Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

WhatsApp топтарын құрып, қазақстандықтарды 3 миллиард теңгеге алдаған әйелге қатысты сот үкімі өзгертілді

Маңғыстаулық әйел WhatsApp топтар құрып, онда тұрмыстық техникаларды арзан бағада сататынын айтып, жарнамалаған. Төрт топты құрған әйел де, онда әкімші қылып тағайындаған танысы да алаяқтығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотталды. Алайда прокурор қылмыскерлердің үкімін өзгертуді сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Прокурор бірінші сатыдағы соттың айыпталушыларға қатысты қылмыстық кодекстің 262-бабы бойынша ақтау үкімін негізсіз деп таныды. Сондай-ақ сотталушылардың үкімін өзгертіп, жазасын қатаңдатуын сұрады. Жәбірленуші тарап өз шағымын мемлекеттік айыптаушының өтінішімен дәлелдеп, сотталушылардың жазасын күшейтуді талап етті.

Сотталушылар өз кезегінде соттан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындамауын сұрады. 

20 қыркүйекте апелляциялық сот бірінші сатыдағы сот үкімін өзгертіп, WhatsApp желісіндегі алаяқтық топтарды құрған қылмыскерді "Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оған жетекшілік ету" бабы бойынша кінәлі деп тауып, оны 12 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын өтеу мерзімін 3 жылға созды.

Қылмыскер құрған топта әкімші болған екінші сотталушы "Ұйымдасқан топқа немесе қылмыстық ұйымға қатысу" бабы бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға сотталды. Осылайша оның мекемеде жазасын өтеу мерзімі 4 жылға ұзартылды.

Сотталушының алаяқтық жолмен тапқан ақшасы жәбірленушілерге қайтарылды. 

Прокурордың өтініші мен жәбірленуші тараптың апелляциялық шағымы ішінара қанағаттандырылды. Ал сотталушылар мен олардың адвокаттарының апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады.

Еске салайық, маңғыстаулық әйел WhatsApp топтарын құрып, қазақстандықтарды 2,8 миллиард теңгеге алдап кеткен еді. Сот үкіміне сәйкес, топты құрып, оған жетекшілік еткен айыпталушы 9 жыл 8 айға, оның сыбайласы 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылған еді.

Талқылау