Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жер жұтып қойғандай". Өскеменде үш баланың анасы жұмбақ жағдайда жоғалып кетті

Шығыс Қазақстан облысында 46 жастағы Сәния Садықованы іздеу жұмыстары бір апта жүргізілуде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Еріктілер жариялаған ресми ақпаратқа сәйкес, үш баланың анасы 12 тамызда жоғалып кеткен. Жұма күні кешке әйел жалақысын алып, жұмыстан шыққаннан кейін оны ешкім көрмеген. 

"Таныстары мен туыстарының айтуынша, Сәния Өскеменде құрылыс нысанындағы жұмысын бітіріп, есеп-қисаппен айырылысқаннан кейін, қалаға жақын үйіне –  Бозанбай ауылына барған. Мұны оны әкелген такси жүргізушісі мен әкем растап отыр. Таңертең ол мал жөндеп, үй шаруасын реттегеннен кейін жер жұтып қойғандай жоғалып кетті. Оны ешкім көрмеген. Әке-шешеміз де, көршілер де, такси жүргізушілері де. Егер ол бір жерге барғысы келсе, соларға жүгінетін еді", - деді әйелдің ағасы Бақтияр.

Ер адамның айтуынша, әпкесінің телефоны содан бері өшірулі көрінеді. Ағасы әпкесінің ата-анасымен бірге тұратынын, ажырасқан әйел екенін айтады. Оның үш ересек ұлы бар – біреуі жұмыс істейді, қазір іссапарда жүр екен, екіншісі әскерде борышын өтеп жүр, ал кішісі колледжде оқиды.

Туыстарының айтуынша, әйел бұрын-соңды ешқашан жоғалмаған, алкогольді ішімдіктерге құмар емес, темекі шекпейтін.

"Әпкем үйдің адамы. Жұмыстан кейін бірден үйге барып, үй шаруашылығымен айналысып, ата-анасына көмектесіп, балаларына қамқорлық жасайды. Ол өте мұқият ана. Әпкем жоғалып кеткен уақытта отбасында ешқандай жанжал болған жоқ. Өзі де жанжалға жақын емес. Әрқашан қандай да бір шу болса одан қашып жүруге тырысатын",-дейді Бақтияр.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда әйелді іздеу жұмыстары жалғасуда. Еріктілер қала бойынша хабарландыру жариялауға көмектесіп жатыр. Полиция іздеу шараларына кинологтарды қосқан.

Белгілері: Сәния Қадырханқызы Садықова 09.12.1975 жылы туған, бойы 155 сантиметр, көзі қоңыр, шашы қара, мұрын жағында қалы бар. Ақ спорттық киім, ақ кроссовка, басына орамал және жылтыр қалпақ киген.

Әйел туралы немесе оған қатысты қандай да бір ақпарат білетіндердің барлығы мына нөмірлерге хабарласуына болады:  +7 771 466 54 38 немесе 102.

Талқылау