Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алғашқы жарна – 20%": Үкіметте "Наурыз" ипотекалық бағдарламасының шарттары айтылды

Үкіметтегі брифингте “Отбасы банк” басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов Қазақстанда қайталама нарықтағы баспана бағасы қалай өзгереді деген сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: ShutterStock

Брифингте журналистер банк өкіліне жаңа ипотекалық бағдарламалар пайда болғанына қарай екінші нарықтағы баспана құны өзгеруі мүмкін бе деген сұрақ қойды. 

"Қалай болғанда да бәрі нарыққа байланысты және кейде екінші деңгейлі тұрғын үй бағасы әдетте сатушының үмітіне негізделеді. Мәселен, адамдар мен бұл жерге керемет жөндеу жасадым, қалай арзан беремін деп ойлайды. Шындап келгенде нарық бәрін реттейді. Менің ойымша, біз "Отау" бағдарламасына 150 миллиард теңге және "Наурыз" бағдарламасына 300 миллиард теңге бөліп отырғандықтан сатушы қайталама баспанасын сатқысы келсе бағаны түзеуі керек. Егер жоспарында тезірек сату болмаса бағаны ұстап тұра алады, ол үй иесінің өз шешімі", – деді Ақшанов.

Сонымен қатар ол “Наурыз” бағдарламасының шарттарын түсіндіріп берді. 

  • Кейінгі 5 жылда жылжымайтын мүлік немесе иелік ету құқығындағы операцияларды жасамауыңыз керек. 
  • Мөлшерлемесі – әлеуметтік осал топтарға 7%, басқа тұрғындарға 9%. 
  • Алғашқы жарна – 20%.
  • 19 жылға беріледі. 
  • “Наурыз” және “Отау” бағдарламасы бойынша алуға болатын баспана тізімін “Баспана маркет” порталынан көре аласыздар. 
  • Бағдарлама 8 жылға жоспарланған. Сол себепті ақша жинап үлгермеген, депозит ашпаған, 18 жасқа толмаған болсаңыз – мүмкіндікті болашақта пайдалануға болады. 

Банк өкілінің сөзінше, дүрбелең туғызбас үшін 1 мамыр мен 1 шілде аралығында өтініш қабылданады. Содан кейін олар қаралады. Себебі көп адам өтініш береді деп болжап отырғандықтан, олардың ішінен тізімге енетіндерін таңдау керек. Отбасы жағдайы, бала саны деген секілді критерийлер қаралады екен. 

“1 шілдеден 31 тамызға дейін тізімге енген адамдар біздің бөлімшеге келіп, видеобанкинг немесе кеңесшілеріміздің қызметін пайдаланып төлемге қабілетті екенін растау қажет. Банк шешімі шыққан соң “Баспана маркет” порталын қарап, өзіне керек тұрғын үйді таңдай алады. Егер қазір өздеріне лайық баспана таба алмаса, 15 желтоқсанға дейін уақыт беріледі. Асықпай таңдауына болады”, – деп түсіндірді “Отбасы банк” төрағасының орынбасары. 

Айта кетейік, бұған дейін үкімет басшысы Олжас Бектенов G-Park компаниясы рұқсат құжаттарын алмастан 7 тұрғын үй құрылысын жүргізіп жатқанын айтты. 

Талқылау