Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үлкен жолдар ханшайымы: АҚШ-қа арман қуып кеткен ақтаулық бойжеткен дальнобойщик жұмысын таңдады

"АҚШ-та өзімді еркін сезінемін, бұл - мүмкіндіктер елі" дейді мұхиттың арғы жағына арман қуып көшіп кеткен ақтаулық Арайлым. Ол қалай дальнобойщик болғанын және бөтен елде көрген қиындықтарымен Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісімен бөлісті. Ол Америкаға Work and Travel бағдарламасы арқылы келген. 8 жыл бұрын келген ол америкалықтар баспанадан бастап, астына мінген көлігіне дейін несиеге алады дейді.

–    Арайлым ханым, сіздің инстаграм-парақшаңызды көргенде өмір сүруге деген құштарлық арта түседі екен. Америка еліндегі күніңіз қалай өтіп жатыр?

–    Өмірге ғашық адаммын! Сол себептен де әр арайлап атқан таңымды, күнімді тек қуанышпен және қызықтармен өткізуге тырысамын. Иә, АҚШ-та  тұрамын. Бірақ қарапайым адамдардан ерекше өмір сүріп жатқан жоқпын. Шынымды айтсам, өмірімнің 3/4 бөлігі жолда өтеді. Ал қалған бос уақытымды алдын ала жоспарлап қоямын. Өмірдегі тәжірибемнен, әсіресе АҚШ-та уақытты дұрыс, әрі тиянақты пайдалану маңызды екенін ұқтым. Мысалы, менде алдағы бір жылғы уақыттың әрбір айы толық жоспарланған. Америкаға жаңадан келіп, алғашқы табысымды таба бастағанда «Бұл жақта ақша көп екен ғой»  деп ойлайтынмын. Әр уақытта долларларымды теңгемен салыстырып қарайтын едім. Қарапайым америкалықтардың тұрмыс-тіршілігіне қарап олар неге бай тұрмайтынын түсінбейтінмін. Неге сәнді көліктер мінбейтінін, неге бренд киім кимейтіндеріне қарап таңқалатынмын. Кейін осы жақта өмір сүре келе Америка мен ойлағандай қарапайым емес екенін түсіндім. Мұнда жалға алу қымбат, бәріне сақтандыру бар. Барлығының басында несие бар және салық төлейді. Неғұрлым көп ақша тапсаңыз, соғұрлым көп төлейсіз.

–    Өзіңізді АҚШ-қа көшіп барып, үлкен көлікті тізгіндеген еңбекқор ретінде таныдық, білдік. Жалпы Америкаға көшу идеясы алғаш қай кезде келді? Неліктен шетелге көшуді ұйғардыңыз?

–    Бәрі бір мойынға тағатын орамалдан (шарф) басталды. Бір дос қызымның мойнындағы шарфына көзім түсіп, соны ұнатып қалдым. Қайдан алғанын сұрағанымда, құрбысының сыйлыққа Америкадан алып келгенін айтты. Сол кезде "Америкаға баруға болады екен ғой" деп ойладым. Сөйтіп Америкаға кетуге бел будым. Өзім бірнәрсені ұзақ ойлағанды ұнатпаймын, шешім қабылдасам, тез жасауға тырысамын. Мен де Америкаға арман қуып келдім. Бұл жақта мүмкіндіктің көп екені мені өзіне тартты.

–    Америка алғаш сізді қалай қарсы алды? Қандай қиыншылықтарға жолықтыңыз?

–    Алғашқы жылдары тіл жағынан қиын болды маған. Жат ел, бөтен мемлекет, тілі басқа, заңы, құжаттары - бәрі таңсық. Қайсібірін айтайын, біраз қиындықтарды басымнан өткіздім. Бірақ оның бәрінің өз орны бар. Сол көрген қиындықтардың нәтижесінде үйренерімді үйреніп, керек болмағанын алып тастадым. Оны қазір керемет тәжірибе мүмкіндігі ретінде көремін. Дүкенде сатушы, аспазшының көмекшісі, қонақүйде еден жуушы да болып жұмыс істедім. 16 сағат жұмыс істедім. Бір күнде екі жұмысты қатар алаып істейтінмін. 

