БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

Жүргізуші жеміс, тамақ, шылым ұсынса бас тартыңыз: Құқық қорғаушылар таксимен жүретін жолаушыларға бірнеше кеңес айтты

Өткен аптаның басында алматылықтар жаға ұстады. 20 күннен бері жоғалып кеткен азаматшаның азапталған мүрдесі табылды. Марқұмды ерлі зайыпты таксистер өлтіріп кеткені айтылды. 

Бұдан сәл уақыт бұрын тағы осы алматылық таксишілер клиенттерін естерінен тандырып, тонап кеткендігі турасында баяндалған еді. Енді міне тағы бір жантүршігерлік қылмыс жасалып отыр. Бұл туралы Евразия арнасы хабарлайды.

Қандықол таксистердің қолынан опат болған алматылық Батура Мамедованың бар жазығы 100 мың теңге ақшасын байқатып қоюы. Жалпы бұндай келеңсіздіктер неге жиілеп кетті. Мемлекет тарапынан қандай да бір қам қарекет бар ма? Жөнсіз, заңсыз тасымалдың жолы қалай кесіледі? 

Алматы облысында жоғалған әйелдің де таксист қолынан қаза болғанын хабарлаған болатынбыз.

Ал Шымкентте жүйелі түрде қыз келіншектерді өлтіріп келген такси жүргізушілері тұтылды. Өзбекстаннан көшіп келген азаматтар 2011 жылдан бері жиыны 11 келіншекті айуандықпен зорлап өлтірген. Таксишілер вокзал маңын торуылдап, әдейі қыз келіншектерге ғана тоқтайды екен. Сосын қала сыртына алып шығып, зорлап, ақша, басқа да құнды заттары болса алып, өлтіріп, көміп тастап отырған. 

Жолдың жиегінде тұрып былай қол бұлғап такси тоқтатуға болмайтындығын көпшілігіміз біле бермейміз.  Оған тыйым салынған. Көп жағдайда жолаушының мүлкі мен жеке басына немесе жүргізушінің жеке мүлкі мен жеке басына қатер төніп жататын жағдайлар, әсіресе, тіркелмеген заңсыз таксилердің қатысуымен жиі орын ала бастаған. Сол себепті бұндай келеңсіздіктердің алдын алу үшін елордалық полицейлер соңғы уақытта арнайы рейдтерді жиі ұйымдастыратын болған. 

Көше бойлап, қол көтергендерге тоқтаушылар назарда. Вокзал маңынан бұл көріністі жиі байқауға болады. 

"Көбінесе жұмыспен кетіп бара жатасың, жол жөнекей болса алып кетесіз. Бензиннің ақшасын шығарып алу керек. Құр кеткенше. Адамға артық етпейді ғой ақша", - дейді көлік жүргізушісі. 

"460-бапқа сәйкес оларға әкімшілік хаттама толтырады. Көп жүргізушілер оны білмейді. Жолдан қол көтеріп тұрған адамды заңсыз алып кетуге болмайды деген", дейді Нұр-сұлтан қалалық ПД жергілікті полиция бөлімінің сержанты Мадияр Сұлтанов.

Айыппұл сомасы 10 АЕК. Заң талабын түсіну құны осы. Полицейлердің айтуларынша, такси ретінде тіркелмеген көлікте зат жоғалса, қылмыс орын алса анықтау қиын және ондай жайттар аз емес көрінеді. 

"Көп азаматтар мысалы мен ұялы телефонымды машинаның ішінде ұмытып кеттім деп айтады. Біз білмейміз, қандай машина олар, не кімді іздеу керек? Соны олар бізден талап етеді. Тауып беріңдерші, өтініш деп. Сондай жағдайлар көбейіп кетті. Немес оларға таң ата көп жүргізушілер жас қыздарға тиіскен, мас күйіндегі қыздарға тиіскен деген сондай арыз шағымдар түсіп жатады", - дейді Сұлтанов. 

Заңсыз тасымалдауға болмайтынын түсіндік, бірақ жұрттың тілімен айтқанда ешкім еріккеннен такси болмайды. Мұқтаждық. Жолаушынікі де сол мәселе. Таксопарктардың қызметі қымбат. Әркімнің қалтасы көтере бермейді немесе басы артық ақша төлеуге ешкімнің құлқы болмайтыны және ақиқат.

Нәтижесінде көретін картинамыз сол - қол көтерген жолаушы, клиент баққан жүргізуші. Енді оларды көшедегі бейнебақылаукамералары да бағатынын қосыңыз. 

Айтпақшы мобильді қосымшалар арқылы қазір клиент немесе такси шақыру практикасы кең етек жайған. Онда да қауіпсіздікті 100 пайыз қамтамасыз ету мүмкін емес дейді көлік комитетінің мамандары. Десе де сәуірде қабылданған көлік заңында оған өзгерістер арқылы әрекет жасалыпты.  

"Енді заң бойынша Убер, Яндекс және Индрайвер деген мобильді қосымшалардың қызметі таксидің ақпараттық диспетчерлік қызметіне теңестіріледі. Енді олар заңды таксилермен, такси тасымалдаушылармен бірге жұмыс істеуі керек. Бізде заң бойынша такси тасымалдаушы хабарлама беруі керек. Жергілікті атқарушы органдарға, акиматтарға хабарлама береді", - деді ҚР ИИДМ көлік комитеті ахуалдық орталығының бас сарапшысы Талғат Оспанов.  

Таксопаркқа тіркелген таксилерде келеңсіз оқиға не қылмыс орын алса, күдіктіні табу оңай. Тіпті мекемені де жауапқа тартуға болады. Ал мобильді қосымшалар тікелей тасымалмен айналыспайды, тек клиент табуға септесетін көмек құралы. Бірақ ақпарат жүйесіне қосылған соң тексеріп, оқиға орын алса, анықтауға мүмкіндік туады. 

Қауіпсіздік мақсатында құқық қорғаушылардан кеңес. Құрметті жолаушы: 

  • Көшеден жол-жөнекей көлік тоқтатудан бас тартыңыз. Таксиді таксопарк арқылы шақыртқаныңыз абзал.
  • Көлікке отырар алдында оның нөмірін суретке түсіріп алыңыз және тек артқы орындыққа ғана отырыңыз.
  • Көлікке мінген соң мүмкіндік болса, смартфоннан маршрутты қадағалап отырыңыз. Жүргізуші бағыттан тайса, себебін сұраңыз, не тоқтауын талап етіңіз.
  • Жүргізуші жолай адам ала кетемін немесе бір жерлерге кіріп шығамын десе келіспеңіз.
  • Жүргізуші ішімдік немесе жеміс, тамақ, шылым ұсынса бас тартыңыз. Олардың құрамында ұйықтататын немесе психотропты заттар болуы мүмкін.
  • Егер жүргізушіден тиіскісі келген сыңай байқасаңыз, телефонмен таныс адамыңызға хабарласып күтіп алуын сұраңыз, көліктің маркасы, түсі және нөмірін дауыстап айтыңыз.  
  • Үнемі такси ұстайтын болсаңыз, газ, электрошокер, т.б  қорғаныс құралдарын өзіңізбен бірге алып жүріңіз.

Бетін ары қылсын, бірақ сақтансаң сақтайды. Оқыс жайттардан ешкім сақтандырылмаған. Адами фактор. Жолаушыға немесе оның мүлкіне қол сұғу, болмаса жүргізушіге қоқан лоққы көрсету сияқты көптеген келеңсіздіктерді жасау немесе жасамау бірінші кезекте ар-ұжданның ғана еншісі.

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр