Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жылы мұң": Қазақстан театр кеңістігінде алғаш рет жасанды интеллект көмегімен жазылған спектакль қойылды

театрФото: Астана қаласының әкімдігі

13 желтоқсанда Астана қаласында Әзербайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры көрермен назарына ерекше форматтағы "Жылы мұң" спектаклін ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ана мен бала арасындағы ауыр тағдырды арқау еткен бұл қойылым 2000 жылдардағы ностальгиялық атмосфера арқылы қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі нашақорлықтың ауыр салдарын ашып көрсетеді.

Спектакльдің басты ерекшелігі –  Қазақстан театр кеңістігінде алғаш рет жасанды интеллектінің көмегімен жазылуы. Қойылымдағы пьеса, музыкалық сүйемелдеу, костюмдер мен сахналық көріністердің басым бөлігі заманауи жасанды интелектінің көмегі арқылы жазылған. 

Бұл жаңашылдық театр өнеріне тың серпін беріп қана қоймай, технологияның да әлеуметтік мәселелерге үн қоса алатынын көрсетті.

театрФото: Астана қаласының әкімдігі

Спектакль "Заң мен тәртіп" жобасы аясында сахналанып отыр. Қойылым режиссері Нұржігіт Муслимовтың айтуынша, қойылымның басты идеясы жасанды интеллектінің де, қоғамның да нашақорлыққа қарсы екенін жеткізу.

“Спектакль “Заң мен тәртіп” жобасы аясында іске асты. Біз жасанды интеллектінің де нашақорлыққа қарсы екенін жеткізгіміз келді. Нақтырақ айтқанда, жасанды интеллектінің де адам болашағының сау болғанын қалайтынын көрсету”, – дейді режиссер.

Қойылымдағы басты кейіпкер нашақордың рөлін сомдаған актер Серік Максотов бұл образды алып шығу оңай болмағанын айтады. Ол жастарды ата-ананы қадірлеуге, жақындарын бағалауға шақырды.

“Бұл рөлге дайындалу барысында көп іздендім. Барша жастарға айтарым ата-аналарыңыз тірі кезінде қастарында болып, жақсы көретіндеріңізді айтып үлгеріңіздер. Кейде бір ауыз сөзді айту кеш болып қалуы мүмкін”, – дейді актер.

Спектакльде ананың рөлін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, танымал актриса Гүлмира Жакилина сомдады. Актрисаның айтуынша, бұл жолғы ана бейнесі оның жүрегіне ерекше әсер еткен.

“Жалпы сахнада ананың рөлін көп сомдадым. Бірақ бұл рөл мүлде бөлек. Себебі нашақорлық – бүгінгі қоғамның ауыр дерті, өте ауыр мәселе. Мұндай жағдайда тек ата-ана емес, бүкіл қоғам болып көмектесуіміз керек. Қиындыққа тап болған адамды сыртқа теппей, қолдау көрсету маңызды. Қойылымның мәтіні мен өлеңдері жүрекке қатты тиеді. Өзім де анамнан айырылған соң бұл рөлді ауыр қабылдадым. “Анамның қадіріне жете алдым ба екен” деген ой туындады. Көрерменнің ішінде де осындай тағдырды бастан кешкен жандар болуы мүмкін. Сондықтан бұл спектакль жастар ойлансын, жаман жолдан аулақ болсын деген мақсатта қойылып отыр”, – дейді актриса көзіне жас алып.

Қойылым барысында көрермен залында эмоцияға беріліп, көз жасын тыя алмаған жандар көп болды. Көрерменнің айтуынша, спектакль жастарды дұрыс орта таңдауға, өмірдің қадірін түсінуге және ата-анаға құрметпен қарауға үндейді.

Көрермен Манара Сыздықова да қойылымнан ерекше әсер алғанын сөз етті.

“Қойылымнан алған әсерім ерекше. Адам кез келген дүниені сатып ала алады, бірақ өмірді де, уақытты да сатып ала алмайды. Бейбіт қоғамда жастар дұрыс бағытта өмір сүріп, ата-ананың қадірін білсе екен деймін. Өздеріне жақсы орта, адал достар тапса екен. Себебі адам ортасына қарап қалыптасады”, – дейді ол.

театрФото: Астана қаласының әкімдігі

"Жылы мұң" бұл жай ғана спектакль емес, ол қоғамға бағытталған үндеу, жастарға ой салатын көркем туынды. Өнер мен технологияның біріккен бұл жобасы көрерменге бейжай қалдырмай, әр адамды өз өміріне, таңдауларына жауапкершілікпен қарауға шақырады.

STAN.KZ
Жексенбі, 14 Желтоқсан, 2025 10:21