Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үй салып берсін не ақшасын берсін": Арыс тұрғындарының талабы қандай

Бүгін Арыс тұрғындары үйлеріне қайта орала бастады. Бұған дейін көрші аудандар мен Шымкенттегі эвакуациялық орталықтарды уақытша паналап келген мыңдаған адам таңертеңнен бері біртіндеп баспаналарына кіріп жатыр.

Олар үшін 100-ге жуық автобус пен қоғамдық көліктер арнайы бөлінген. Әзірге қалада ауыз су мен электр энергиясы берілгенімен, азық-түлік дүкендері уақытша жабық тұр. Жұрт бүгінгі тамағын өздерімен бірге алып келуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Шымкенттегі эвакуациялық орталықта төрт күн түнеген Ілиясовтар отбасы бүгін өз үйіне оралуда. Әзірге шаңыраққа Гүлсінай апаның үлкен ұлы мен екі немересі ғана келді. Кешегі жарылыстан олардың баспанасы кәдімгідей бүлініпті. Есік-терезелері қирап, қабырғалары сөгілген. Бірақ кейуана ет жақындарының аман қалғанына шүкіршілік етіп отыр.

“Халқым бар екен, елім бар екен айналайын қорғайтын, сөзімізді сөйлейтін. Бәріне ризашылығымыз зор. Құдай қаласа ендігі жерде мұндай болмасын. Осы жерде өсіп өнейік әйтеуір Арысымызда”, - дейді Арыс тұрғыны Гүлсінай Ілиясова.  

Зейнеткер Жебел Достанов та көпшіліктен қалмай ұлы екеуі бүгін туған үйіне оралды. Айнала аласапыран болып жатқан сәтте, үйден бірдеңе алмақ түгілі қорадағы қойларға да қарауға мұршамыз болмады дейді. Құдай жарылқап құтқарушылар төрт түлікті есік алдына шығарып жіберген екен. Барлығы дін аман. Ал, жанұяның мүшелері әзірге Шымкентте көрінеді.  

“Өзіміздің топырағымызға, жерімізге келгенімізге қуанып жатырмыз. Халқымыз қуанып жатыр. Бір-бірін құшақтасып жатыр. Өте жақсы күйде болдық. Рахмет халыққа”, - дейді тұрғын Жебел Достанов.  

Жарылыстан Жұмабек Бердімұратовтың баспанасы қатты бүлінген. Снарядтың бірі оның үйін күл-талқан еткен. Құдай сақтап, отбасының мүшелері қашып үлгерген екен.  

Арыста алғаш жарылыс болған сәтте снаряд міне осы үйге келіп түскен. Қабырғаны тесіп өтіп, міне, мына бөлмеде жарылған. Салдарынан дүние-мүлік, жиһаз, яғни, үйдің өзі күл-талқаны шыққан. Қазір оқиға орнында снарядтың мына секілді жарықшақтары жатыр.

“Тесіп кірген ғой. Снарядтың біреуін осы жерден таптым. Биліктен енді маған осындай үй салып берсе, дәл өзімнің үйімдей. Егер салмаймын десе, орнына ақшасын берсін. Одан басқа ешқандай талабым жоқ”, - дейді тұрғын Жұмабек Бердімұратов.  

Талқылау