Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жерге қан сіңіп қалған": Қостанайда жансақтау бөлімінен қашып кеткен пациент көрші аулада көз жұмды

Қостанайда аурухананың жансақтау бөлімінен қашып кеткен пациент қаладағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында көз жұмды.

Сурет: "Наша газета"

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Наша газета» басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

30 жастағы ер адам 1 қыркүйекте ауруханаға түсіп, ота жасалған. Арада үш күн өткеннен кейін ол палатаның терезесіндегі москит торын алып тастап, терезеден секіріп кеткен. 

Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаеваның мәліметінше, пациент отадан кейін төсекке таңылған. Алайда ол жансақтау бөлімінен терезе арқылы қашып кетіпті. 

«Ер адамға ота жасалып, жансақтау бөлімінде жатқан. Ол терезені ашып, торды алып тастап, сыртқа секірген. Өрт қауіпсіздігі ережелері бойынша, бірінші қабаттағы терезелерге қоршау орнатуға тыйым салынған», - дейді Ксения Жылқыбаева. 

Дәрігерлер пациент қашу кезінде психоневротикалық синдром жағдайында болуы мүмкін екенін айтады. 

Оқиғадан кейін дәрігерлер полицияға жүгініп, қашып кеткен пациентті аурухананың маңынан іздей бастаған. Алайда одан еш нәтиже шықпапты.

Ертесі, яғни 5 қыркүйекте, таңертеңгі уақытта ер адамның денесі ауруханадан шамамен 100 метр жердегі Майлин көшесіндегі ауладан табылды. 

Куәгерлердің сөзінше, ер адамның мәйіті жатқан жерге қан сіңіп қалған. 

Ал полиция департаментіндегілер ер адамның күшпен өлтірілмегенін айтты.

Талқылау