Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Желілер өңделген суреттерді жүктемейді: Бет-әлпетін әдемі ететін бикештер енді ешкімді алдай алмайды

Шынайы келбетті көреміз. Бет әлпетін фотошоппен өңдеп, әдемі ететін бикештер енді ешкімді алдай алмайды. Жасанды сұлулыққа әбден тойған әлеуметтік желілер енді өңделген, дұрысталған суреттерді жүктемейді.

Оларды бірден блокқа тығып тастайды екен. Осындай жолмен  табиғи сұлулықтың маңызын арттырмақшы. Алайда сылқым суреттерімен танымал болып, талайды тамсандырған жасанды аруларға бұл бастама жақпаған сыңайлы.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

«Кімді алдап жүргенімізді білмеймін. Бірақ қазір не көп? Фотоңызды өңдеп, түріңізді сәндеп  беретін бағдарламалар көп. Көзіңді үлкейтіп, жалпақ мұрныңды сопақ қылдырып, шашыңның түсін өзгертіп, денеңді арық етіп, қаласаң тіпті локацияңды да ауыстырып жібереді. Алайда мұнымен тоқтаған біреу бар ма? Күннен-күнге жаңадан фильтрлер шығып жатыр, жастар оған қызығып, жарыса желіге жүктеп жатыр. Жұрттардың шынайы келбетін де ұмыта бастадық қой содан».

Жеңіл дегеннен  шығады ғой. Қазір үлкендерді қойшы, бесіктен белі шықпаған балалар да желіге сапалы дүние жүктеуден кетәрі емес. Түрлі бағдарламаларды жүктеп, суреттерін өңдеп жүрген олар да көп лүпіл жинауға әуес. Қысқасы жасанды образдардың қатары күн санап артып келеді.  

«Артық қыламын деп, тыртық қылып», шынайылығын жоғалтып бара жатқан жастардың артуы танымал әлеуметтік желі басшылығын да алаңдатқан. Ендігі  өңделген суретті жүктеймін дейтіндердің ойлағаны жүзеге аспайды. Инстаграм оны блокқа тығып тастайды. Демек бикештер енді өмірде қандай, желіде де тура сондай болады. Былайша айтқанда, ешкімді алдай алмайды. Ал өздері бұл жаңашылдық туралы не ойлайды екен?

«Ол не керек?  Керек емес зат сияқты»

«Олда енді адамның кішкене шығармашылыққа жақындығы бар екенін көрсетеді ғой, егер өңдесе. Оны да кішкене жауып тастайтын сияқты».

Жалпы фотошоп сияқты бағдарламаларды кімдер пайдаланады өзі? Көбіне өзіне сенбейтін, келбетін жақсы көрмейтін, комплексі бар жандар екен. Міне солар үшін инстаграмдағы жаңашылдықты қабылдау қиынға соғатын тәрізді. Сонда қайтпек керек?  

«Біз жастарымызды қолдау ретінде көптеген мотивациялық, өз-өзіне сену, комплексті жоятын тренингтерді өткізуге тура келетін шығар онда алдағы уақытта», - деді сұлулық байқауларының менеджері Ержан Өмірбай.

Мотивациялық тренингтердің жұмысы қыза түсетін сияқты ғой демек.  Хош, идеал адам жоқ. Бәрінің кемшіліктері бар. Бірақ көбі оған көнгісі келмейді. Өзін мінсіз етіп көрсеткісі кеп, фотошоптың көмегіне жүгінетіндері де сол ғой. Алайда шынайылық қашан да трендте емес пе? Инстаграмда болғалы тұрған жаңашылдық та соны айтып тұрған жоқ па?  

Қалай жаралды солай болып қалу керек қой. Ондай жасанды түрдің қажеті жоқ деп ойлаймын. Әсіресе қазақ қыздары мен жігітеріне айтарымыз сол.

Талқылау