Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жұдырықтап ұрып, мұрнын сындырған: Алматыда балабақшада бүлдіршінді ұрған тәрбиешіге үкім шықты

Алматыда №96 балабақшада бүлдіршінге қатыгездікпен қарап, ұрған тәрбиешінің көмекшісіне қатысты сот үкімі шықты. Сот оны кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «ҚазАқпаратқа» сілтеме жасап. 

Жұдырықтап ұрып, мұрнын сындырған: Алматыда балабақшада бүлдіршінді ұрған тәрбиешіге үкім шықты

Алматы қаласының кәмелет жасқа толмағандардың ісі бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен №96 балабақшаның тәрбиешісінің көмекшісі Ирина Шадских Қылмыстық кодекстің «Кәмелетке толмаған баланың тәрбиесіне қатысты міндеттерін орындамау» бабына сәйкес кінәлі деп танылды. 

Сот Ирина Шадскихке 63 125 теңге көлеміндегі айыппұл жазасын тағайындады. Сонымен қатар оны кәмелетке толмағандарды тәрбиелеуге қатысты қызмет атқару құқығынан 1 жылға айырды. 

Еске сала кетсек, бұған дейін желіде Алматыдағы балабақшалардың бірінде тәрбиешінің бүлдіршінді ұрып жатқаны түсірілген видео тараған еді. Анықталғандай, оқиға қаладағы №96 балабақшада орын алған. Оқиғадан кейін білім басқармасы әйелді қызметінен босатты.

Артынша жәбірленген бүлдіршіннің ата-анасы мән-жайды айтып берді. Айтуынша, олар баласының денесінен соққының көкпеңбек іздерін байқағаннан кейін тәрбиешінің жұмысына үлкен күдікпен қарай бастаған. Бүлдіршіннің мұрны балабақшадан сынып келгеннен кейін ұлдың анасы мекеменің басшылығына барып, шағымданады. Балабақша меңгерушісі мән-жайды анықтау үшін оған камера бейне жазбаларын көрсетеді. Видеодан тапа тал түсте тәрбиешінің кішкентай ұлды жұдырықтап ұрғанын көрген ананың жүрегі екіге қақ айырыла жаздаған. 

Талқылау