БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

"Жүрек ауырған күндер, ұйқысыз түндер көп болды". Сәдібек Түгел қол жинаудың оңай болмағанын айтты

«Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан президенттікке ұсынылған Сәдібек Түгел Орталық сайлау комиссиясының шешімімен кандидат ретінде тіркелді. Осы орайда кандидат қол жинау процесінің оңайға соқпағанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

Сәдібек Түгел

«Аса маңызды, өте жауапты саяси науқанға қатысушы ретінде әсерімді бөлісейін. Төрт кезеңнен өтіп, бесінші шешуші кезеңге сүрінбей жеттік. Алдымызда үлкен асу тұр. Одан да жақсы өтеміз деген үміт бар. Елімізде биыл сайлау демократиялы негізде дұрыс өткізіліп жатыр. Мұның нақ дәлелі алдарыңызда тұрған мен, «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық бірлестігі. Сайлау заңына сай мәслихатымызды өткізіп, сайлауға қатысатын кандидатты таңдап, ОСК-ға ұсыныс енгіздік.

ОСК ешқандай кедергі келтірмей, біздің таңданысымызға, қуанышымызға қарай барлық құжатты қабылдады. Мемлекеттік тілді еркін меңгеруге арналған лингвистикалық комиссия емтиханынан өттік. Жауапты кезең сайлаушылардың қолын жинаумен айналыстық. 7-8 күн күн-түн демей жұмыс істеп, 120 мыңнан астам адамның қолын жинап, ОСК-ға өткіздік. Соның нәтижесінде бүгін маған ҚР президентіне кандидат деген куәлік берілді», - деп әсерін бөлісті Түгел.

Ол «неге сайлауға түсіп отырсыз» деген сауалға өлеңмен жауап берді. 
«ХХ ғасырдағы жақсы көретін Сұлтанмахмұт Торайғыров ағамыздың 
Қараңғы қазақ көгіне, 
Өрмелеп шығып, күн болам! 
Қараңғылықтың кегіне, 
Күн болмағанда, кім болам? - деген өлеңі, одан кейін жақсы көретін Назым Хикметтің:
Мен жанбасам лапылдап, 
Сен жанбасаң лапылдап, 
Біз жанбасақ лапылдап, 
Аспан қалай ашылмақ, - деген шұмақтары, біз істемесек, біз болмасақ, онда кім істейді? Біздің «Ұлы дала қырандары» бірлестігінің мақсаты – халыққа жағдай жасау, әлеуметтік мәселелерін шешу, ұлттық құндылықтарын ұлықтау, ұлы дала мәдениетін жаңғырту, елді бірлікке, адалдыққа шақыру, туған отанымыз Қазақстанды көркейту. Осы міндеттерді алдымызға мақсат ретінде қойып отырмыз. Шешінген судан тайынбас демекші, алда жұмыстарды жүргізетін боламыз», - деп айтты президенттікке кандидат.

Ол қол жинаудың оңай болмағанын айтып, қолдау көрсеткен қазақстандықтарға алғыс білдірді. 

«Осы жеті күнде жүрек ауырған күндер, ұйқысыз түндер көп болды. Барлық аймақтағы азаматтарымыз белді бекем буып, білекті түріп, күн-түн демей жұмыс істеді. Соның нәтижесін бүгін көріп отырмыз. Өйткені біріншіден уақыт тығыз болды. Үлгере алмай қаламыз ба деп ойладық. Осы сәтті пайдаланып барлық атсалысқан азаматқа ризашылығымды білдіремін. Өте үлкен жұмыс атқарылды. Бұл өмірімдегі алтын тарихым болып қалады», - деп сөзін түйіндеді ол.

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр