрыс екенін министрліктен сұратайық дедік. Олардың жауабы келгенше қарындасы бақилық болып кетті. Сөйтсе бұл отаны оған жасатуға болмайды екен”, – деді ер адам.

Ер адам тергеудің баяу жүргізіліп жатқанына алаңдаулы. Ол кінәлілер сытылып кете ме деп қорқады.

Stan.kz тілшісі Қарағанды облыстық полиция департаментінен пікір сұрап көрді. ПД баспасөз қызметі қылмыстық іс басшылықтың назарында екенін мәлімдеді.

“Қылмыстық іс бойынша қажет сараптамалар кешені жүргізіледі. Оның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Қылмыстық істің тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында”, – деп мәлімдеді Қарағанды облыстық ПД.

Баспасөз хатшысының айтуынша, Айтбек Ауылбаевтың Алматыда екені ескеріліп, оны жауап алуға шақырдық дейді. Ол сараптама Астанадада өтетінін және ол ұзақ уақытты талап ететінін айтты. 

Талқылау