Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үйінді астында қалғанша ғұмыр кешеміз": Өскеменде қарт адамдар құлауға шақ қалған үйлерде тұрып жатыр

Жұрт ол жақты Гавань деп атап, жекеменшік үйлер көптеп орын тепкен ықшам аудан ретінде көреді. Өскеменнен тым шеткері орналаспаса да, ескі үйлері бар аумақ қазір кез келген өзгеріс пен жаңашылдықты қуана қабылдайтындай. Гвардейский көшесіндегі 16, 18, 20 және 24 деген реттілікке ие екіқабатты үйлер жайлылық пен жылылықтан толықтай айырылған. Тұрғындар даладағы әжетханаға барып, төбе құлап кете ме деп үйлеріндегі пешін жағып келеді. Stan.kz тілшісі жағдаймен толығырақ танысып қайтты. 

Төбенің бір бөлігі түнде опырылып түсті

Гаваньда талай жылдан бері тұрып жатқан Александр Гофман сонау 1940 жылы бой көтерген баспана қирап тұрса да, қимайтынын айтты. Негізі бұл жақта тозығы жетіп, жапсарлас орналасқан төрт үй бар. Төртеуі де сырт көзге жұпыны көрініп, қатты жел мен қарғын су қыспаққа алса құлауға шақ. Құрылыстың қасбеттерінен жарықшақтар көрінеді, ал шатырдағы тесіктен аспанға көз тігуде болады.

"Қарттықты бірге қарсы алған жұбайыммен әрнені әңгіме етіп, алаңсыз жатқан едік. Мезгіл түн. Кенет гүрс етіп төбенің бір бөлігі опырылып түсті. Қайта бұрын спортпен айналысқаным көрім болды. Аунап үлгеріп, бірден төсек астына тығылдым. Ал кемпірім күні бүгінге дейін ақсаңдап жүр", – деді Александр Клементьевич.

Осыны айтып тұрғанда қарияның көршісі аулаға шығып, апта сайын бір оқыс жағдай болатынын айтты. "Жаңа Қазақстан" деп жар салып жатқанда, өркениеттен алшақтап қалғандарын әзілдеп жеткізді де, сәлден соң жүзіндегі күлкі сап тыйылды. №16 үйдің жетекшісі Марина Алексееваның сөзінше, тұрғындар айтқан әзіл сөздің астары жанды жабырқатар шындықпен астасып жатыр. 

"Баспанамыздың жанында бұрын ағаш үйлер де болды. Олардың жағдайы қазіргі екі қабатты үйлерден де нашар. Соны бұзып, адамдарын көшіргенде "енді кірпіш үйде тұрасыздар" деп айтылған еді. Кейін бізді ұмытып кетті. Бір әжеміздің "жағдайы тәуірлеу басқа ағаш үйді паналасақ дұрыс еді" дегені бар. Ал көпті көшірген кірпіш үйдің сыйқы мынау", – деді ол.

Үйдің жағдайына шыр-пыр болған әйел шатыр астындағы дымқыл тартқан арқалықты (балка) нұсқап, қабырғаны бойлай аққан суды жығылған үстіне жұдырық болды деді. Шатырдағы тесік бүтін үйдің қирауының негізгі себебі сияқты. Өзінің танысына келген Айнаш есімді тұрғын қорқынышпен өмір сүріп жатқан жұрттың шатырды өз күштерімен бітемек болғандарын бірнеше рет көріпті.

"Жарық көрінген жерлерді құрылыста пайдаланылатын көпіршікпен бітейді. Шипырларды жылжытып, төбеден сорғалап су аққанда тегештер қойып жатады. Бірақ мұнымен мәселе шешілмейді ғой", – деді ол.

Қалада тұрса да, даладағы әжетханаға барады

Аталған үйлердің біріндегі кірберіс төбесінің еріген қар суына толғаны сонша, көрген адамға ісініп, құлағалы тұрғаны анық байқалады. Соның астымен адамдар сағат сайын өтсе, ойын қызығына батқан балақайлар қауіптің барын кейде ұмытып та кетеді. Жұрт уақыт сырғып өтіп, бейқамдық жалғасқан сайын әлдебір қатер келе жатқанын топшылап отыр. 

Жаңбыр мен қар суына шыдас бере алмайтын шатыр Гвардейский көшесі үйлеріндегі жалғыз мәселе емес. Мұнда орталықтандырылған жылыту қарастырылмаған. Сол себепті шелегін көмірге толтырған тұрғындар пеш жағып, электр жылытқыштарды пайдалануға мәжбүр. Үйде пеш болғандықтан қабырға мен балконнан шығып тұратын мұржа түтіні де кей адамдардың тынысын тарылтып жібереді. Отын алуға қаражаты жетпегендері жылынудың түрлі әдістерін іздестірген. 

"Көбінің радиатор арқылы жылынуға мүмкіндігі жоқ. Қымбатқа шығады. Бұдан бөлек, барлық үйге теплофондарды қосып қойса, сым балқып, жарықсыз қалуымыз мүмкін", – деді Арғын есімді тұрғын.

Тіпті жұмысқа барарда үйге от жағып, екі баласын қалдырып жүрген ата-аналардың бірі қайтып келгенше түтін қайтып, болмаса өрт шыға ма деп қатты алаңдайтынын жеткізді.

Келеңсіздіктер мұнымен аяқталмайды. 70 жылдан астам уақыт бұрын салынған екі қабатты үйлер орналасқан аула көлік базарымен қиылысады. Тұрғындардың отын-көмір жинайтын орны, аядай бақшасы және ағаш әжетханалар сол жақта. 

"Көбі қалада тұрса да даладағы әжетханаға барады. Күнделікті күйбең мен жұмыстан кейін жақсылап жуынатын жер де жоқ. Кейбірі монша салған, тағы бірі жақындарына хабарласып жатады. Таныс ешкімін жоқ болса, беті-қолын үйінді қарға жуа ма?”, – деді Марина Алексеева.

– Кәріз жүйесін жақында ғана орнатты. Амалын тапқандар бөлмелеріне әжетхана мен душ орнатты. Егер бәрі осылай жасаса, жүктемеге шыдамаған кәріз жүйесі жарылып, жағымсыз иістің қолқаны қабатындығына күмән жоқ.

Үйдің шатырын жөндеуге үш миллион теңге керек

Анығы сол, кетеуі кеткен үйде тұрып жатқандардың дені – қарт адамдар. Осы ретте №16 үйдің тұрғындары тиісті мамандарды шақырып, шатырды жөндетудің бағасы қанша болатынын сұраған. Олар үш миллион теңге депті. Бұл жерде кейбірінің тыныштау аумақ болған соң осы жаққа арнайы көшіп келгенін ескерген жөн. Қысқасы, мана айтылған үш миллион теңгені жинау мүмкін емес. 

"Бүгінде ескі үйлерді жөндеу, бұзу және мемлекет тарапынан берілген апаттық жағдайдағы баспана тұрғындарын көшіру бойынша бағдарлама жұмысын тоқтатқан. Өскемен қалалық мәслихатының 2010 жылғы 8 ақпанындағы шешіміне сәйкес бақылауға алынбайды", – деді қалалық тұрғын үй қатынас бөліміндегілер.

Ресми мәліметке сүйенсек, осы бағдарлама аясында 2008 жылы Гастелло 4, Свинцовая 3,5,7, Зыряновская 12,14 көшелеріндегі алты үйді бұзып, орнын тегістеген. Еліміздің "Тұрғын үй қатынастары" туралы заңында жалғыз баспанасы апатты деп танылса, мемлекеттік қор тарапынан үй алу мүмкіндігіне ие деп жазылғаны бар. Бірақ Гвардейский көшесінің тұрғындары мүмкіндігі шектеулі, жетім немесе "Алтын алқа", "Күміс алқа" сияқты ерекше санаттардан тыс, жалпы кезекте тұрған соң бұған үміттенбейтін де сияқты. Себебі қала бойынша жалпы кезекте тұрған адамдар саны 13 мыңнан асады.

"Біз ешкімге керек емеспіз”, – дейді Күләш Рамазанова көрші-қолаң айтқан шағымды түйіндеп. Мұндай жағдайда қала ма, ауыл ма – жібі түзу баспана болмаса, күн кешу қиын дейді ол.

Әділхан ЕСІМХАНОВ
 

STAN.KZ
Жұма, 10 Ақпан, 2023 10:50