Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында сұйылтылған газ құю бекеттері жаппай жабылуда

Жамбыл облысында сұйытылған газ құю бекеттері шетінен жабылып жатыр. Қызметін тоқтатқан компаниялар қызметкерлерін қысқартуға жіберген. Өйткені өңірде автогаз тапшы деп деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

газ

Таразда газ құю бекеттері тұрғанымен, сұйылтылған отын жоқ. Кәсіпкерлердің айтуынша, бұған жергілікті билік кінәлі. Өйткені жеңілдетілген бағада берілетін көгілдір отынды бөлісте бұра тартады.

“Қай заправкаға барсақ та, “талонмен” дейді. Сұрап, іздеп жүреміз. Қазір тіпті талонмен келсең де, құймайды”, – деді көлік жүргізуші Айтқан Әшіров.

Бекеттердің газы сарқылғанына екі ай. Компаниялар жұмысшыларын әуел баста ақысыз демалысқа жіберген. Бірақ бұл мәселенің болашағы бұлыңғыр болған соң бүгінде жаппай қысқартып жатыр.

“Әлеуметтік газ жетпей жатыр. Сонымен газ азайып, жұмыссыз қалдық. Бала-шаға бағып отырмыз, несиелеріміз бар”, – деді газ құю бекетінің операторы Мейірбек Қойшыбаев.

“Қазір мен ақысыз демалыстамын. Айлық жоқ, жұмыс жоқ. Өйткені таситын газ жоқ. Демалысқа кеткеніме бір ай болды. Ертең тағы бір айға кетемін, сол кезде менің бала-шағамды кім бағады?” – деп мәлімдеді газ құю бекетінің қызметкері Әлімжан Баймаханов.

Газ сатушы компания басшыларының газ құю бекеттері бос қалды. Айтуларынша, атқарушы билік әлеуметтік газды алалап үлестіреді. Жеңілдетілген бағамен айына аймаққа берілетін 5100 тонна газ тек бірді-екілі компанияға ғана беріледі. Аймақтағы автогаздың 50%-ын үш компания алса, 27-не қалғаны аз-аздан беріледі.

“Он шақты бекеті барларға 1000 тонна береді. Олар мың тоннаны бір айда сата алмайды. Сол үшін олар үстіне баға қосып сатады. Менің ойымша, бұл әділетсіз”, – деді газ құю стансасының директоры Гүлжамал Башығұлова.

Энергетика басқармасы газ министрлік бекіткен механизммен бөлінетінін айтты. Бекеттердің көптігі емес, қойманың кеңдігі, сатылымның көптігі сынды критерийлерге сай бөлінеді. Бірақ көлік жүргізушілердің қоймаға барып газ құймайтынын ескеріп, бөлшек сататындарға да басымдық беруге ұсыныс беріпті.

“Бұл бойынша "Атамекен", жанармай ассоцияциясымен бірлесіп, ұсынысты беріп жатырмыз. Жақын арада энергетика өз бұйрықтарына өзгерістер енгізуді жоспарлауда. Сол кезде айтқан ескертпелер енгізілген кезде көбірек бөлінеді деп ойлаймыз”, – деді Жамбыл облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы Мәулен Қожақов.

Бір жыл бұрын да газға қатысты дау шығып, президенттің араласуымен газ бағасы 60 теңгеге тұрақтандырылған. Осыған орай әр облысқа сұранысқа сай жеңілдетілген газ мөлшері бөлінетін.

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 14 Ақпан, 2023 07:45