"Жарты жылда 11 үй өртенді": Астанада тұрғындар ескі үйлерінің қауіпті екенін айтып, сүріп тастауды талап етті
Астанадағы Өндіріс тұрғын үй алабында үш айдың ішінде қамыс пен ағаштан салынған 11 үй өртеніп жанып кеткен. Қақаған аязда тұрғындар баспаналарын көмірмен де жылыта алмайды әрі электр пешін қосу мүмкін емес. Себебі көмір жақса, ескі пештер атылуы мүмкін. Ал электр желілері болса тұйықталып, әп-сәтте үйлер күлге айналады. Дегенмен жергілікті шенділер азаматтарға көмектесуге асығар емес деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.

Аймақтағы шағын барактар 1960-шы жылдары салынған. Іргетасы жоқ, ал едені ағаштан жасалыпты. Сондықтан жылуды сақтау үшін еденге картон-қағаз төсеуге мәжбүр. Бірақ соның кесірінен тұтастай үй 10 минутта-ақ өртеніп кетіпті.
Тұрғындар үйлерін тастап кетуге қорқатындарын айтады. Өйткені бір-біріне жапсарласа салынған төрт үйдің біреуі өртенсе, өзгелері де түк қалмай жанып кетуі әбден ықтимал. Тұрғын үй темір жол вокзалы алабында тұрғандықтан, өрт сөндіру қызметінің жетуі де қиын екен. Вагон құрамы толық шойын жолдан өткенше қызметтік көлік күтіп тұрады.
“Сағат 21:00 шамасында көршілердің айқайлаған дауысын естідік. Сол кезде қарасақ, төбемізден от ұшқындары түсіп жатыр. Қолымызда не бар сонымен далаға жүгіріп шықтық. Дәрілерімді алып үлгердім”, – деді тұрғын Шәрбану Баранқұлова.
“Үйлер құр қағаздан салынған секілді. Біз сол үйлерді биыл немесе келер жылы сүріп тастауын сұраймыз. Себебі жарты жылдың ішінде 11 үй жанып кетті. Өрттің шығуына пеш, электр желісіндегі тұйықталу себеп болып отыр. Шыдай алмайды, өрт сөндірушілерінің келуі де қиын”, – деп қосты Гүлнұр Бисембаева.
Үйі өртенген азаматтар баратын жерлері жоқ екенін айтып отыр. Қазір олар бас сауғалап жүр. Қауіпті үйлер қаланың 2006 жылы жасалған бас жоспарына сәйкес сүрілу керек болған. Дегенмен Байқоңыр ауданы әкімдігінің мәліметінше бұл ғимараттардың әлі кезегі келмеген.
“Смета жасалып жатыр. Одан кейін мердігер компанияларға көмек ретінде сол құрылыс материалдарын кірпіштен бастап шегесіне дейін барлығы қазір есептеліп жатыр. Іргетасынан басталып, шатырына дейін смета жасалып жатыр”, – деді Астана қаласы Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Абдуллин.
Шенеуніктердің айтуынша, қала шетіндегі тұрғындар назардан тыс қалмайды. Осы көктемде өрттен жарамсыз болып қалған барлық үй қалпына келтіріледі. Ал қарапайым жұрт апатты үйлердің сүріліп, жаңа баспана тұрғызылуын талап етіп отыр.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік