Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Вирустық ауру тараған": Мамандар Каспий теңізіндегі итбалықтардың қырылу себебін айтты

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметі Каспий теңізінің жағалауында итбалықтардың қырылуына вирустық аурудың себеп болғанын айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Итбалықтардың өлу себептерін анықтау үшін комитетке Каспий итбалығын зерттеу және қалпына келтіру орталығының, Гидробиология және экология институтының, Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының, Қазақстандық қолданбалы істер агенттігінің мамандары тартылды.

Жұмыс тобы Каспий итбалықтарының көпшілігінің қырылуының негізгі себебі вируспен байланысты жедел пневмония деген қорытындыға келді. Олар теңіздің қазақстандық бөлігінде жануарлардың күзгі шоғырлануы кезіндегі аралас тұмау мен морбилливирустық инфекция өршіген деп болжады.

"Теңіз жануарлары иммунотоксикалық элементтермен және қосылыстармен созылмалы түрде уланғандықтан иммунитет пен жалпы дене төзімділігі төмендеп, жұқпалы ауруларға бейімділік артқан”, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық бөлімшелері де жағдайды анықтауға атсалысқан.

Гүлсезім Мұхатай
Сәрсенбі, 08 Ақпан, 2023 12:33