Қазақстандық заңгерлер көшедегі тауып алған ақшаны алудың қандай қауіпі бар екенін айтты

Күнделікті өмірде түрлі қиын жағдайлар, нақты әрі тез шешім қабылдайтын сәттер болады. Сондай кезде эмоцияға берілмей өз құқығыңыз бен міндетіңізді, не істеу керек екенін білген абзал. Заңның ерекшеліктері мен маңызды пункттерін біліп жүрген жөн. Stan.kz тілшісі қазақстандық заңгерлерден азаматтар өз құқықтарын қалай қорғау керектігін, кей ситуациялардағы дұрыс әрекет етудің жолдарын сұрады. 

Көшеде тауып алған ақшаны алуға бола ма?

Отандық адвокат Эльнура Жұмабековна көшеде табылған заттарды "Олжалар бюросына" өткізу керек екенін айтады.

"Ішінде ақшасы бар әмиянды тауып алған жағдайда, оның ішінде құжаттары қалып қалса, жоғалған заттың иесін анықтауға мүмкіндік бар. Ал әмиян емес, тек ақша тауып алсаңыз, оның иесін әсте анықтау мүмкін болмайды. Мұндайда көшеден табылған ақша, басқа да заттарды "Олжалар бюросына" барып өткіземіз. Ол жерде қандай заттар өткізгеніңіз туралы түбіртекті алуыңыз қажет", - дейді маман. 

Айтуынша, алдағы уақытта тастанды ақша адамға ұрлықпен пара-пар жала болып есептеліп кетуі ғажап емес, сондықтан артық сөз болмау үшін осы аталған мекемеге өткізу қажет.

"Егер азаматты полиция қызметкері ұстап алған болса, оның себебін анықтау керек. Ол үшін нақты не үшін ұсталғанын сұрау қажет. Полиция қызметкеріне өзін таныстыруын сұрап, құжаттарын тексеріңіз", - дейді Эльнура Жұмабековна.

Полиция қызметкерлері сізден құжаттарыңызды көрсетуді талап етуге құқығы бар ма? Ұстап алып кеткен жағдайда не істеу керек?

Полиция қызметкерлері құжатты тексеру мен талап етуі белгілі бір себептерге байланысты болатынын айтады, дейді Эльнура Жұмабековна.

"Көбінесе тексеруге учаскелік полиция қызметкерлерінің құқығы бар. Үйге келіп, тексеру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз десе, полиция қызметкерлерінің куәлігін, қай жерде жұмыс істейтіндігі жайлы мәліметтерді есікті ашпас бұрын алу керек", - дейді адвокат. 

Айтуынша, егер бұл адамның полиция қызметкері екеніне күмән туындайтын болса, 102 нөміріне хабарласып, өзін полиция қызметкерімін деп таныстырған адам жайында мәлімет алып барып, есікті ашса болады.

Заңгер Чиналиева Айнұр полиция қызметкерлері сізді ұстап алған жағдайда бірқатар кеңестерді ескеру маңыздылығын атап өтті.

"Полиция қызметкері сізді ұстап алып кеткен жағдайда мемлекеттік адвокат беруін талап етуіңіз қажет. Ұсынылатын адвокат та осы себептерді анықтауға көмектеседі. Егер сіз қандай да бір құқық бұзсаңыз немесе іс-әрекетіңізбен күдік туғызған болсаңыз, полиция қызметкері құжатыңызды сұрауға құқылы", - дейді ол.

Полиция сізді тоқтатқан жағдайда не үшін олай істегені жайлы түсініктеме беруі қажет, сонымен бірге, сіздің құқықтарыңыз бен міндеттеріңізді түсіндіруі тиіс, дейді маман.

"Егер мұның бірі де түсіндірілмеген жағдайда бұл әрекет - заңсыз болып саналады. Сізді полиция учаскесіне алып кетсе, туған-туысыңызға хабарласуын немесе қоңырау шалуға мүмкіндік беруін сұраңыз. Сізді ұстау кезінде полиция қызметкері сіздің туыстарыңызды хабардар етуге міндетті", - деп қосты заңгер.

Полицияға қандай жағдайда есік ашуға міндеттісіз?

"Сізге жедел ақпарат берсе, сіздің құқық бұзушылық жасағаныңыз жайлы жеткілікті ақпараты болған кезде полиция қызметкеріне есік ашуға міндеттісіз. Барлық басқа жағдайда сіз қалаған тұлғаларды үйіңізге кіргізуден бас тартып, оның орнына аулаға шығып сөйлесе аласыз. Сіз саналы азамат ретінде құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізетін тәртіп сақшыларына жәрдемдесуге міндеттісіз", - дейді Чиналиева Айнұр. 

Айтуынша, полиция қызметкерінің қызметтік куәлігін қарап, аты-жөнін, лауазымын білуге құқылысыз.

"Нақты білу үшін 102-ге хабарлассаңыз, полиция қызметкерлері қайда баратыны туралы ақпаратты 102-ге береді, сондай-ақ, бұл қызметкерінің қауіпсіздігі үшін де қажет", - дейді заңгер. 

Көшеде әлдебіреулердің төбелесін көрсеңіз, араласуға бола ма?

"Егер сіз біреудің біреуге шабуыл жасағанын көрсеңіз оған араласпағаныңыз жөн. Бірден құқық қорғау органдарына хабарласып, 102 шақыруыңыз қажет. Себебі төбелес кезінде сіз кінәлі тарапта қалып немесе сізге дене жарақаттарын келтіруі мүмкін.  Адамгершілік тұрғыдан сіз оған мән бермей өтіп кете алмайсыз. Шамаңыз келсе ажыратып, араласуға тырысасыз. Қылмыскерді қатты айқай қорқытуы мүмкін. Даусыңызды көтеріп, айқайлап көмек сұраңыз. Өтіп бара жатқан адамдардан полиция қызметкерлерін шақыруға өтініш жасаңыз. Қылмыскер айқайдан секем алып қылмыстық әрекетін тоқтатуы мүмкін", - дейді заңгер Чиналиева Айнұр. 

Айтуынша, негізінен бірінші кезекте полицияға хабарласып тез әрі нақты құқық бұзушылықтың қай жерде болып жатқанын хабарлаған дұрыс.

Егер мұндай қылмысты көргендер салғырттық танытып үнсіз өтіп кетпей, уақытылы полицияға хабар берсе, мұндай құқық бұзушылықтар азаяр еді, дейді заңгер.

"Әрине, адамның көмектесу көмектеспеуі әр адамның өзі біледі. Бәрі азаматтың жеке жауапкершілігіне байланысты. Жағдайға қарай полиция, жедел жәрдем шақыру қажет. Үйге полиция қызметкерлері келген жағдай олардың құжаттарын, белгісін, қызметтік куәліктерін сұрау қажет. Сондай-ақ, олар қарайтын және өкілдік ететін АІББ-ға хабарласып, шын мәнінде сол жерде жұмыс істейтінін тексеру қажет болады", - дейді ол.

Адвокат Эльнура Жұмабековна қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында төбелес, бұзақылық жасаған жағдайда құқық бұзушыларға тыйым салу ретінде араласуға болады дейді.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр