"Үш жылдан бері өзгеріс жоқ": 90-жылдары үйлерін тастап кеткен тұрғындар баспаналарын қалпына келтіре алмай жүр
Ақмола облысының Степногорск қаласында жүзге жуық отбасы үйлеріне кіре алмай жүр. Тұрғындардың айтуынша, 90-жылдары толықтай коммуникациядан ажыратылған пәтерлерден көшуге тура келген. Содан бері пәтерлердің есік-терезесі тоналып, қаңырап бос қалған. Ал 2012 жылы меншік иелері жиналып, тұрғын үйді "модернизациядан өткізу бағдарламасы" аясында қайта жөндетпек болыпты. Алайда көп ұзамай заң өзгеріп, кешенді бағдарламаға ілікпей қалған. Енді тұрғындар пәтерлерге тым болмаса жарық пен су тартып берсе дейді. Ал қалған жөндеу жұмыстарын өз қаржыларына жүргізуге дайын екен деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.

Степногорсктегі 171 пәтерлі баспананың есік-терезелері қирап, қабырғалары құлауға шақ тұр. Дегенмен 1990-жылдары көшуге мәжбүр болған пәтер иелері үйлеріне қайта оралғысы келеді. Бірақ бұл үшін шенділердің әрекет етпей отырғанына наразы. Айтуларынша, 2014 жылы үйлерін "модернизациядан өткізу бағдарламасы" аясында қайта жөндетпек болыпты. Бірақ бағдарламаны қолға алған "Степногорск ЕРЦ" бірыңғай операторы көрші шағынаудандағы үш үйді қалыпқа келтірген соң, орта жолда жұмысын тоқтатқан.
“Үй орналасқан аудан тамаша. Емхана, балабақша, мектеп, балалар ойнайтын алаңдары барлығы бар. Асфальт төселген, көшеде жарық та бар. Қаланың қақ ортасындағы осындай әдемі үйді әкімдік неге қалпына келтіре алмай отыр?” – дейді Степногорск қаласының тұрғыны Әлімхан Қатаев.
“Үйді қалпына келтіреді дегенге 10 жылдың жүзі болды. Бірақ содан бері еш өзгеріс жоқ. 2019 жылы үй қайтадан қалпына келтіру бойынша мемлекеттік бағдарламаға іліккен еді. Міне, тағы үш жыл өтті, бірақ өзгеріс жоқ. Бізге көмек берсе дейміз”, – деп қосты Василий Либ.
Әкімдік өкілдерінің сөзінше, көпқабатты үйді жөндеу үшін 2019 жылы жобалық-сметалық құжат дайындап, тиісті сараптамалар жасатқан көрінеді. Бірақ бүгінде, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп беруге ниетті компания таппай отыр екен.
“Бірыңғай оператор болмағандықтан, жөндеу жұмыстары басталмады. Бірыңғай оператор мемлекеттік кәсіпорын иесі болуы керек. Қазір бұл мәселе облыс деңгейінде қаралуда”, – деп мәлімдеді Степногорск қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Мұқатов.
Ақмола облыстық әкімдігі бұл мәселеден хабардар екен. Олар да жөндеуді қолға алатын бірыңғай оператор іздеп жатқанын мәлімдеді.
“Бүгінгі күні шешім ретінде бірнеше ұсыныстар бар. Қазір өз тарапымыздан сол ұсыныстарды әкімшілікке бергенбіз. Облыста барлығы 6-7 оператор бар. Соның жартысы жұмыс істеп жатыр. Өңірлерге 1 операторды региональный етіп тағайындау үшін шешім керек”, – деді Ақмола облысы Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Болат Мейрамов.
Тұрғындар тоғыз қабатты үйді өздері-ақ қалыпқа келтіруге дайын. Тек әкімдік коммуникация жүргізіп, жарығын орнатып бергенін қалайды.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік