Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жарық, су, газ жоқ": Қостанайда ардагер әкімдіктен берілген пәтерінде жағдай жасалмағанын айтты

Қостанайда Ауған соғысының 83 жастағы ардагеріне мемлекеттік қордан пәтер берілген. Алайда ішінде коммуналдық жағдайы қарастырылмаған. Сондықтан Николай Матузков жуынып, ас әзірлей алмайды. Зейнеткерге ауқаттануға мейірімді көршілері көмектессе, суды ауладан суғару кезінде алады екен. 

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Астана» арнасына сілтеме жасап хабарлайды.  

Николай Матузковқа 10 күн бұрын әкімдіктен берілген бір бөлмелі пәтердің ішінде коммуналдық жағдайы жасалмаған болып шыққан.  

«Жарық, суы жоқ. Шүмектердің бәрі сынып қалған. Газ да жоқ. Шай қайнатып іше де алмайсың. Ауланы суғарған кезде сол жерден су аламын», - дейді Ауғанстандағы соғыс ардагері. 

Зейнеткер өмір бойы Оңтүстік Қазақстан облысында тұрған екен. Жұбайы қайтыс болғаннан кейін, Қостанайдағы әпкесіне келген. Оның өлімінен кейін жиенімен дау туындап, салдарынан баспанасыз қалған. Артынша қиын жағдайда қалған жандарға арналған орталықта бір жыл тұрыпты. 

Қарияның қызы Лисаковскіде тұрады. Алайда әкесін алып кете алмайды. Себебі 5 баласы бар, оның үстіне біреуі жарымжан екен. Бүгінде қарияның жағдайына бей-жай қарай алмаған көршілері тамақтандырып жүр. Оның жағдайы туралы айтып, дабыл қаққан да – көршілері. 

«Желіде ол туралы ақпарат жарияладым. Көп адам көмек қолын созғысы келіп, мекенжайын, қандай көмек керек екенін сұрады», - дейді көршісі Вероника Климова.

Әкімдіктегілердің сөзінше, ардагер 2008 жылдан бері баспана кезегінде тұр. Қазір кезегі 1088-ге жетіпті. Шенеуніктер пәтерде коммуналдық қызметтердің өшірілгенін білмегендерін айтады. Иесіз үй таяуда мемлекет меншігіне өткен екен. Артынша оны қарияға уақытша баспана ретінде беріпті.

«Бұл жерде ешқандай жағдай жасалмағанын кеше ғана білдік. Жұмыстарды бастап кеттік. Су мен кәріз жүйесін қостық», - дейді қала әкімінің орынбасары Олжас Нұрғалиев. 

Ал әлеуметтік қызметтегілер ардагердің атаулы әлеуметтік көмектің бірнеше түрін алатынын және жыл сайын шипажайға жіберілетінін айтты. Алдағы уақытта оған әлеуметтік қызметкер бекітіледі екен. 

«Ол адам қарияға көмектесіп, қажет жерде жәрдемақылар, заңдық мәселелер туралы кеңес беріп, пәтерді жинауға, ас әзірлеуге, дүкенге, дәраханаға баруға жәрдемдеседі», - деді қалалық әкімдіктің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің меңгерушісінің орынбасары Любовь Швыдко.

Сонымен қатар әкімдіктегілер демеушілердің есебінен ардагердің пәтеріне газ плитасын орнатып, есігін жөндеп беретіндерін айтты. 

Талқылау