Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жүрегі барды өзіммен ертемін": Ninety one тобы Bari biled қойылымымен не айтқысы келді (видео)

Махаббат. Мейірім. Ізгілік. Сол сәтте қарсы алдымызда тұрған тыңдарман қауымнан осы ыстық ықыласты сезіндік. Сахнаға да осыны сездіру үшін шықтық. Осылай деп әсерін бөлісті Ninety one тобы жұрт асыға күткен фестивальден кейін. Сондай-ақ, олар аталған қойылымнан саяси астар іздеудің қажеті жоқ екеніне тоқталды, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

найнти уанСурет: instagram.com/ninetyone/

5 қазан күні Алматы аренада екінші мәрте Q-Fest фестивалі өтті. Аталған шарада аз уақыт ішінде тың жанрдың өкілі болып үлгерген жас әншілер мен рэперлер өнер көрсетті. Арасында кәсіби деңгейдегі биімен қуантқан топтар мен үлкен сахнада өнер көрсетуден тайсалмаған жандарды ерекше атап өту керек. Сондай-ақ, көрші елден келген әріптестері де бар. 

Фестиваль қонақтары Ninety one тобының орындауындағы «Бәрі біледі» әнінің ерекше әсер қалдырғанын бөлісті. 

«Ninety one жігіттері Q-Fest соңында орындаған әнімен көпке ой салды деп ойлаймын. Қазақстанда ғана емес, бүкіл 7 миллиард адамның басында болып жатқан проблеманы көтерді. Иә, махаббат пен мейірімділікке сенсек те, дәл осы сезімдермен жауап бере қоймайтын жандар табылары сөзсіз. Бірақ, оларды кеудесінен итермей, керісінше қолұшымызды соза түссек, кеудесіндегі өкпесі мен кегіне түсіністік танытсақ, «ақ жаққа» өтетіні сөзсіз. Жап-жас жігіттердің осыншама өзекті мәселені көтеріп жатқаны үшін қуаныштымын. Мейлі «өз тілдерінде» айтсын, бастысы идея», - дейді төрт баланың анасы Гүли Әбдіраманова. 

Тағы оқыңыз >>> Періштедей балалардан 18+ рэперлерге дейін: Биыл Q-Fest фестивалі несімен ерекшеленді

Осы орайда Ninety one тобының солистері мен рэперлері қойылымның түпкі мән-мазмұнын түсіндірді. Айтуларынша, ешқандай да саяси астар немесе бірнеше тарапты бір-бірімен жауластыру ойда жоқ. Тек оларды өзара түсіністікке шақыру. Осы жолда махаббат пен мейірімділікті көпір ету. 

«Бұл қойылыммен біз адамдар бір-біріне мейірімді болса екен дедік. Әлемде махаббат, мейірім, ізеттілік, ізгілік сынды қасиеттерді ту еткен кезде ғана шынайы бейбітшілік пен бақыт болады. Бұл қойылымдағы сюжет жаз айында жарық көрген Bari biled атты әніміздің бейнебаянында бар. Ол арқылы біз әлем таза ауа жұтып, бейбіт өмір сүрсе екен деген ниеттеміз», - дейді Ninety one тобының жігіттері. 

Фестиваль ұйымдастырушысы Алмас Маратұлы Q-pop музыкалық жанры жастардың өмірлік ұстанымына айналып үлгерген. 

«Фестиваль барысында біз жалпықалалық сенбілік ұйымдастырдық - келген жастардың саны өте көп болды. Және  ол күні жастар жұлдызбен фотоға түсу үшін емес, шынымен қаланы тазалауға келді.  Фестивальдің басты мақсаты - жастарға өз қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік беру. Біз жастар біздің болашағымыз деп - алысқа қараймыз, алайда болашақты бүгіннен тәрбиелеу, жол көрсету керектігін ұмытып кетіп жатамыз.

Осы орайда Алматы қаласы әкімшілігіне жастар жылында осы фестивальді қолдап, Z ұрпақтарының не қалайтынын естуге тырысқаны үшін алғыс айтамын. Жастар, сөйлесуге, байланыс орнатуға дайын. Ол үшін олардың не қалайтынын түсіну керек. 12000 адамдық аренаның түгел толғанына қарағанда жастар бүгін қазақ тіліндегі сапалы заманауи музыканы тыңдайды. Фестивальде әндер 100% қазақ тілінде орындалды», - дейді Алмас Маратұлы. 

Естеріңізге сала кетсек, 91 тобының көшпенділер стиліндегі түсірген бейнебаяны жұртты қайран қалдырған еді. "Мамалатып жібереміз" деп әндеткен жігіттердің туындысын аз уақыт ішінде жарты миллионнан астам адам қарап үлгерді. 

Талқылау