Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Желідегі оқырмандарым 1,5 миллион теңге жинап берді": Түркиядағы отандасымыз зардап шеккен қала тұрғындарына көмектесуде

Түркия республикасының президенті Режеп Тайып Ердоған жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 35 мыңннан асты деп хабарлады. Қазақстан бауырлас түрік еліне гуманитарлық көмек пен құтқарушыларын да жіберді. Қазақстандағы кейбір өңірлерде Түркияға жылу жинайтын арнайы орталықтар ашылып, алғашқы легі де жетті. Мұндай шарадан қоғам белсенділері де қалыспай киіз үй, түрлі дәрі-дәрмек пен азық-түлік қорларын да жинап беруде. Осындай отандасымыздың бірі – қазақстандық студент Ләззат Мырзашқызы. Ол әлеуметтік желідегі оқырмандарынан бір жарым миллион теңге жинап, зардап шеккендерге көмек беруде. 

Ләзат Мырзашқызы зардап шеккен балалармен

Ләзат Мырзашқызы Түркияның Кайсери қаласындағы Эрджиес университетінде дін психологиясының докторантурасында оқиды. Отандасымыз үш жылдан бері түріктер жерінде тұрады. Екі баланың анасы.

Зілзала болған сәтте қасында мүмкіндігі шектеулі құрбысы болған. Алдымен балаларын аулаға шығарып, кейін қайтадан құрбысын сыртқа алып шығады. Кайсериде екі рет қатты жер дүмпуі болыпты. Шаһардағы кейбір мекемелер құлап, үйлердің сырты да қираған. Қазіргі кезде қалада эвакуациялау мен жөндеу жұмыстары басталған. 

"Сол түні қатты қорықтық. Ақпанның 5-інен 6-сына қараған түні таңғы сағат 4:17-де біреу жұлқып оятқандай болды. Жатқан төсегіміз аяқ астынан тербеліп кетті. Ұлым мен қызыма қарай ұмтылдым. Қатты сілікіністен сыртқа шығып үлгермейміз деп жүргенде бір сәтке босағада тұрып қалдық. Сол мезетте қазақ көршілеріміз далаға кетіп жатты. Олар бізге де көмектескілері келді. Сағат 4:17-ден сағат 6:30-ға дейін далада жүрдік.
Дала суық болып үйге кіргенде, үй әлі де қозғалып тұрды. Сабыр сақтап, балалардың таңғы асын бердік. Үйде үш айдан бері ақын құрбым – Салтанат Мадиярқызы бар еді. Бар уайымым екі бала мен Салтанат болды. Салтанатқа "сыртқа шығып, далада жүре тұрайықшы" десем, ол қайта мені сабырға шақырды", –  дейді қазақстандық студент.  

Түркиядағы көпқабатты тұрғын үйлер нөлден бастап саналады екен. Ең төменгі қабаттан санағанда, кейіпкеріміздің үйі алтыншы қабатта. 

Түркиядағы қираған ғимараттар мен үйлер

"Алғашқы кезде қалада көлік кептелісі болды. Қала басшылығы сабырға шақырып жатты ғой. Кайсериде төрт балдық жер сілкінісі деп ресми айтылды. Бұдан кейін жер дүмпуі түскі сағат 13:10-да қатты сезілді. Ол кезде екі баламды алып үлгермеймін деп ойладым. Екеуін жұқа киіммен сыртқа алып шығып, баспалдақтан далаға әрең шықтық. Баспалдақ пен дәліз, бүкіл үй қозғалды. Далада қалың қар болды. Үйдің астындағы дүкенге екі баламды тапсырдым. Алтыншы қабатқа қайта көтеріліп, Салтанат пен балалардың жылы киімдерін алып шықтым. Ол кезде бірінші қабаттағы дүкен де қозғалды. Дүкен жабылатын болған соң, көшеге шықтық.
Сыртта жастар от жағып, жылынып тұрды. Бізде қастарына барып жылындық. Қасымыздағы кафе иесі "ішке кіріңіздер" деген соң, бәріміз ішке кірдік. Жарты сағат ішінде кафе теңселіп, қайтадан сыртқа шықтық. Сырттағы адамдар спорт салондарына баруға көлік іздеуде екен. Бірақ қаладағы таксилер тоқтамады. Бір кісіге өтініп, спорт салонына әрең жеттік. Онда адам қарасы тым көп екен. Бәрі "сағат 17:00-20:00 арасында қатты жер сілкінісі болады" деп жатты. Расымен де 20:00-де қайтадан жер сілкінді", - дейді сұхбат беруші. 

Ләзат ханымның айтуынша, Түркиядағы Қазақстан елшілігінен ешкім хабарласпаған. Мұнда өзі сияқты 40-қа жуық қазақ отбасы білім алады екен. 

"Әлі шокта жүрмін. Үнемі жер сілкінетін сияқты күйдемін. Жер үнемі сілкініп, қозғалып тұрғандай көрінеді. Балалар басында көп жылады. Оларды далаға шығарып алған соң, алдап жұбаттық.
Сабақ тоқтады. Қазақтардың біразы ұшаққа билет алып елге кетті. Алғашқы төрт күнде маркеттер істемей, су мен нан тапшылығы да болды. Көбі үш-төрт күн мешіттер мен той салондарын, мемлекет арнайы ашқан орталықтарды паналады. Балалардың қауіпсіздігі үшін бес күн үйге кірмедік. Бес күннен кейін басқа қазақтар да үйлеріне оралды. Түрік билігі көп зардап шеккен аймақтарға күштерін жұмылдарып жатыр", –  дейді отандасымыз. 

Отандасымызға әлеуметтік желіден "Түркиядан неге кетпейсіңдер?" деп пікір айтып жатқандар да көп екен. Ондай пікір білдірушілерге кейіпкеріміз ашуланғандығын да айтып қалды. Сөзінше, ешкім еріккеннен кішкентай баласымен жат елде жүрмейді дейді. 

"Кайсери қаласында тіршілік жалғасуда. Таулы аймақтардан зардап шеккен тұрғындарды басқа аймақтарға қоныстандырып жатыр. Студенттердің жатақханаларына Кахраманмараш, Газиантеп т.б. аймақтардан келген адамдарды орналастырып жатыр. Бұл жақтағы кәсіпкерлер зілзаладан зардап шеккендерге көмектесуде. Олар нан пісіретін орталықтарды апарып ашты. Тегін нан мен басқа да азық-түліктерді таратып жатыр. Бізге де киімдерді тегін немесе жарты бағасына сатты. Үлкен мега орталықты ауруханаға айналдырды. 
Instagram әлеуметтік желісіндегі оқырмандарым бір жарым миллион теңге жинап берді. Ауруханаларды аралап, жапа шеккендерге көмектестік. Кахраманмараштағы ауылдағы шыға алмай жатқан тұрғындарға да ақша аудардық. Эрджиес университетінің медицина факультетінің бас дәрігері Фати Дал мырза арқылы ауруханада жатқандарға көмек көмек қолын создық. Арасында сириялық Омар есімді екі аяғынан айырылған бала да бар екен. Басқа да балаларға көмектестік", – дейді екі баланың анасы. 

Түркияда көп блогер киімге тапшы емеспіз дейді, дегенмен оны уақытылы жеткізетіндер жоқ дейді ол. Отандасымыз адамдардың бәрі қатты шошып қалғандарын айтады.

Мұндағы аман қалғандардың әрқайсысына психологтардың көмегі ауадай қажет деген пікірде.  

 


Қадірәлі Сарыпбек

STAN.KZ
Сәрсенбі, 15 Ақпан, 2023 13:44