Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үшемнің анасы: "Мемлекеттен ешқандай көмек жоқ"

Әлима, Әмина және Хадиша есімді үшемнің анасы Ақбота Аңдасбаева өзін толғандырған өзекті мәселені ашық айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.

 
Алматы қаласының тұрғыны Ақбота Аңдасбаеваның өзі де егіздің сыңары екен. Ол осыдан үш жыл бұрын үш қызды бір-ақ күнде өмірге әкелген. Талай қиындықты бастан өткерген келіншектің айтуынша, Қазақстанда үшемге ешқандай көмек көрсетілмейді.    

"Өкінішке қарай, жоқ, мемлекеттен көмек берілмейді. Мен осы сұрақты көтергім келеді. Мысалы, біз тамақ, жөргек, баспана жағынан қиыншылық көрмедік. Бірақ үшемді асырап жатқан қаншама ата-ана мен жалғызбасты аналар бар. Сәбилерге арналған тамақ, жөргектер өте қымбат. Сол жағынан мемлекет тарапынан көмек болса екен деп ойлаймын. Бұл сұрақты болашақта көтеріп, интернет желісінде жазғым келеді. Бұл – менің арманым", – дейді үшемнің анасы. 


Сондай-ақ Ақбота Аңдасбаева бұл сұхбатында үшемнің айлық шығынында жіпке тізіп берді. 

"Өте қатты байқалады. Кейде бір затты алсаң арзан сияқты да, ал үшеуіне алған кезде көп ақша шығады. Мысалы, үшемнің кішкентай кезінде шығын өте көп болатын. Кішкентай кезде жейтін тамағын 100 мың теңге, жөргегі 100 мың теңге, ай сайын киімдері 50 мың теңге және бала күтушіге төлейміз. Өте қатты шығындалатынбыз. Сол кезде жалғызбасты үшемдердің анасына жаным ашитын, соларды ойлайтынмын. Қазір аяқ киімді қоспағанда бір киер киімінің өзіне 60 мың теңге кетеді", – дейді Ақбота Аңдасбаева.


Үшемді өмірге әкелген ана араға екі жылға жуық уақыт салып төртінші қызды өмірге әкелген. Бүгінде Ақбота мен отағасы енді ұлды болсақ деп отыр.   

"Ұлды болу менің арманым сияқты. Жолдасым "қыздарым жетеді" деп айтады. Бірақ әр баланы туғанда да ойланып туу керек. Әрбір балаға жауапкершілік бар. Демографияны ұлғайтамын деп, туа берген де болмас. Сол себептен бірінші жақсылап аяққа тұрып алайық. Қыздың шығыны көп. Қыз бала таршылық көрмей өсу керек. Бастан аяқ барын алып беріп,  болашақта білімін беру керек. Сондықтан қазір емес, алдағы жылдары ұлды болармыз", – дейді көпбалалы ана.  


Төрт қызға өмір сыйлаған Ақбота Аңдасбаева жас аналарға да өзінің ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісті. 
Видео сұхбаттың толық нұсқасын Stan.kz Youtube арнасынан көріңіз. 

 

Талқылау