Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

"Жоғары білімі бар адамның бәрі зиялы емес": Қабдеш Жұмаділов зиялылардың бөлініп кеткенін айтты

1962 жылы Қытайдан 200 мыңға жуық қандасымызды туған елге көшіріп әкелген белгілі жазушы Қабдеш Жұмаділов бүгінде өзге ұлт өкілдерінің қазақ жерінен кетуіне қатысты өз пікірін білдірді. Қаламгер бұдан бөлек, өзінің ұлтшыл екенін де жасырмай айтты. Сондай-ақ, зиялы қауымға қатысты да сөз қозғап, бүгінде зиялы қауым өкілдерінің ыдырап кеткенін мойындады, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қазақ жеріне әр түрлі себеппен жазаланып, айдаумен келген ұлт өкілдерінің мекеніне айналған жер. Ал, жері қалай кең болса, көңілі де сондай кең қонақжай қазақ елге айдаумен келген ұлттардың кеудесінен қақпай, оларға пана бола білді. Қазақтар өзге ұлт өкілдерімен 60-70 жыл бойы тату тұрды дейді, жазушы Қабдеш Жұмаділов. Оның айтуынша, кезінде қазақ жерін пана еткен кейбір ұлт өкілдері кейіннен өз атамекеніне қайта оралған.

«Бірақ, бәрі қайтып кетсе қазақ өліп қалады деген сөз емес. Қазақ өз тіршілігін жасай алады. Қазақтың сол халықтардан, дүние жүзі ұлттарынан үйренген өз өнері, білімі өзіне жетеді»,- дейді қаламгер.

Жазушы Қытайдағы аш қазақтарды тоқшылыққа жеткізгенін, атамекеніне өткізгенін өмірлік мақтанышы ететінін айтып өтті. Ол азаматтық қызметінің шыңы осы деп есептейді. Бірақ, Қабдеш Жұмаділов Қазақстан билігіне көңілі толмайтын жерлері бар екенін де жасырмады. Ол тәуелсіздік жылдары басталған көштің солғындалып, ақыры тоқтап қалғанына налиды.

«Ресейде, Өзбекстанда және Қытайда миллиондаған қазақ тұрады. Көштің негізгі бұлағы солар болу керек еді. Мысалы, Шыңжаңдағы қазақтар саны 1 жарым, 2 миллионға жетеді дейді. Олар біздің қандасымыз, бауырымыз. Жерді даулағам жоқ. Жер де біздікі еді әрине. Бірақ, екі елдің келісімі бойынша ол Қытайдың аумағы болып саналды. Алайда, жерді бергенімен ана елдің билігі, болашағы бізге қарап тұр. Біз соған ие болуды қойдық. Қытайдың саясаты әлі құбылмалы. Не социализм, не капитализм емес»,- деді жазушы Қабдеш Жұмаділов.

Осылай деген қаламгер Қытай билігінің 22 жасында өзіне «ұлтшыл, оңшыл» деген қалпақ кигізгенін айтты. Дегенмен, ол шынымен де өзін ұлтшылмын деп атайды. Бірақ, ұлтшыл екенін жасырмаған Жұмаділовтің ойын ашық білдіріп, бүкпесіз айтамын деп таяқ жеген кездері де болған.

«Үкімет талантты, шығармаларымен көзге түскен, халық сынынан өткен бір топ жазушыларға, өнер адамдарына стипендия тағайындады. Соның ішінде менде біраз жыл стипендия алып келдім. Ол енді тәртібің жақсы болса, аузыңа ие боп жүрсең ғана беріледі. Кейін біраз жыл 7-8 жыл әлгі стипендиядан қағылдым. Өйткені, менің турасын айтқан сөздерім ұнамай қалды. Бірақ, турасын айтқанда менің бұл үкіметке, біздің билікке мүлде қастығым жоқ. Мысық тілеумен емес, сол болса екен, мына кемшілік жойылса екен деп айтамын ғой. Соны біреулер ұнатпады. Менен біраз мақтау күткен болар. Бірақ, мен мақтау жағына сараңмын. Біреуді мақтағым келмейді»,- дейді қаламгер.

Қабдеш Жұмаділов сондай-ақ, зиялы қауым туралы сөз қозғап, дипломы бар кісілерді ғана зиялы демейді дейді. Оның сөзінше, ұлт үшін күресетін, ұлттың қамын жейтін, ұлт үшін басын беретін адамдарды зиялы деп атау керек.

«Жоғары білімі бар адамның бәрі зиялы емес. Бізде зиялы қауымның көбі өзін ақылдымыз, пысықпыз деп ойлайтын және биліктен, мансаптан дәмесі бар адамдардың көбі, сарай, билік маңайында жүрді. Сондай-ақ, оған керісінше, билікке, табынуға қарсы күресіп жүрген зиялылар да бар. Олардың бәріне күйе жақпаймын. Қазір біз зиялылар бөлініп, ыдырап кеттік. Бізді қоғамдық ұйымдар деп қайдағы бір дін таратушы сектанттардың қатарына қосып қойды. Мыңнан артық қоғамдық ұйым бар жазушылар одағы. Ал біз оның қатарына жатуға тиіс емеспіз. Өйткені, біз қоғамның рухани байлығын жасап жатқан адамдармыз»,- деді Қабдеш Жұмаділов.  


Тағы оқыңыз: Қабдеш Жұмаділов елдегі өзгерістер туралы: Кішкене тұра тұру керек қой, халық қорыта алмай жатыр

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр