Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Топырақ тыныс алмайды, малдар қақалып өледі": Экологтар су тасқынынан соң құм салуға қолданылған қаптардың зиянын айтып дабыл қақты

Еліміздің бірнеше өңірін су басып, тұрғындар үй-жайын, шаруасын тастап, бас сауғалап кетті. Мұндайда біраз өңір суды бөгеу үшін құм салынған қаптарды тізіп, қолданды. Ал тасқын басылған соң осы қаптардың шаруасы не болады? Оның адам мен табиғатқа зияны бар ма? Әкімдіктер оларды қайда жинап жатыр? Stan.kz ақпарат агенттігі әкімдіктер мен экологтардан сұрап көрді.

Фото: ТЖДФото: ТЖД

Құм салынған қапшықтардың экологияға зияны қандай?

Экологист, қоғамдық қызметкер Тимур Елеусізов әкімдіктердің мұндай материалды тиісті деңгейде утилизациялайтынына күмәнмен қарайды. Оның сөзінше, су тасқынында пайдаланылған құмның парниктік әсері бар. Бұдан жер жөнді “тыныс алмайды” және су сіңіре алмайды.

“Негізі құм салынған қаптар қауіпті. Себебі олардың парниктік әсері бар. Бұл экологияға үлкен залал келтіреді. Содан жер, топырақ дұрыс "тыныс алмайды" және суды өзіне сіңіре алмайды.Егер осы қаптарды сол тұрған жерінде қалдырса, су сусорғышқа әдеттегіден аз сіңеді. Әкімдіктер оларды алатынына, басқа жақа таситынына күмәнім бар. Біздің байқағанымыздай, әкімдік сөйлеуді қатырады, нақты ештеңе істемейді”, – деп пікір білдірді ол Stan.kz-ке.

Дегенмен экологистің сөзінше, құм сияқты материалды құрылысқа қолдануға болады.

“Қаптың ішіндегі грунтты, құмды қайта қолдану жағына келсек, әрине оны құрылысқа қайта пайдалануға болады. Бірақ онда тек құм пайдаланылады дегенге күмәнмен қараймын. Егер қаптардың ішіндегі материал тек құм болса, оны қайта қолданған әрине жақсы болар еді. Ал сыртындағы қабына келсек, бұны да бірдеңеге жарататынына сенбеймін. Тәжірибемнен білемін, әкімдік өз сөзіне жауап беруден қалғалы қашан?!” – деді Тимур Елеусізов.

“Су тасқынының қалдығы тек құм салынған қапшық емес”

Ал экоблогер Базарбек Қамысбаев қапшықтар көбіне полиэтилен сияқты материалдардан жасалатынын айтты. Ал мұндай материал күнге кеуіп, ұсақ бөлшектер болып шашылуы мүмкін. Олар суға да түседі.

"Оған қоса ауылды жерде малдар осы жіптерді жеп қоюы мүмкін. Одан жануар тұншығады, қақалып өлуі де мүмкін. Әрине, біз үшін ең бірінші кезекте су тасқынының беті қайтқаны, адамдардың аман қалғаны, содан кейін үйлер салынып, бұрынғы тұрмысына оралғаны керек. Бірақ қапшықтарды жинап, оларды дұрыс утилизациялауға мән беруіміз керек. Бірінші кезекте егер қаптар жарамды болса, оны кәдеге жарату жағын ойластыру керек. Экологтар мен табиғат жанашырлары жоюдан бұрын оны қайта пайдалануды қолға алғанды жөн көреміз”, – дейді ол.

Сонымен қатар ол су тасқынының қалдығы тек құм салынған қапшық емес екенін еске салды.

“Ағын су салдарынан үй ішіндегі дүние, түрлі химиялық сұйықтық, электронды заттар – бәріне су тиді. Оның ішінде кішкентай батареялар да бар. Бұның бәрі суға, жерге қандай да бір зиянын тигізеді. Сондықтан тасқыннан соң бүкіл зат пен қоқысты жинап, реттеуге, тазалап, утилизациялауға күш салу керек. Тасқыннан соң жағдайды қалпына келтіруге бюджеттен қаржы бөлінеді, арнайы жұмыс істелінеді. Тура сол сияқты заттар мен қоқысты жинауға да арнайы бюджет бөлінуі керек, топ құрылып, жұмыс атқарылуы керек деп есептеймін”, – деді экоблогер Базарбек Қамысбаев.

Әкімдік құм салынған қапшықтарды не істемек?

Жергілікті әкімдіктерге хабарласқанымызда, олар құм салынған қаптардың ішіндегі материалды қолдану үшін қайта жинап жатқанын айтты. Ал сыртындағы қабын утилизациялайтын көрінеді.

  • Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің берген жауабынша, құм салынған қаптарды жинап, қайта полигонға апарады. Қор ретінде сақтап қояды.
  • Орал қаласының әкімдігі қап ішіндегі құмды полигонға жіберіп, қор жасап қойып жатқанын айтты. Оның бір бөлігін Зашаған кентіндегі жаңадан салынып жатқан мешіт құрылысына береді. Ал қаптың өзін утилизацияға жібереді.
  • Қостанай облысы су тасқыны кезеңінде 212,7 мың қап құм төселіп, инертті материалдың 76,5 мың тоннасы қолданылғанын мәлімдеді. Әкімдік тасқын судың алдын алуға қолданылған құм тиісінше кәдеге жаратылады деді. Олардың сөзінше, қолданылған қапшықтар бекітілген тәртіп бойынша, табиғатқа еш зиян келтірмей жойылады.
  • Солтүстік Қазақстан облысы мен Атырау облыстарының әкімдігі су әлі кетпегеніне байланысты мұндай сауалдың әлі қарастырылмайтынын хабарлады. Ал Ақтөбе облысы әкімдігінен мәлімет болмады.

Еске салайық, 2 мамыр күні мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай қарғын судың беті қайтқанымен, қауіп сейілмегенін айтып, тазалық мәселесін көтерді. Оның сөзінше, судан қорғану үшін мыңдаған қап пен пакеттен бөгет тұрғызылды. Полиэтилен қағаздар пайдаланылды. Енді су кеткен соң осы қаптарды түгін қалдырмай жинап алмасақ, экологиялық апатқа тап боламыз.

Талқылау