Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңа Зеландияда циклон соғып, жүздеген адам баспанасыз қалды

13 ақпанда Жаңа Зеландияда "Габриэль" циклоны соғып, салдарынан жүздеген адам баспанасынан айырылды. Жолдар мен дүкендер, көліктер су астында қалды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі MIR 24 арнасына сілтеме жасап.

Қазір циклонға байланысты елде төтенше жағдай жарияланған.

"Бұл осы ғасырдағы ең үлкен су тасқыны болды. Төтенше жағдай жариялағанымыздың өзі апаттың қаншалықты қауіпті болғанын көрсетеді", - деді Жаңа Зеландияның төтенше жағдайлар министрі Киран Маканулти.

1,5 миллион тұрғыны бар Оклендте жүздеген адам эвакуацияланды. Қазір тіпті үйде отыру қауіпті. Жағалаулар шайылып жатыр.Төтенше жағдайлар министрінің мәліметінше, жүздеген тұрғын жарықсыз және байланыссыз қалған.

“Біз зардаптарды жоюға тырысамыз. Халықаралық және ішкі рейстер қайта жанданды. Бірақ үзілістер болуы мүмкін. Сонымен қатар пойыздар кестесінде де кешігулер бар”, - деді Киран Маканульти.

Су басқан аймақтарда қоғамдық көлік жоқ. Көптеген мектептер, балабақшалар мен спорт залдары жабылды. Билік су тасқынынан зардап шеккендерге жеті миллион доллардан астам қаржы бөлді.

"Габриэль" циклоны Оклендті басып, төрт адам қаза тапты. Қатты дауыл екі аптадан соң аралдарға келе бастаған. Қазір циклонның орталығы солтүстікте болып, елден оңтүстік-шығыс бағытта қозғалуда.

Гүлсезім Мұхатай
Сәрсенбі, 15 Ақпан, 2023 10:04
Талқылау