Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұлттың намысын қорғады": Қоғам белсендісі қытайларды ұрған қазақтар туралы

Қытай азаматтарын ұрды деген күдікпен ұсталған бес қазақ жігітінің тағдырына алаңдаған бір топ белсенді азамат жиналып,  Талдықорғанға барды. Арысы Қарағандыдан, берісі Алматыдан арнайы келдік деген қоғам белсенділері Алматы облысы әкімдігіне барып, бес жігіттің босатылуын талап етті.

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Алматы облысының әкімі Амандық Баталовпен кездесеміз деп келген халықпен әкімнің өзі емес, орынбасары кездесті. Ол жиналғандардың талабын мұқият тыңдады.

«Олар не үшін ұрды? Олар ұлттың, қазақтың намысын қорғады. Мәселе осыдан шықты. Бесеуі бұзақы, қылмыскер емес. Мына келіп отырған адамдардың ой-пікірі сол», - дейді қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбай.

Ал жиналғандардың талабын тыңдаған әкімнің орынбасары «заң алдында бәрі бірдей» деп, сөзін нақты қайырды.

«Намысты қорғау үшін заңды бұзудың қажеті жоқ. Заң шеңберінде қорғау жүрейік», - дейді облыс әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ, әкімнің орынбасары қытайлық Citic Construction компаниясында бірден тексеріс жүргізіліп, 68 қытайлық азаматтың заңсыз жұмыс істегені анықталғанын жеткізді. Жалпы, компанияда 1 400-ден аса жұмысшы істесе, оның 134-і қытайлық азамат екен. 

Қытай азаматтарын ұрды деген күдікпен ұсталған 5 жігіттің тағдырына алаңдаған қоғам белсенділері енді қорғаушы жалдап, қамауда отырғандардың тағдырына араласу мәселесін көтермек ниетте. Халық тергеу барысында күдіктілерге қатысты асыра сілтеушілік болмасын, 5 жігіттің мұндай қадамға барғанын жан-жақты зерделесін деп отыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін Алматы облысында жұмысшылар қақтығысы болған еді. Болған қақтығыстан кейін Алматы облыстық полиция департаментінің басшысы Мұрат Үрімханов бірден оқиға орнына барып, істің мән-жайын анықтаған. Полиция мәліметінше, Мұрат Үрімханов кәсіпорын басшылығымен және қызметкерлерімен кездесіп, қақтығыстың одан әрі өршуіне жол берілмеуі және кез келген заңсыз әрекеттерді жасау туралы түсіндірме әңгіме өткізген. 

Сот Қытай азаматтарын ұрды деген күдікпен ұсталған 5 азаматты екі айға қамау туралы санкция шығарды.

Талқылау