–    Ал қазір үлкен ауыр көлікті жүргізесіз. Әйел заты табиғатынан нәзік жандымыз ғой. Қиын емес пе?

–    40 тонна жүкпен өрден түсу және тежегіш күйіп қалмас үшін көлікті дұрыс тоқтата білу – мен үшін ең қиыны болды. Кейде көліктің биіктігі төмен көпірлердің астына өтуге мүмкіндік бермейді. Оны әрдайым ескеріп, дұрыс бағытты таңдау керек. Жүк көліктеріне барлық трасса жолдармен жүруге болмайды. Толық жүктемемен жүруге тыйым салынған жолдар бар, белгілерге назар аударуыңыз керек. Жолда полиция қызметкерлері жиі кездеседі. Егер бірнәрсе күдік тудырса, олар тоқтатып, қарауы мүмкін. Бірақ көбінесе жүк көліктері өздері тоқтайды. Жолдарда көліктің салмағын тексеру станциялары бар, онда біз трактың қаншалықты жүктелгенін тексереміз. Мен 40 тоннадан артық жүк ала алмаймын. Қайта барлық тексерулерден қауіпсіз, артықшылықсыз өтемін. Тексерулердің үш санаты бар, егер сіз оларды сәтті өткізсеңіз, компания сізге бонустар төлейді. Жалпы өз жұмысымды ұнатамын, толық еркіндікті сезінемін және өз-өзіме бастықпын. Жолда уақыт тез өтеді, оны босқа өткізбеуге тырысамын. Жол бойы аудиокітаптарды, тренингтерді, аффирмацияларды, мантраларды немесе сүйікті әндерімді тыңдаймын.

–    Бір сұхбатыңызда «Америкада ауруға болмайды. Өйткені медицина қымбат» деп айтқан екенсіз. Ол жақтың медицинасы туралы толығырақ айтып өтесіз бе? 

–    Қызмет көрсету сапасы жоғары деңгейде. Алайда өте қымбат. Мысалы, терапевт дәрігерге бір тек қаралғаныма – 250$, қан қорытындысы – 280$, УЗИ – 500$-дан жоғары кетті. Медициналық сақтандыру болмаса, осы көлемде ақша кетеді. Ал дәрі-дәрмек дәріханаларда тек дәрігердің нұсқау қағазы бойынша ғана сатылады. Бұл жағынан қатал. Мәселен, ине, антибиотиктерді өзіңіз барып ала алмайсыз. 

–    Қазіргі кезде көптеген жастар Америкаға барып, жұмыс істегісі келеді. Оларға қандай кеңес берер едіңіз?

–    Ағылшын тілін үйренуге және заманға сай мамандық игерулеріне кеңес беремін. Ізденуден жалықпасын. Қазіргі кезде дамып кеткен IT саласын меңгеріп алса керемет болар еді. Өйткені үйде отырып та басқа мемлекеттермен жұмыс істеуге болады. 

–    Америка халқы қандай? Отбасы, бала тәрбиесіне келгенде бізден асып түсетін тұстары көп пе?
–    Халқы әрдайым ашық, күліп жүреді. «Қайырлы таң және қайырлы түн, кешірерсіз, күніңіз күшті өтсін» деп бір-біріне ілтипат білдіріп отырады. Осы тұсы ұнайды. Америкалықтар ереже мен заңдарды толық сақтайды. Тәртіптің күшті болуы да осының әсері шығар. Ал отбасында балаға ешкім дауыс көтеріп, айғайламайды. Олармен үлкен кісілер сияқты сөйлеседі. Бәрін жәймен айтып түсіндіреді. Америкада баланы ұры, қол жұмсау – қатты жазаланады! 


Сұхбаттасқан Анар Дәукен

Талқылау